Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда мәслихатқа сайлау, валюта рыногындағы тенденция және тағы басқа саяси-экономикалық жаңалықтарға байлансты мақалалар жарық көрді.

Басылымдардың басым көпшілігі алғашқы парағын президент Ңұрсұлтан Назарбаевтың бейсенбі күнгі Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде жасаған баяндамасына арнапты. «Әзірге барлығы дұп-дұрыс», - дейді «Эспресс К» газеті. Газет тілшісінің хабарлауынша, Елбасы отырыста айрықша көңілді отырған. Алайда, «тоқпақ» әкімдер мен ішкі істер министрін жанап өтпепті». «Тауарөндірушілердің өнімдері жамиғат пен тауар шығарушылар үшін емес, аляқтардың қалтасы үшін жұмыс істейді. Егер күзде облыс орталықтарында, қалаларда ауылшаруашылығы өнімдерінің бағасы өссе, әкімдерді жұмыстан босату керек. Ішкі істер басқарамасының басшыларымен қоса», - деген Елбасының сөзін береді өз мақаласында тілші Лилия Ержанова.

Ал Ішкі істер министрлігінің ықпалды қызметкерлерінің 20 жасар астаналық Айгүл Өсербаеваның өлімін өзіне-өзі қол салды деп көрсетуге жұмсаған барлық күш-жігерлері құм болды деп хабарлайды «Караван» апталығы. Газеттің мәліметтеріне қарағанда, мәйітті қайта тексеруден өткізген тәуелсіз сараптама жас қыздың зорлықпен өлтірілгенін анықтаған. Ал бұл қылмыс бойынша күдікті жоғары шенді полиция шенеуніктерінің балалары тергеуге алыныпты.

«Депутат орынтағы үшін кім соңы?» деп аталатын «Караван» газетінің келесі мақаласында Андрей Воротынский мәслихатқа сайлау науқанына шолу жасай отырып, былай дейді: «Депутат орынтағы үшін қызу күресте «Осының барлығы не үшін?» деп өзіне-өзі сауал қоюшылар кемде-кем. Бүгінде әр деңгейдегі мәслихаттарға не тәуелді?» Журналистің айтуынша, Қостанай облыстық мәслихатының ең белсенді деген екі депутаты осы жолы сайлауға қатыспапты. «Өзара әңгімеде олар «облыстық мәслихатта ешқандай билік жоқ, сондықтан отырыс барлығын шешеді-мыс деп жалған кейіп жасау еш қажет емес» дегенді айтты»,- деп жазады журналист.

«Алдымен заңды таңдап алайықшы»,- дейді танымал Сергей Козлов «Мегаполис» апталығында, Ол осындай тақырыппен жарияланған көлемді мақаласын негізінен «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауға қатысты ұсынған заң жобасын сынауға бағыттайды, «Ақ жол» партиясының ұсынған жобасын заң ретінде қабылдау адал, заңды және дұрыс сайлаулар өткізуді мүлдем кейінге шегере бермек», - деген шұғыл қорытындыға келеді журналист.

Ал «Ақ жол Қазақстан» газеті «Сайлау туралы» заңдағы кемшіліктер мен ондағы талаптардың орындалмауының кесірінен Ақтөбе облысында орын алған заңсыздықтарға тоқталады. «Жоғарыда келтірілген фактілердің барлығы да «Сайлау туралы» заңның азаматтық қоғамда ешқандай құны қалмағанын көрсетіп отыр», - дейді газет тілшісі.

Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Мұхтар Құлмұхаммед ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Кейкі батырдың бас сүйегін Ресейден қалайда қайтарып алуға ден қойыпты, Бұл жөнінде хабарлаған «Қазақ әдебиеті» апталығының тілшісі: «Кенесары ханның басы ұлт тарихы мен мәдениетінің белгілі жанашыры Қайрат Сатыбалдының бастамасымен қанша іздестірілсе де әзірге табыла қоймады, ал Кейкі батырдың бас сүйегін Санкт-Петербургтегі антропология және этнография мұражайында тұрғандығы туралы мәлімет баяғыдан бар болатын»,- дейді.

«Теңгенің долларға қарағандағы бағамының өсуі күтпеген жағдайларға ұрындырды, - деп хабарлайды «Түркістан» апталығының 32-ші санында газет тілшісі. «Экономикамыздың коммерциялық секторындағы жалақының барлығы долларға байланып қалған. Яғни, доллардың құлауы тұрғындардың табысының да құлауына әкеп соқтырады деген сөз», - деп қортынды жасайды журналист Ғалымжан Мелдеш.

Алайда, «АҚШ долларына шаққандағы теңге бағамын бағдар тұтуды азайта бастаған жөн», - деп мәлімдейді Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко «Казахстанская правда» газетіне берген сұқбатында. Ұлттық банк басшысының айтуынша, «Қазақстан үшін теңгенің рубль мен евроға қатысты бағамының маңызы төмен еместігін ұққан жөн». Осы орайда «Эспресс К» газетінің тілшісі Алексей Банцикин «Бас банкир жұмыртқаны доллар себетінде сақтамауға кеңес береді» деген тақырыпта мақала ұсынады.

Сондай-ақ, «Казахстанская правда» газеті келесі мақаласында президент Назарбаевтың: «ішкі валюта рыногында шетел валютасының көптеп келуі жағдайында АҚШ долларына қарағанда, теңгенің нығаюы жүріп жатыр. Алайда теңгенің долларға айырбас бағамы бағдар болмауы тиіс», - деген мәлімдемесін келтіреді. Елбасының сөзін жарыса жариялаған «Егемен Қазақстан» газеті де Назарбаевтың: «Ұлттық компаниялармен де мәселенің басын ашатын уақыт жетті – оларда кімнің қожайын екенін, ал кімнің жалдамалы менеджер екенін кейде адам біліп болмайды», - деген пікірін басылымның алғашқы бетінде жария етеді.

Айтқандай-ақ, мемлекетті бір жарым миллион долларға тақырға отырғызған «Қазақтелеком» компаниясы топ-менеджерінің бірі тергеуге алынғанын хабарлайды «Новое поколение» газеті. Аврора Крейсер бүркеншік атымен мәлім журналистің айтуынша, «Қазақтелеком» Одесса зауытынан 590 миллион теңгеге кабель сатып алуды жөн көреді. Сауда-саттыққа мекен-жайы жалған көрсетілген «Алтын-комЛтд» кәсіпорны делдалдық қызмет атқарады. Нәтижесінде, мемлекеттік кәсіпорын қажетті құрал-сайманды алуға бөлген қаржының 1,2 миллион доллары ғана Украинаға кетсе, қалған 1,5 миллион доллары АҚШ-тың оффшорлы аймағында тіркелген беймәлім «Сильверстоун финанс» компаниясының есеп шотына Латыш республикасындағы «Бизнес банк» арқылы қонжиады.

«Сонда «Қазақтелеком» топ-менеджері байғұс зейнеткерлерден 500 теңгеден жинап алған бір жарым миллионды қалтасына салып алғаны ма? Егер бұл рас болса, ұлттық компания басшысының бетін басып, отставкаға кететін уақыты келді» - дейді «Новое поколение». Өйткені, газеттің арнаулы қызметтегі бастаукөздері бұл қаржылық алаяқтық мамыр айында кенеттен мерт болған «Қазақтелеком» вице-президенті Андрей Маляренконың қазасымен байланыстырады екен. Себебі, Одесса зауытымен бастапқы келіссөзді дәл осы азамат жүргізіпті. Басылымның ақпараттарына қарағанда, сол кездегі келіссөзде сатып алынатын мүлік құны бір жарым есеге төмен болыпты.
XS
SM
MD
LG