Accessibility links

Ирақта терроризм барған сайын үдей түсуі мүмкін.


Құрама Штаттары Ирақта террористік шабуылдар барған сайын үдей түседі деп біледі. Соғыс кезінде Ирақтан қашып шыққан шетелдік террористер Ираққа қайта шоғырлана бастады, - дейді АҚШ.

Бағдадтағы Йордан елшілігіне болған шабуылға дейін Құрама Штаттары әскерилері Ирақтағы террористік шабуылдар негізінен Саддам Хусейнге адал қарулы топтардың әрекеті деп келгенді. Енді, 17 кісі опат болған Иордан елшілігіне болған шабуылдан кейін Вашингтон бұл бүліктер шетелдік террористер әрекеті дегенді айта бастады, - деп жазады радиомыздың талдаушысы Чарлз Рекнагел. Осы аптадағы ұлтқа радио арқылы арнаған сөзінде де AҚШ президенті Дж. Буш Ирақтағы шетелдік террористерге біраз шүйлікті:

"Ирақты қауіпсіздендіру барасында біз күн сайын жұмыс жасап жатырмыз. Одақтастар әскері тұрақсыздықтың жауы - Баас партиясына адал күштерге, шетелдік террористерге қарсы күрес салуда."

Әрине, бұл сөзінде Буш "шетелдік террористер" дегеннің кім екенін басын ашып айтпады. Оның есесіне өзге ресми тұлғалар Ирақта Ал Қаидаға байланысы бар болуы мүмкін террористік топтардың небір түрлері жиналған деп біледі. Солардың бірі Ирақ күрдтері мен араб, ауған террористерінен құралған Ансар ал Ислам тобы. Бұл топ соғысқа дейін Ирақ теріскейінде әрекет етіп келген. Ирақты теріскейден Америка әуе күштері бомбалағанда соққы жеген бұл террористер қашып Иранға еніп кетті. Ансар Ал Исламды Вашингтон Ал Қаидамен байданыста деп біледі. Ирақтағы АҚШ әкімі Пол Бремер:

"Басқа де террористік топтардың арасында бізді ең мазалайтыны Ансар Ал Ислам тобы."

Бремердің пікірінше Ансар Ал Ислам алда да ірі-ірі террористік шабуылдар жоспарлап отырса керек.

"Сондай-ақ, одақтастар әскеріне Саддамның Федауиндері, жаңа Ирақты қабылдағысы келмейтін Баас партиясының мүшелері де шабуылдар жасауы мүмкін,"- дейді Ирақтағы АҚШ әкімі Пол Бремер.

Вашингтон Ираққа қарсы соғыс басталмай тұрып та осынау Ансар Ал Ислам тобы мен Ал Қаиданың ресми Бағдадпен байланысы бар деп келген еді. Ирақ соғысы басталғанда Америка әуе күштері тарапынан соққы жеген Ансар Ал Ислам тобы, Пол Бремердің айтуынша, Ираққа енді қайта ене бастаған. Маусым айында Америка әуе күштері, сондай-ақ , Ирақпен Сирия шекарасында шоғырланған қарулы топты бомбалады, Сирия, Йемен, Сауд Арабиясынан жиналған 70 кісіден тұратын бұл қарулы топты жойып жіберді. Ираққа шетелдік терорристердің енуі бұл елдегі одақтастар әскерінің зәре-құтын ұшырып отыр. Одақтастар әскері өздеріне қарсы күн сайын орын алып отырған партизандық шабуылдар сол шетелдік террористердің жұмысы деп біледі. Ирақтағы Америка әкімшілігі Саддам Хусейнді ұстап көзін жою оны қолдайтындардың үмітін үзер еді деп қайталап келеді. Вашингтонның пайымдауынша, осы ретте Саддамның екі баласының өлтірілуі басты жеңістің бірі болған.

Алайда, осы аптада "Бостон Глоб" газетінің бетінде Құрама Штаттарының терроризмге қарсы Орталық Барлау Агенттігінің бұрынғы жетекшісі Винсент Каннистрара: "Tіптен күні ертең Саддамды ұстағанның өзінде де Ирақтағы қарсылық тоқтай қояды деп күту қателік," - деп жазды.
XS
SM
MD
LG