Accessibility links

Талдықорғанда шағын қалаларды дамытуға арналған республикалық семинар басталды


11-тамыз күні Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында шағын қалаларды дамытуға арналған республикалық семинар басталды.

Семинарды ұйымдастыруға Алматы облысының әкімшілігі мен "Аризона-Қазақстан әріптестігі" атты қор мұрындық болған. Бұл туралы дүйсенбі күні Алматы облыстық әкімшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Таратылған ақпаратқа қарағанда, семинар аясында АҚШ пен Қазақстандық сарапшылар екі елдегі шағын қалалар ахуалына экономикалық баға беруге, мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару басқару құрылымына қарай, сондай-ақ, жергілікті тұрғындардың потенциалын пайдалану көрсеткіштеріне негіздей отырып салыстырмалы талдау жасап, болашақ даму мүмкіндіктерін анықтайтын болады.

Сондай-ақ, сарапшылар республикадағы шағын қалалардың экономикалық мүмкіндігі, еңбек ресурстары және жастар әлеуетін пайдалану көрсеткіштеріне сүйене отырып, шағын қалаларды дамытудың Қазақстанға тән тұжырымдамасын дайындап, семинарға қатысушыларға ұсынбақшы.

Алматы облысы әкімшілігінің ақпаратына сәйкес, бұл өңір - Урбан институтының шағын қалаларды экономикалық дамыту жобасы бойынша алғашқы тәжірибелік аймақ ретінде таңдалып алынған. Алда Қазақстанның басқа облыстарындағы үлгілік бағдарламалар осы тәжірибенің негізінде жүзеге асырылады.

Семинарға ҚР Президент әкімшілігі, үкімет басшысының кеңсесі, экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі мен әділет министрлігінің, сондай-ақ, "Аризона-Қазақстан әріптестігі" қорының өкілдері және де Қазақстандағы 60 шағын қаланың әкімдері қатысуда.
XS
SM
MD
LG