Accessibility links

Гуантанамо базасында балалары қамалып жатқан аналар олардың Ресейге қайтарылуынан айрықша қорқуда.


Кубадағы Гуантанамо базасында қамауда жатқан балаларының Ресей сотына тапсырылуынан қорыққан олардың аналары АҚШ өкіметіне өтініштерін жеткізуге тырысуда.

Ауғанстанда қолға түсіп, террорлық әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен қазіргі кезде АҚШ-тың Гуантанамо әскери теңіз базасында қамауда жатқан 600 адамның ішінде сегіз ресейлік азаматтар да бар.

Олар- башқұртстандық Шәміл Хаджиев пен Равил Ғұмаров, Кабардино-Балқардан Расул Құдаев және Руслан Одигов, сондай-ақ татарстандық Равил Мингазов пен Айрат Вахитов, сонымен бірге челябинскілік Рустам Акмеров және Тюмен облысынан Тимур Ишмурадовтар. Ресми Мәскеу олардың өздеріне қайтарылуына барынша қол жеткізуге тырысуда.

Аталған азаматтардың Ресейге қайтарылуын ақылдасу үшін Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Вячеслав Трубников Уашингтонда болған еді.

Бұл екі аралықта Азаттық радиосындағы Солтүстік Кавказ бөлімінің қызметкерлері тұтқында жатқан екі жігіттің аналарымен сөйлескен болатын. Олардың бірі- Айрат Вахитовтың анасы- Әмина Хасанова. Айрат Татарстанда дүниеге келген екен. Есейгеннен кейін елдегі мешіт имамы болады. Анасының сөзіне қарағанда, 1999-шы жылы ол Шешенстанға Ислам дінін одан әрі оқып- үйрену үшін барған. Сол жерде Айратты шешен жауынгерлері орыстың тыңшысы деп ойлап қамауға алады. Бірнеше айлардан кейін қамаудан босанып үйіне келген оның соңына енді Ресей қауіпсіздік қызметі өкілдері түсе бастайды.

Содан кейін Айрат Ауғанстанға кетуге мәжбүр болған. Хасанова өз ұлынан хабар-ошарды өткен жылдың қарашасында ғана алғандығын айтуда. Әлгі хатында баласы Гуантанамодағы жағдайларының жаман еместігін, онда оларға дұрыс қарап жатқандығын, сондықтан да бұл жердегі жағдайдың Ресейдің ең алдыңғы қатарлы демалыс үйінен де артық екендігін жазған екен.

Айрат Вахитов сондай-ақ қасында бірге қамауда жатқан жолдастарының оған дос көңілмен қарайтындығын, өзара қасиетті Құранның ксеро көшірмелерін таратып оқып, намазды да бірге оқитындықтарын жазған екен. Баласын Ресей ресми өкілдерінің орыс жеріне қайтарып алғысы келетіні жөніндегі жағдайды ойласа өзінің аза бойының қаза болатындығын Азаттық радиосының тілшісіне баяндап, көзіне жас та іркіп алды.

“Оның Ресейге қайтарылып, Ресей сотына тартылуы мүмкін екендігінен қатты қорқамын. Бұл сұмдық жағдай болар еді. Бұл жерде маған да, басқа да мұсылмандарға да өте қиын. Бұл жерде сұмдық. Ресей түрмелеріндегі кез-келген жағдайдан қатты қорқамын. Ресейде түрмеге отырғызылғаннан гөрі оның сол жерде қалғаны жақсы болар еді” -, деді Хасанова ханым өз баласының тағдырына орай.

Нина Адижева болса- Расул Құдаевтің анасы. Оның айтуынша, баласы Мұсылман ретіндегі әрбір қадамына орай өз туған жерінде қуғынға ұшырағаннан кейін Ауғанстанға кеткен екен.

“Менің баламды Ресей қолына бермеңіздер деп Құрама Штаттарының өкіметіне өтініш айтқым келеді. Ол Ауғанстанға қыркүйектің 11-інен бұрын кеткен болатын. Терроршы ретінде емес, өз жеріндегі саяси қуғынның құрбаны ретінде. Сондай-ақ мен Европа одағына мүше елдерге де менің балама саяси баспана берулерін өтініп, сөз арнамақшымын. Себебі, ол туған жеріне оралса, оның өмірі үлкен қауіп-қатерде қалады”-, деді Адижева ханым Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Бұл аналардың өтінішіне керісінше, Гуантанамадо балалары қамауда жатқан басқа елдердегі ата-аналар өз ұлдарының сол туған еліне қайтарылуын өтініп, хат жолдауда.

Мысалы, британиялық сондай тұтқынның бірінің анасы Зумрати Жұма баласынан осы жылдың ақпан айынан бері хат алмағандығын айтып, сондай-ақ оны британ жеріне қайткен күнде алдыруларын өтініп, Британия басшыларынан көмек сұраған екен. Осыған орай Британия Бас прокуроры Америкалық өз әріптесімен арнайы сөйлесулер өткізе келіп, өлім жазасына кесілмейтіндер қатарында баласы Фероз Аббастың бар екендігін хабарлап, Жұма ханымды шексіз қуанышқа бөлеген. Ал, Ресейдегі аналар үшін бәрі де керісінше болып тұр.
XS
SM
MD
LG