Accessibility links

Ирақтағы жанармай тапшылығы Басра толқуын тудырды.

  • Смағұл ЕЛУБАЙ

Соғыстан кейінгі Ирақты қалыпқа келтіру барысы тым сылбыр деп ирақтықтар наразы. Соның бірі - жанармай тапшылығынан туған наразылық. Бұл наразылық Басра қаласында 3 кісі өліміне алып келген үлкен толқуға айналды.

Осы өткен демалыс күнгі Ирақтың екінші үлкен қаласы Басрада болған халық толқуы Ирақтағы электр және жанармай тапшылығының қаншалықты асқынғанын көрсетті, - деп жазады радиомыздың талдаушысы Чарлз Рекнагел. Көшеге шыққан ашулы халық резина доңғалақтарды өртеп, Британ жасақтарын таспен сыбаған.

Басра қаласындағы Британ әкімшілігінің айтуынша халық толқуы жанармай сататын бекеттегі ұзыннан шұбақ кезекте тұрғандар арасында басталған. Халық жанармай сатушылар бензин бағасын өрескел өсіріп отыр деп айқай-шу көтерген. Көп ұзамай толқу бүкіл қалаға жайылған. Ашулы халық көшеде резина доңғалақтарды өртеп көзге түскен британ әскерін таспен сыбай бастаған.

Әскер болса көтерілісшілерге қарсы резина оқ жаудырған. Ашулы тобырдың қолына түсіп қалған Біріккен Ұлттар ұйымының бір хат тасушысы опат болған. Аласапыран барысында оқ тиіп екі ирақтық өлген. Бұл толқу Саддам Хусейн режимі құлатылғаннан бері болған ең елеулі толқу делініп отыр.

Бірақ, бұл толқу ұйымдаспаған өзінен-өзі туындаған толқу болған. Ирақ қалаларында жанармай алу үшін ең кем дегенде 24 сағат кезекте тұруың керек, не ол жанармайды ондаған есе бағасына қара базардан алуға мәжбүрсің деп жазады талдаушымыз. Ирақтықтар болса жанармайдың бұлайша қатшылыққа айналуына Ирақты басып алған Құрама Штаттары бастаған одақтастар кінәлі деп біледі. Ал, одақтастар болса санкциялармен, соғыстан тұралаған Ирақ экономикасы кінәлі деп біледі. Алайда Ирақтағы әлеуметтік жағдай туралы Құрама Штаттар сыртқы істер министрі Колин

Пауелдің пікірі өзгеше: "Біраз игі істер жасалып жатыр. Балалар мектепке бара бастады. Ауруханалар есігін айқара ашты. Өзегі талып жатқандар жоқ. Ақырындап та болса ішкіқұрылым өз қалыбына түсіп келеді"

Алайда бұндай оптимизмді бастан кешіп отырған ирақтықтар жоқ. Өйткені жанармай тарату барысында ұрлықпен алыпсатарлыққа тосқауыл қойылмай отыр. Соның кесірінен Ирақ өз мұнайын эспорттап отырса да ішкі базарларға келгенде ұйымдасқан қылмыспен ұрлықты тиюға күш жетер емес. Ирақта соғыс салдарынан болған аласапыранды пайдаланып мұнай сатумен аналысатын қарақшылар мұнай құбырларын кез–келген жерінен тесіп құйып алып цистерналы аутокөліктермен жан-жаққа тасып сатумен айналысып жүр.

Ирақтағы Америка әскері соңғы екі апта ішінде сондай қарақшылықпен айналысып жүрген 150 кісіні тұтқындаған. 100 цистерналы аутокөлікті тәркілеген. Қарақшылар мұнайды көршілес Иордан, Кувейтке дейін таситын болған. Ум Қаср теңіз айлағын бақылауда ұстап тұрған Британ әскері осы аптада 1100 тонна мұнай ұрлап бара жатқан бір кемені тұтқындаған. Ол кеме Панамада тіркелген Украин кемесі болып шыққан.

Бұл операцияны жүзеге асырған Британ әскери кемесінің командирі Греим Мэкей: "Командамыз кеме бортына шығып кеме экипажын басшысымен қоса тұтқындады. Сөйтіп қолды болған Ирақ мұнайы енді Ирақ халқына қайтарылды"

Мұнай өнімдерін жаппай тонаумен қатар тағы бір гүлдеп тұрған заңсыз кәсіп бағандарға тартылған электр сымдарын кесіп алып сату болып отыр. Осындай ұрлық-қарлықтың етек алуынан Ирақтың мұнай өңдейтін 3 зауыты Басра зауыты, Бағдад зауыты және Беиджи зауыты бірігіп күн сайын өндіретін 22 миллион литр бензин, керосин солярка қалың халыққа жетпей қалады. Ирақтағы жанармай проблемасын толық шешу үшін бұл зауыттар күніне жалпы көлемі 37 миллион литрлік жанармай өндіруі керек екен. Басра толқуынан кейін құрылысшылар Басра мұнай өңдеу зауытына жедел түрде жаңа генераторлар қосу керек деп тапты.
XS
SM
MD
LG