Accessibility links

Сергей Дувановтың тағдырын Жоғарғы сот шешеді


Сергей Дувановтың тағдырын, ендігі кезекте Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты шешетін болып отыр.

Кәмелетке толмаған жас қызды зорлады деген айып тағылып, 3,5 жылға бас бостандығынан айырылған Сергей Дувановтың тағдырын, ендігі кезекте Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты шешетін болып отыр. Тамыздың бесінші жұлдызында Сергей Дувановтың қорғаушылары – істі қайта қарау үшін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына арыз түсірген еді. Тамыздың алтыншы жұлдызында Адам құқығын қорғау мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро - Сергей Дувановтың төңірегіндегі жағдайға байланысты мәлімдеме жасаған еді. Аталмыш бюроның директоры Евгений Жовтистің қалада болмағандығына орай, біз ол кісімен хабарласа алмадық. Ал, осы оқиғаға байланысты, белгілі саясаткер Балташ Тұрсұмбаев 7 тамыз күні арнайы «Азаттық» радиосына келіп, өз ойын білдірді.

Балташ Тұрсұмбаев:

«Сергей Дуванов туралы көптен бері «Азаттық» радиостанциясында, басқа да бүұаралық ақпарат құралдарында кейінгі кездері көп айтылып жүр. Осының бәрін алып қарайтын болсақ, егжей-тегжейін жан-жақты байқайтын болсақ, Сергей Дувановтың алып бара жатқан күнәсінің жоқтығы көрініп тұр. Неге, десеңіз Нидерланды мемлекеті соттың әділетсіз өткендігі туралы өздерінің шешімін айтып, дүниежүзіне жария қылды. Сондықтан ары қарай да Сергей Дувановты түрмеде ұстай берудің еш қисыны жоқ. Менің ойымша дүние жүзін шулатпай, біздің халықты да елең еткізбей Сергей Дувановты түрмеден босатып, бостандық беру қажет».

Ал мәлімдемеде Сергей Дуванов қудалауға ұшырағаннан бері Адам Құқығын Қорғау мен заңдылықты сақтау жөніндегі бюроның, тәуелсіз журналистке тағылған айыптаулардың негізсіз екендігін айтып талай рет мәлімдеме жасағандығына қарамастан, билік орындарының оған құлақ аспай отырғандығы баяндалған. Мәлімдемеде сондай-ақ Сергей Дувановқа қарсы ұйымдастырылған арандатушылық әрекеттердің ешқайсысын да сот орындарының тексермегендігі айтылған.
XS
SM
MD
LG