Accessibility links

НАТО одағы Ауғанстандағы Халықаралық қауіпсіздік жәрдем күштеріне жетекшілік етпек

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Құрылғанына жарты ғасырдан астам уақыт болған кезде, Солтүстік Атлантикалық әскери одақ - НАТО алғаш рет Европадан тыс аймақтағы әскери операцияларға қатыспақ.

НАТО Ауғанстандағы Халықаралық Қауіпсіздік жәрдем күштеріне жетекшілік етпек.

"To be or not to be!" – "Өмір, я өлім", міне қайда негізгі әңгіме, деп бір кездері, ұлы жазушы Уиллиям Шекспирдің драмалық кейіпкері Гамлет мұңлы зар айтқан болатын.

Міне енді, әлемдегі ең күшті де, қуатты әскери одақ - НАТО ның алдында да, жауабын тосып, осындай бір үлкен сауал тұр. Бұл АҚШ бастаған Батыс елдері мен Сәуеттік Одақ жетекшілігіндегі Варшава шарты мемлекеттері арасындағы Қырғи қабақ соғысы аяқталғалы берігі алғашқы бір халықаралық аса күрделі мәселе, деп есептейді талдаушылар.

1940-жылы Батыс Европалық елдердің қорғаны ретінде АҚШ бас болып құрылған Солтүстік Атлантикалық одақ – НАТО Варшава шарты тарағаннан соң өз мәнін жоғалта бастағандай кейіпте болған еді. Сәует одағы құлар тұста – 1990-жылдары, "НАТО бұл аймақтан кетсін, не болмаса өз іс-тірлігін доғарсын" деген ұрандар да тасталды.

НАТОның Югославиялық сербтер мен Косово албандары арасындағы жанжалды шешерде араласып, Белградқа әуеден соққы беруге қатысуы келесі бір үлкен дауға айналып, НАТО қорғаныс үшін қажет пе, әлде басқыншылық мақсатында құрылған ба, деген сұрақ та төтесінен қойылды.

Дегенмен, не делінсе де, АҚШ пен оның европалық кейбір одақтастары Ирақ мәселесінде өзара бірігіп іс-әрекетке кірісе бастағанда, НАТОның орны ерекшелігі байқалып қалды.

Міне енді, НАТО әлемдіқ қауымдастық алдында тағы да бір жауапкершілікті өз мойнына алып отыр. Бұл Одақтың болашағы үшін үлкен сын болмақ, дейді сарапшылар.

НАТО, өз тарихында алғаш рет, Европадан өзге құрылықтағы әскери операцияларға қатыспақ. БҰҰ демеушілігімен Ауғанстан астанасы Қабулдағы Халықаралық Қауіпсіздік көмек күштеріне жетекшілік етпек.

Ауғанстандағы НАТО күштеріне қолбасшылық ететін Британиялық генерал Джак Девирел Қабулдағы бұл әскери шараның маңызына тоқталып,

- Халықаралық Қауіпсіздік көмек күштеріне жетекшілік ету, бұл НАТО тарихындағы аса бір елеулі уақиға. Бұл бұрыңғы НАТО мен қазіргі Солтүстік Атлантикалық одақтың әлемдік қауіпсіздік үшін жасап отырған ісіндегі өзгешелікті айқын көрсетеді, - дейді генерал.

Джәк Девирелдің айтуынша, НАТО БҰҰның мандатымен, Ауғанстанның өтпелі кезең өкіметі басшысы президент Хамид Қарзайға және Үкіметке Қабұл мен ол аймақтағы қауіпсіздіктік жағдайын қамтамасыз етуге тікелей жәрдем береді.

НАТО бас хатшысы Джордж Робертсон Қабулдағы халықаралық күштерді басқарар кезде Одақ ерекше бір қырынан көрінетін болады, деп сендіреді.

- Ауғанстандағы әскери шараларға 35 мемлекеттен сарбаздар қатысады. Ал, Канада және Германия сықылды елдерден келетіндердің үлес-салмағы басымдау. Сондай-ақ, француздардың саны 300 болса, бес сарбаздан бастап, екі кісіге дейін өкіл жіберетін елдер де баршылық. Бірақ бәрі қосылып, өзара ынтымақтаса белсенділік көрсетсе, олар бұл көп ұлтты, халықаралық одақтың мәртебесін бір көтеріп тастағандай болар еді, - дейді НАТОның бас хатшысы Робертсон.

Кейбір саяси талдаушылар Ауғанстан операциясы Солтүстік одақтың тағдырын шешуде қолайлы сәт болып тұр, дейді.

- Меніңше, НАТО күштерінің Ауғанстанға баруы, Ирақ соғысы кезінде пайда болған алауыздықтан құтылып, НАТОның дағдарыс қалпынан шығуына көмектесер. Бірақ енді, АҚШтың стратегиялық мақсаттарында НАТО негізгі әріптес болар дегенге сену қиындау, - дейді Британия корольдық әскери академиясының бас талдаушысы Джеймс Шерр.

Шердің пікірінше, НАТО өзінің ежелгі деңгейіне қайта көтерілуі оңайға түспес. Сондай-ақ НАТО енді тек қана Батыс Европамен байланып та қала алмас. Бірақ НАТО әскерлерінің бүкіл әлем елдеріне қарай жорыққа шығуы заңды бола қояр ма екен? Оның үстіне ресми түрде соғысқа қатыспаған елге, мысалы, АҚШ бастаған одақтас күштердің Ираққа еңгізілуі дұрыс па еді? Сауал көп, - дейді, Джеймс Шерр.

- НАТОның әскери шараларға араласуына кірісуін қаншама ел қолдаса да ол үшін он мүмкіндіктің тоғызында БҰҰның мандаты қажет болып тұр, - дейді Шерр.

Лондондағы Европа реформасы бойынша орталықтың талдаушысы Хитер Грабенің айтуынша, егер АҚШ БҰҰның атқарар негізгі рөліне күдіктенетін болса, онда НАТО бұл мәселені талқылау үшін беделді мемлекеттердің қатысуымен форум ұйымдастыруы мүмкін.

Грабе ханымның айтуынша, Қытай НАТО мен қатысты болмағанымен, Ресейдің ол Одақпен Кеңестік байланысы бар.

- Егер болашақта АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесімен өзара келісе алмайтындай жағдайға жетсе, онда НАТО БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі өкілеттігін өз мойнына ала алама? Міне, бұл - НАТО алдындағы үлкен бір күрделі мәселе, - дейді Лондондық сарапшы.

Екі сарапшының ортақ пікірінше, ендігі бір үлкен мәселе – АҚШ НАТО күштерінің Ираққа орналасуына қалай қарайтындығы. Джеймс Шеррдің айтуынша, міне осыған НАТОның болашақтағы абырой-беделі тікелей байланысты.



Қалай десекте, Ауғанстандағы Халықаралық Қауіпсіздік көмек күштерін өз жетекшілігіне алу арқылы, НАТО, өзінің 21-ғасырда атқарар рөлі, бағыт-бағдары бойынша алғашқы қадамын жасайтын болады.
XS
SM
MD
LG