Accessibility links

Алдағы жарты ғасырда Шығыс Европадан Батысқа қарай миллиондаған адам қоныс аудармақ

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Германия банкі жариялаған соңғы ресми деректерге қарағанда, азаматтардың Шығыс Европадан Батысқа қарай бағытталған көші алдағы, кемінде, 50 жылға жалғаспақ.

Осы аптада жарияланған Дойтче Банк зерттеулері нәтижелеріне сенсек, Европа одағына мүше елдер - Германия мен Австрияға алдағы 10-12 жылда Шығыс Европадан жылына кемінде 200 мың адам көшіп өтер екен.

Шамамен 10-11 жылдан кейін ол үдеріс бәсеңсуі мүмкін, бірақ бәрібір ол жалғасып, үстіміздегі ғасырдың алғашқы жартысында жыл сайын, орта есеппен, Европаның Шығысынан Батыс елдерге қарай 75-80 мыңдай адам қоныс аударып отырмақ.

Дойтче банктің қызметкері, зерттеу ауторларының бірі Тобиас Джастың бұл мәселеде өз пікірі бар. - Біздің болжам бойынша, Батыс Европаға, немесе басқа сөзбен айтқанда, өнеркәсібі дамыған Батыс аймаққа қарай көш тасқыны бастала қоймас. Дегенмен, ол көш үдерісі тоқтамай бір қалыпта жалғаса бермек, - дейді экономист.

Әсіресе келесі жылы, ЕвроОдаққа тағы да он мемлекет қосылғанда бұл аймақтағы көші-қон мәселесі одан әрі барынша қыза түспек. Сондықтан, Батыстағы көпшілік ол жаңа мигранттар кесірінен жұмыс орны азайып, айлық-жалақы көлемі төмендеуі мүмкін, деп күдіктенеді.

Сондықтан, ЕвроОдақтың кеңейтілу үдерісі аяқталған кезде, уақтынша болса да, әсіресе, қарапайым жұмысшы қолының келуіне шек қойылғандығы дұрыс деп есептейді.

Экономист Джастың айтуынша, мұндай шектеу, тек қана, құрылыс пен ауыл шаруашылығында істейтін арнайы мамандығы жоқ азаматтарға қатысты. Ал өзгелерге еркіндік берілгені жөн, дейді ол.

Дегенмен, ЕвроОдақ кеңейіп, одан кейін, араға 5-6 жылды салғаннан кейін барлық шектеулер алып тасталатын көрінеді.

Дойтче банк Шығыс пен Батыс елдеріндегі айлық-жалақы деңгейін зерттей келе оның көші-қонға қаншалықты әсер ететін мүмкіндіктеріне назар аударады.

- Азаматтардың өзге елге қоныс аударудан негізгі мақсаты - өз тұрмыс-тіршілік жағдайын жақсарту. Оларға керегі - Батыстағы жоғары жалақы. Сондықтан біз екі аймақтағы , бұрыңғы және соңғы айлық-жалақы айырмашылығын зерттеп анықтап алуымыз қажет, - дейді экономист.

Джаст ЕвроОдаққа Испания мен Португалия қосылғаннан кейінгі кездегі көші-қон жағдайын да салыстырып көрсетеді.

Оның пікірінше, көшіп баратын елдердің географиялық орны, алыс-жақындығы да маңызды нәрсе. Себебі қанша алыс болған сайын шығын да көбейе түспек.

Көші-қон бойынша Халықаралық ұйымның өткен жылғы есептеріне қарағанда, 2020 –жылға дейін Шығыстан Батыс Европа елдеріне 3тен 5 миллионға дейін адам көшіп өтуі мүмкін екен.

Тобиас Джастың айтуынша, ЕвроОдаққа мүше елдердің бәрі Шығыстық мигранттардан қашып құтыла алмайды.

Әсіресе Германияға негізгі салмақ түспек. Бірақ мигранттардың алғашқы көші алдымен ат басын Польшаға тірейді.

Ал ЕвроОдаққа кіргеннен кейін, 2007-2008-жылдарға барып, Польшадағы жағдай Румыния мен Болғарияда қайталанбақ.

Джастың пікірінше, шет елдік иммиграцияның тиімді және тиімсіз жақтары бар.

Дәл қазіргі кезде, ЕвроОдаққа мүше елдердегі демография үшін иммигранттардың келуі дұрыс ықпал жасауы мүмкін. Одан иммигарнттар да ұтпақ.

Бірақ ондай үдерістен, сарапшылардың болжамына қарағанда, Шығыс Европа елдері ұтылуы мүмкін.

- Батыс Европадағы университеттерге қарасаңыз дерлік бәрінде Шығыс Европадан келген аса дарынды, білімді студенттер оқиды. Ал олар оқуды бітіріп, Батыс мемлекеттерде қалатын болса, ол жастар бұл елдерге қаншама пайда келтірмек, ол елдердің өркендеуіне қаншама үлкен үлес қоспақ, - дейді экономист.
XS
SM
MD
LG