Accessibility links

Ирак полициясы бұрынғы биліктегі маңызды тұлға болған адамның бауырын ұстады.

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Ирактың бұрынғы өкіметінде маңызды қызметте болған адамның бауырын Ирак полициясы ұстап, Америка әскерилерінің қолына табыс етті.

Саддам Хусейннің кезіндегі жеке қорғаушысы болған әріптесі Аднан Абдулла Абид әл-Муслиттің бауырын Ирак полициясы шілденің 29-ы күні ұстап, Америка әскерилерінің қолына табыс етті. Бұл ұсталған адам Саддам Хусейіннің қазіргі тығылған жерін білуі мүмкін, - деген сенімде отыр АҚШ әскерилері.

Лейтенант-полковник Стив Раселдің сөзіне қарағанда, үйінен табылған жеке құжаттар және көптеген азаматтардың берген мәліметтері бойынша Саддам Хусейннің жасырынып жатқан жерін табуға болады. Граната атқыш зымыранмен қаруланған бір адам Тикрит орталығында коалиция әскерилерінің нысанасына ілікті. Бұдан былай да аталған қарумен жарақтанған кез-келген адамды осылайша жер жастандырамыз-, дейді коалиция әскерилері. Сәрсенбі күні Мосул қаласында АҚШ солдаты өзі күзетіп тұрған үйдің құлауы кесірінен соның астында қалған, - дейді Ассошиейтед пресс ақпарат агенттігі.

Дей тұрғанмен Америка әскерилері келер апталарда Ирактың азаматтық қорғаныс күштерін арнайы дайындықтан өткізуді жоспарлап отырғандығын айтуда. Бұл күштер арнайы дайындықтардан өту барысында ел өміріндегі аса маңызды өкімет ғимараттарын, көпір, базар сияқты тағы да басқа жерлерді шабуылдардан күзету, сондай-ақ АҚШ күштері мен елдің қарапайым азаматтарын шабуылшылардан жедел түрде қорғауға машықтанатын болады. Алғашқы сәтте 35 адам осындай әзірліктен өткізіліп, олар Ирак Қорғаныс күштерінің негізін салмақшы. Бірнеше апталарға созылатын осындай әзірліктерден кейін әлгі жасақтар Калашников автоматымен жарақтандырылып, АҚШ әскерилері Парсы Шығанағындағы алғашқы соғыста киген шоколад түстес арнайы киімдерді, униформаларды киетін болады.

Сондай-ақ АҚШ Орталық жасағының басшысы генерал Джон Абизейд шілденің 22-сі күні жаңа милиция күштерінің жасақталатыны жөнінде хабарлады. Жоспар бойынша, ілкі сәтте 8 батальон құрылмақшы. Оның әрқайсысында 850 адамнан болады. Мұндай әзірліктер Ирактың барлық шалғайларында жүргізілетін сыңайлы.

Дей тұрғанмен, өткен аптада Мосул қаласында, кезінде Саддам Хусейннің сенімді көмекшісі болған Иззат Ибрагим әл-Доуриді ұстау шараларының жүзеге аспай қалғандығын АҚШ әскери өкілдері хабарлады. Әл-Доури Құрама Штаттарының қолға түсіргісі келетін адамдар тізіміндегі 6-шы орында тұр. Әл-Доури мырзаның қызы кезінде Саддам Хусейннің ұлы Ұдайға күйеуге шыққан болатын. Яғни Саддам Хусейннің ол-туған құдасы.

Ал, Қайырда бас қосқан Араб одағы ұйымының өкілдері, АҚШ-тың Ирактағы уақытша азаматтық өкіметі тарапынан құрылған Ирак Кеңесі делегациясының аталған Араб лигасына заңды өкілдер ретінде қатыса алмайтындығын жариялады. Себебі ол кеңестің заңдылығы Араб лигасы тарапынан мойындалған жоқ.

Ең дұрысы - Ирактың жаңа сайланған өкімет құрамын күту, - дейді Араб одағы ұйым өкілдері.

Яғни Араб лигасындағы Ирак еліне арналған 22 орын жаңа өкімет құрамы анықталып, заңды өкілдері айқындалғанға дейін бос тұратын болады. Ал, Ирак кеңесінің өкілі пікір бойынша, Араб лигасы тарапынан аталған кеңестің заңды құрылым ретінде мойындалмауы Ирактың егеменділігіне барар жолды ұзартып жібермек. Ирак Ислам партиясының өкілі Айад әл-Саммарайдың да пікірінше, бұл тұрғысындағы Араб лигасы, яғни одағының қолдауы Ирак тәуелсіздігіне қайта қол жеткізуде маңызды рөл атқармақшы.
XS
SM
MD
LG