Accessibility links

Қазақ жерінде 40 жылға созылған Хиросима жарылысы


6 тамыз –Хиросима күні және Дүниежүзілік ядролық қаруға қарсы күн.

Қазақстан Республикасының ұлттық ядролық орталығының мәліметтері бойынша, Кеңес Одағы кезінде жүргізілген ядролық сынақтардың 70 пайызға жуығы қазақ жерінде орын алған. Мамандардың пайымдауынша, жалпы алғанда қазақ жерінде жүргізілген сынақ қуаты 1945 жылы Жапонияның Хиросима қаласына тастаған бомбадан 45 мың есеге күшті.

Қазақстандағы «География және Табиғат» журналының жетекшісі Кадірбек Әбішевтың айтуынша, 6 тамыз күні күллі адамзат ойлануы керек.

«География және Табиғат» журналының жетекшісі Кадірбек Әбішев: - Әрине, алтыншы тамыз, деген бүкіл адамзат баласына үлкен ой салатын, және ол қателікті болдырмайтындай дәрежеде ой беретін күн. Бірақ, Евангиле де,Құранда да адамға бір-ақ баға берілген. Адам- деген күнәhар пенде деп. Соны айта тұрып, адамдар шын мәнінде күнәhарлық жасайды.

Ядролық сынақтардың мәселесі жөнінде ой толғағанда Кадірбек Әбішев мырза ең алдымен Кеңес Одағын есіне алатынын айтады.

«География және Табиғат» журналының жетекшісі Кадірбек Әбішев: - Кеңес Одағының қазақ халқының, қазақ мемлекетінің дамуына қосқан үлесі зор, бірақ Кеңес Одағының қазақ халқына тигізген зиянын айтатын болсақ,1920-1930 жылдары болған үлкен қырғындардан кейінгі 1947-1952 жылдардағы қырғынды ұмытуға болмайды. Себебі қазақтың кең даласының басқа да жерлері бар, Ресейдің де жері көп, бірақ қазақ жерін таңдап алуының өзі ұлтқа жасаған геноцид. Ұлттың орны мен ұлттың келбетімен санаспаған көрініс. Мысалы,аңды, тышқанды, зиянды шегеткелерді қыруға болады. Ал, 1947-1952 жылдары қазақ жерінің бетінде атом бомбасын сынай отырып, қазақтар қырыла берсін, деп атом бомбасын сынауға бола ма? Мұны сөзбен де жеткізу мүмкін емес. Бұл -геноцид, фашизм. Оның салдары айтылды, қазір оны қайталаудың қажеті жоқ. Алайда үлкен салдарының бірі, күні бүгінге дейін, сол жерден жарақат алған, сол жерден зардап шеккен адамдардың мәселесі шешілген жоқ. Біздің мемлекет кейде керек емес шешім қабылдайды. Балық басынан шірейді, дегендей қайдағы бір Ресейдің жоғалып кеткен ақшасын ретке келтіреміз, деп мәселе көтереміз. Ал, атом сынағы арқылы денсаулығын жоғалтқан азаматтарымыздың денсаулығы, олардың жағдайы жөнінде ойланбаймыз.

Қазақстандағы «Табиғат» одағының төрағасы Мэлс Елеусізовтың айтуынша, мемлекет басында отырғандар ядролық сынақтар зардап шеккен қазақстандықтардың қамын ойлаудан бұрын, ақшаға басқа елдердің ядролық қалдығын алуға дайын.

Экологиялық «Табиғат» одағының төрағасы Мэлс Елеусізов: - Шын мәнінде ядролық сынақ жүргізу халыққа үлкен зиян тигізетін әрекет, деп айтуға болады. Оның әсері бұрыннан белгілі, қазірде белгілі, көптеген адам қаза тапты, рак болды. Полигон жабылсада оның әсері әлі тиіп жатыр. Жердің барлығын тазалау үшін көп ақша керек, бізде ондай ақша жоқ. Одан қалса, біздің үкіметіміз қазір қазақстандықтардың қамын ойламай, шет елдің радиациялық қалдықтарын әкелу мәселесін көтерді. Балхаштан атом стансасын салуды жоспарлап отыр. Халықты ешкім ойлап отырған жоқ.

Ұлттық ядролық орталықтың ресми ақпараты жүгінсек, бүгінгі таңда мемлекеттің алдыға қойған мақсаттарының біріне Қазақстанда болған ядролық сынақтардың нәтижесін зерттеп, болашақта қоршаған ортаны ластамау болып саналады. «География және табиғат» журналының жетекшісі Қадірбек Әбішевтың айтуынша, бұл сынақтардан зардапты ең алдымен Жер ана көреді.

«География және Табиғат» журналының жетекшісі Кадірбек Әбішев: - Экология деген адам ағзасы сияқты, онда әуе қабаты бар, жердің астыңғы қабаты бар, флора, фауна осының барлығы уланады, бұл өз кезегінде адамға әсер етеді. Бұл ғасырдан-ғасырға кететін кесір. Салдары өте ауыр. «Табиғат» одағының жетекшісі Мэлс Елеусізов болашақ ұрпаққа алаңдаушылықпен қарайтынын айтты.

Экологиялық «Табиғат» одағының төрағасы Мэлс Елеусізов: - Ең алдымен болашаққа қиын болады. Жылдан жылға адам денесіндегі радиация улғая береді, дүниеге ауру балалар келеді, болашақ ұрпаққа қиын болады, себебі мұның әсері көп.

Қазақтар көрген зардапты 1945 жылы жапондықтарда көрген, бірақ олардың жағдайын салыстыруға болмайды, дейді Мэлс Елеусізов.

Экологиялық «Табиғат» одағының төрағасы Мэлс Елеусізов: - Жапонияның екі қаласын бомбылады, бірақ ол елдегі үкімет өз отандастарына жағдай жасап қойған, бізде ол жоқ. Бір жағынан бұл мәселені халықтың өзі талап ету керек. Бұл талаптарымыз орындалсын, деп талап қоймаса, онда үкімет халықтың жағдайына алаңдаушылық білдірмейді. Өлсе, өле берсін, деген саясат жүргізеді.

«География және табиғат» журналының жетекшісі Қадірбек Әбішев, қазақстандықтарды жапондықтармен салыстырған дұрыс емес, деген ойда. Себебі екі мемлекеттің деңгейі әр-түрлі.

29 тамыз күні қазақ жерінде алғашқы ядролық жарылыс орын алғанына 54 жыл толады. Жалпы қазақ жерінде ядролық сынақ 40 жыл жүргізіліп, 456 жарылыс болған.
XS
SM
MD
LG