Accessibility links

Соғыс қылмыскерлерін соттайтын халықаралық Гаага трибуналы құрылғанына 10 жыл


Жұмыс істей бастағанына 10 жыл болған Біріккен Ұлттар Ұйымының Гаага трибуналы бұрынғы Югославия бойынша 39 соғыс қылмыскерін соттап, 50 кісіні жауапқа тартты.

Трибуналды бұрынғы Югославия саясаткерлерінің өздері мойындауы оның халықаралық беделін өсіріп отыр.

1992-95 жылдары Боснияның Приедор қаласының мэрі болған Миламир Стакиц 1500 мың мұсылман мен хорватты қырып, 20 мыңын жер аударған тұлға еді. Миломир Стакиц, сондай-ақ серб еместерді қамайтын қостар тұрғызып, ол жерде серб күзетшілері тұтқындағы әйел-қыздарды зорлап, азаптап, өлтірумен айналысқаны бүгінде айдай әлемге аян. Өткен аптада трибунал бұл қылмыскерді өмірлік абақтыға жапты. Одан бұрын трибунал 8 мыңға жуық босниялық мұсылманды 1995 жылы Сребреницада көгендеп қойып аттырған серб командирі Радислав Крстичті 46 жылға кескен еді.

Халықаралық Гаага трибуналын 1993 жылы БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі сол кездегі Югославияда геноцид ұйымдастырушылардың әділ жазасын беру үшін құрған еді. Кезінде бұндай халықаралық сотқа сөз болып отырған аймақтың саяси басшылығы қарсы шықты. Сот жұмысы алғашында сылбыр да шабандау болды. Жауапқа тартылушылардың қызмет деңгейі де тұтқын қостарының күзетін соттаудан арыңа бармады. Трибунал өзінің тұңғыш үкімін 1997 жылы соғыс қылмыскері серб Дуско Табицке байланысты шығарды. Дуско Табиц тұтқындарды сабап 11 рет азаптағаны үшін сотталды.

Содан бері өткен 5-6 жыл ішінде трибунал 39 қылмыскердің әділ жазасын берді.Трибунал өкілі Джим Ландейл былай дейді:

"Барған сайын трибунал жұмысына түсіністік туындап оны қолдау күшейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Әртүрлі деңгейдегі билік иелерінің бізбен жұмыс істеуі жақсарды"

Хорватияда 1991 жылы 200-дей хорватты қырған және сол үшін Сербияда қаһарман дәрежесіне көтерілген Веселин Сливансанинді серб үкіметі тек осы жазда ғана тұтқынға алды. Сол оқиғаға орай Сербия өкімет басы Зоран Живковицтің мына айтқандары Сербиядағы көз-қарастың өзгергенін көрсетеді:

"Біз Гаага трибуналының және халықаралық қауымдастық талабына сай әрекет еттік"

Ал, бұрынғы Югославия президенті Слободан Милошевичтың Трибуналдың "тырнағына" ілінуі шын мәнінде тарихи оқиға болды.Милошевич президенттік тақтан күштеп кетірілгеннен кейін серб өкіметі оны трибуналға ұстап бергені белгілі. Милошевичтың соты өткен жылдың ақпанынан басталып мінеки 230 күнге созылып келеді. Тағы бір жылға созылуы әбден ықтимал. Слободан Милошевичке қарсы ішінде соғыс қылмысы, геноцид те бар 66 баптан тұратын айып тағылды. Милошевичтың ісі трибунал трибунал болғалы бергі кездесіп отырған ең күрделі сот үдерісі болып отыр.

Бұны трибуналдың бас прокуроры Карла дел Понте ханым да мойындап отыр. Трибунал өкілі Джим Ландейл:

"Трибуналдың жұмысы туралы әділ сын да болды деп білемін.Мысалы, қылмыс болған жерден жүздеген километр шалғайда орналасқан бұл трибуналдың өз жұмысы, мақсаты жөнінде бұрынғы Югославия халқын ақпаратпен қамтамасыз ете алмады деген сын."

Бұл кемшілікті жою үшін трибунал Белград, Сараево, Загреб және Приштина қалаларында өз өкілдіктерін ашты. Олар трибунал құжаттарын жергілікті тілдерге аударды. Трибунал семинарлар өткізумен айналысты. Трибунал өкілі Ландейл:

"Бұ салада жасалған тағы бір маңызды іс интернетте босния, серб, хорват және албан тілдерінде ақпарат беретін сайттердің ашылуы. Меніңше енді жұрт трибуналдың қалай жұмыс істейтінін жақсы түсіне бастады деп ойлаймын."

Крстич 46 жылға қамалғаннан кейін осы командирдің қол астында істеген екі офицер өз қылмыстарын мойындап сот алдында шындықты жайып салды. Тағы бір оқиға бұрынғы Босниялық Серб президенті Билияна Плавсич ханымның сотқа өз еркімен келуі болды. Сот оның жазасын жеңілдетіп 11 жылға абақтыға кесті.

Трибунал үшін бір шешімін таппаған мәселе қылмысты деп табылса да әлі бостандықта жүрген серб әскерінің бұрынғы жоғары шенді офицерлері Радован Караджич пен Ратко Младичті ұстау болып отыр. Трибунал өкілінің пікірінше Караджич пен Младич сотқа тартылмай Гаага трибуналының миссиясы толық аяқталды деуге болмайды.
XS
SM
MD
LG