Accessibility links

2003 жылы жоғары оқу орындарына түскендерге 11 мың 280 грант бөлінеді

  • Мартбек МЕКЕНТАЙҰЛЫ

Тамыздың 6-ы күні Қазақстандағы мемлекеттік білім беру гранттары мен несиелерін тағайындау жөніндегі конкурстық комиссияның жұмысы басталды.

Комиссия тамыздың 10-на дейін республиканың жоғары оқу орындарына тестілеу жүйесімен емтихан тапсырған талапкердің жұмысын тексереді. Биыл 164 мың 934 адам жоғары білім алуға өтініш беріп, соның 161 мың 665 тестілеу емтихандарына қатысыпты. Тестілеу сынағынан сырт қалғандардың көбі кейбір мамандықтарға алдын-ала тапсыратын шығармашылық сынақтардан өте алмағандар екен.

Білім және ғылым министрі Жақсылық Құлекеевтің айтуынша, жоғары оқу орындарына қабылдау науқаны жалпы алғанда сәтті ұйымдастырылған. Биыл талапкерлердің 28 пайызы, яғни, 45 мың 492-сі сынақтан өте алмай қалса, 95 мың 273 талапкер қажетті 40 ұпайдың орнына 100 ұпайдан да көп жинаған. Олардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде емтихан тапсырғандар. Биыл жоғары оқу орнына түскендерге 11 мың 280 грант және 10 мың 155 несие беріледі. Ал сырттай оқитындар үшін бөлінетін грант саны 2 мың 275.
XS
SM
MD
LG