Accessibility links

АҚШ Ирақ қалыпқа түсіп келеді дейді. Шындығында солай ма?

  • Смағұл ЕЛУБАЙ

АҚШ әкімшілігі Ирақ күн өткен сайын қалыпқа түсіп келеді дейді. Ал ирақтықтарды сөйлетер болсаңыз керісінше айтады. Сонда қай ақпаратқа сенуге болады?

Президент Джордж Буш Ирақтағы ірі әскери қимыл аяқталды деп жариалаған мамырдың бірінен бері де 100 күн өтіпті, бірақ, Америка әскерінің шығыны да, қолға түскен Ирақ тұтқындарының саны да азаяр түрі жоқ, көбейген үстіне көбейе түсуде деп жазады Бағдадтан Франс Пресс. Мысалы, сәрсенбі күні Америка әскері Тикрит қаласында Саддамға адал 18 кісіні тұтқындады.

Сол күні бір қарулы ирақтық оққа ұшты. Оның алдында Саддам Хусейннің екі баласы өлтірілгені аян. Құрама Штаттарының қорғаныс министрі Доналд Рамсфелд болса соңғы апталардағы тінтулер барасында 100-ден астам ирақтық тұтқындалды дейді. Рамсфелд Ирақтың қалыпқа келуінің дәлелі ретінде Басқарушы Кеңесін айтады, университеттердің, ауруханалардың қайта ашыла бастауын айтады. Сондай-ақ, Рамсфелд Ирақ мұнайының әлем базарына қайта шыға бастауын, Ирақ полициясы мен әскерінің қайта қызметке оралуын мақтанышпен тілге тиек етеді:

"Осы жетістіктің қай –қайсысы болмасын; саяси, азаматтық немесе әскери жетістіктер Ирақтың тирандық режимнен еркін де азаматтық қоғамға өте бастауы. Сол әлдекімдерге ұнамай отыр."

Жуырда Ирақта болып Америка әскерін аралап көрген біріккен штаб басшысы генерал Ричард Маиерс Америка әскері туралы:

"Олар адам айтса сенгісіз жұмыстар атқарып жатыр.Қауіпсіз де тұрақты Ирақтың негізін қалап жатыр," - деген еді.

Ал, Ирақтағы шындыққа шындап назар аударар болсақ, Ирақта бұл елдегі шетел әскеріне қарсы қарулы әрекеттердің тоқтамай отырғанын көреміз. Осы апта ішінде Ирақта АҚШ қорғаныс министрінің бір қызметкері қастандықпен өлтірілді. Фалуджа қаласында 3 америка солдаты, 3 ирақ полициясы граната шабуылынан мерт болды. Соғыс аяқталды деген мамырдың 1-нен бері ұзынсаны 53 америка жауынгері оққа ұшқан, 57 –сі әртүрлі жағдайда опат болған.

Құрама Штаттары биыл Ирақты қайта қалыпқа келтіруге 7 миллиард доллар жұмсаймыз дейді. Сөйте тұра Ақ Үй алдағы 2004 жыл қаражатын әлі есептей алмай отыр. Сенат болса алдағы жылғы Ақ Үй шығындарын аямай қысқартамыз деп кәр төгуде.

БҰҰ-ның Ирақ бойынша өкілі Рамиро Лопез да Силваның есеп-хисабы бойынша Ирақты қалыпқа келтіруге 2004 жылы кем дегенде 20 миллиард доллар қажет. Ирақтың мұнай сатудан тусетін табысы алдағы жылы 15 миллиард доллар болады дейді. Жетпеген жыртық-тесікті халықаралық көмек себінен толтыру керек дейді аталмыш өкіл.

Ирақта жүргізілген сауалнама нәтижесіне қарасақ Саддам Хусейн режимі әлдеқашан құлатылса да бұл елдегі билікті қолға алған коалициялық басқаруға ирақтықтардың сенбейтіні анық болып отыр. Дәлірек айтқанда сауалнамаға қатысқан 2600 ирақтықтардың денінің бұл билік Ирақты жарылқайды дегенге сенбейтіні айқын болды.

Коалициялық билікке сауалнамаға қатысқандардың небары тек 32 пайызы ғана сенім артқан. Халықтың қалған 70 пайызы бұл жаңа билік жарылқайды дегенге сенбейді. Ирақтықтардың дені , сондай-ақ, Американың Ирақты басып алып отыруына қарсы. Соның салдарынан тәртіпсіздік, заңсыздық етек алды дейді. Аутокөлігін ұрлатып алған Хашам Абуд Моши дейтін таксист:

"Бүгінде қарақшылардың құдайы беріп тұр. Мылтығын бетіңе тақап қойып адамды тонай беру әдетке айналды" - дейді.
XS
SM
MD
LG