Accessibility links

“Ақмола облысының Астрахан ауданындағы 39 мектептің 9-ы ғана қазақ мектебі”


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметкері, журналист Жәния Тапалова: “Ақмола облысының Астрахан ауданындағы 39 мектептің 9-ы ғана қазақ мектебі” - дейді.

Қалалық жерде қазақ мектебінің аздығын айтып, балаларына қазақша үйретуді көксеген бірқатар Парламент депутаттары биік мінберлерден талай рет осы мәселені көтерген. Сол қазақ мектебі аудандық деңгейде де аздық етіп отырғанға ұқсайды.

Бұл орайда Ақмола облысының Астрахан ауданының бірқатар білім ошақтарында болып қайтқан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметкері, журналист Жәния Тапалова өз ойымен бөліскен еді.

Ауыл мектебі, негізінен қазақ мектебі деген түсінік бар. Ендеше, қазақ тілінде оқытатын мектеп мәселесі-елдігіміздің, ұлттық өрлеуіміздің мәселесі. Біздің мемлекеттігіміздің негізін қалаған қазақ халқының ұлттық мектебінің бүгінгі жайы, ертеңгі дамуы Қазақстан Республикасының тұтастай даму болашағын айқындайтын бірден-бір фактор деуге тұрады. Алайда, кеңес дәуірінен қалған сарқыншақтар әлі де қазақ мектептерінің саны жағынан аздығы. Оның бір айғағын жақында Ақмола облысы Астрахан ауданында болғанда көрдім. Өзімнің журналист ретінде зерттеуімнің себебі, бұл Астархан ауданында барлығы 39 мектеп бар екен. Оның 9-ы қазақ, 9-ы аралас, 21-і орыс мектептері. Кеңес дәуірі кезінде аудан бойынша 1-ақ аралас мектеп болатын. Тәуелсіздік алған он жылдың ішінде қазақ мектебін көбейтеміз деген әңгіменің өзі қазақ мектебінің санын 8-ге көтеріп отыр. Кеңес дәуіріндегі мектепті қосқанда, барлығы–9. Бұл кез-келген адамды ойландыратын проблеманың бірі. Еліміздің бір ғана ауданы сан жағынан осындай көрсеткіш беріп отыр.

Оның айтуынша аталған елді-мекенде басқа ұлт өкілдері көп тұрады. Жалпы, аудандық оқу бөлімі тарапынан алдағы уақытта аталған саладағы мәселелерді шешуде үлкен жұмыстарды қолға алыныпты.

Бұл елді-мекендерде орыс халқы көп тұрады. Тың игеру кезінде ол жерлерге орыс халқы көп шоғырланды. Сондықтан аралас мектептердің өзінде таза қазақша жүреді деп ойламаймын. Өйткені, қазақ балалары орыс мектептеріне барып отыр. Орыс сыныптарында оқиды. Менің өзімнің таза журналистік көзқарасым бойынша ол елді-мекенде орыс халқының көп тұратындықтан, қазақ мектептерінің көптеп ашылуына соның ықпалы тиюі де мүмкін. Бірақ сонымен бәрін жаба салуға болмайды. Бұл жөнінде аудандық оқу бөлімінің бастығымен сөйлестім. Ол кісілер алдағы уақытта қазақ мектептерін көбейту жөнінде үлкен жұмыстар жасалып жатқандығын айтты.

Соңғы жылдары қазақ мектебі мен мемлекеттік тіл мәселесі егіз көтеріліп жүр десек те болады. Оған қазақ бала бақшаларын қосыңыз. Ал, орыны толар мәселенің оңды шешімін күткендер аз емес.
XS
SM
MD
LG