Accessibility links

Адам саудасына қарсы мекемеаралық коммиссия құрылды


Қазақстан Сыртқы iстер министрлiгiнiң ақпарат және талдау басқармасы тамыздың 8-i күнi адам саудасына қарсы мекемеаралық коммиссия құрылғанын хабарлады.

«Өкiнiшке қарай, адамдарды сату, құлдықта ұстау өткен замандардың ғана емес, бүгiнгi күннiң өрескел қайшылығы болып отыр. Көлеңкелi бизнестiң ептiлерi адамдарды сатуға трансұлттық жолдарды пайдаланып келедi»,-делiнген аталған ақпарат көзiнiң баспасөз баянында. Сыртқы iстер министрлiгiнiң Ақпарат және талдау басқармасының қызметкерi Айнұр Кәрбозованың айтуынша, Қазақстан Үкiметi адам саудасымен күреске шындап кiрiскелi отыр.Әдiлет, Iшкi iстер министрлiктерi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Бас прокуратура, сондай-ақ, Көшi-қон және демография агенттiгi өкiлдерiнен тұратын мекеме аралық комиссия құрылып, Әдiлет министрi Оңалсын Жұмабеков Үкiметтiң адам саудасымен күрес жөнiндегi ұлттық үйлестiрушiсi болып тағайындалған. Iшкi iстер министрлiгiнiң Қоғамдық қауiпсiздiк департаментiнде сөз болып отырған көлеңкелi бизнестiң қармағына түскен әйелдердi құтқару жөнiндегi бөлiмше жұмыс iстейдi. Халықаралық көшi-қон ұйымымен бiрлесiп, трафик құрбандарын қорғау және сауықтыру мақсатында «Қамқор» дағдарыс орталығы құрылған.

«Ал Сыртқы iстер министрлiгi адам саудасына қарсы дипломатиялық мүмкiндiктерiн барынша пайдаланатын болады.Қазақстанның шет елдердегi өкiлдiктерiне нақты тапсырмалар берiлiп, адам саудасына қарсы сол елдердiң құқыққорғау органдарымен ынтымақтаса жұмыс iстеу мiндеттелдi», - дейдi Айнұр Кәрiбозова.

ҚР Қылмыстық кодексiне адам саудалаушыларға жазаны қатайтуды көздейтiн өзгертулер енгiзу туралы заңға Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев 2003 жылдың шiлдесiнде қол қойған болатын.
XS
SM
MD
LG