Accessibility links

Үміткерлерді тіркеу аяқталды


Тамыз айының 10-ы күні жергілікті мәслихаттарға депутаттықтан үміткерлер тіркеу науқаны аяқталды.

Орталық сайлау комиссиясының алғашқы мәліметіне қарағанда, барлық тіркелген үміткерлер 7552 адам. Олардың 1812-і облыстық мәслихаттарға депутаттыққа кандидаттар. Тіркелгендер саны жағынан республика бойынша ең жоғарғы көрсеткішке ие Алматы қаласында 250 адам облыстық мәслихат сайлауында бақ сынамақ. Одан кейінгі орындардағы Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарында тиісінше 202 және 186 үміткерден келеді. Ал төменгі көрсеткіш Атырау облысына тиесілі. Онда 36, ал Ақтөбе облысында 43 адам тіркелген.

Жалпы алғанда, барлық өкілетті буындар бойынша аудандық мәслихаттардың сайлауында бақ сынайтындардың саны көп. Аудандық мәслихаттар депутаттығынан барлығы 3667 адам үміткер. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша - 568, Жамбыл облысында 324 үміткер сайлауға түспек. Ал ең төменгі көрсеткіш - 76 үміткер Маңғыстау облысында тіркелген.

Ал қалалық мәслихаттарға үміткерлер - 2 мың 73 адам. Бұл жерде де Оңтүстік Қазақстан алда тұр. Барлығы-315 үміткер. Одан соң 295 үміткермен Шығыс Қазақстан облысы.

Орталық сайлау комиссиясының интернет-сайтында саяси партиялардан қанша үміткер тіркелгені жайында мәлімет жоқ. Комссия төрайымының орынбасары Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша, олардың есебі әлі шығарыла қоймаған.

Естеріңізде болар, Тұрғанқұлов мырза бұған дейін кез келген сұраққа: «Бұл туралы тіркеу аяқталғаннан кейін баспасөз мәслихатында айтылады», - деп сырғыта салатын. Осыған байланысты, баспасөз мәслихатының қашан өткізілетінін сұрағанымызда, Қуандық Тұрғанқұлов екіұштылау жауап қайтарды. Соған қарағанда, баспасөз мәслихатының өткізілмеуі де мүмкін. Орталық сайлау комиссиясының баспасөз мәслихатын өткіземіз деген бұған дейінгі уәдесі журналистердің сұрақтарынан жалтарудың амалы ғана болғандай.

Ал, тіркелмей қалған үміткерлер саны барлық деңгейдегі мәслихаттар бойынша, жалпы алғанда, 500-ге жетіп жығылады.
XS
SM
MD
LG