Accessibility links

Еуропарламент полигон зардабын жоюға 4 миллион еуро бөлмек


Еуропарламент Семей өңiрiндегi ядролық сынақ полигонының зардабын жоюға 4 млн еуро бөлгелi отыр

Еуропарламент жақын арада Қазақстанға 4 млн еуро бөлетiн болады. Халықаралық ТАСИС бағдарламасы арқылы берiлетiн бұл қаржы кеңестiк билiк тұсында Семей өңiрiнде жасалған ядролық сынақтардың зардабын шеккен адамдардың денсаулығын емдеу iсiне жұмсалмақшы. Бұл туралы «Азаттық» радиосына Еуропарламент депутаты Струан Стивенсон мырза хабарлады.

Радиомыздың тiлшiсi осы аптаның басында полигон орналасқан Семей аймағының тұрғындарының жай-күйiмен танысуға келген С.Стивенсон мырзамен Шығыс Қазақстан облысындағы Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында жолыққан болатын. Өз айтуынша С.Стивенсон мырза Қазақстанға осымен екiншi рет келiп отыр екен.

- Мен бұл жолғы сапарымда Семей қаласынан өзге ядролық сынақ полигонынан көп жапа шеккен Саржал, Қайнар, Қарауыл, Знаменка секiлдi елдi мекендерде болып, ондағы халықтың әлеуметтiк жағдайы мен полиган кесiрiнен денсаулығына зиян тиген тұрғындарға жасалып жатқан медициналық жәрдем түрлерiмен танысып отырмын, - дедi Струан Стивенсон мырза.

Бiз ол кiсiден Еуропа жұртшылығы қазақ жерiндегi осы ядролық полигон туралы не бiледi деп сұрадық.

- Өкiнiшке орай осы полигон туралы, оның қоршаған орта мен осы жердi ғасырлар бойы мекен етiп келе жатқан тұрғын халыққа тигiзген кесапаты жөнiнде Еуропадағы елдiң бiлетiнi әлi де болса мардымсыз, - деп жауап бердi С.Стивенсон мырза.

Алайда, менiң пiкiрiмше, дедi С.Стивенсон мырза, дәл қазiр Қазақстанға осы полигон зардабын жоюға мәселен, жапондар қалай көмектесiп жатса, бiз, яғни еуропалықтар, содан артық болмаса кем болмайтын жәрдем танытуымыз керек. Мен осы сапарымнан кейiн бұған барынша күш салатын боламын деп мәлiмдедi Еуропарламент мүшесi Струан Стивенсон.

Ал, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы ғылым жөнiндегi өкiлi Камила Мағзиева Қазақстанға бөлiнбек қаржының нақты қандай ұйымдар арқылы игерiлетiнi туралы былай дедi:

- Курчатов қаласындағы ядролық зерттеу институтымен және Семейдегi онкогология орталығымен шарттар жасаймыз. 2004-2006 жылдары жүзеге асыру белгiленген. Кеуде ауруларын емдеуге арналған аурухана салу қажеттiлiгi де айтылып отыр.

Қазақстандық онколог мамандардың айтуынша қазiргi уақытта республикада тiркелiп отырған қатерлi iсiк ауруларының арасында ең көп кездесетiнi өкпе рагына шалдыққандар екен. Шығыс Қазақстан облысында қатерлi iсiк аурулар көрсеткiшi 100 мың адамға шаққанда 286 адамнан келедi. Бұл республика бойынша бейдауа дертi жөнiнен ең жоғары көрсеткiш болып қалып отыр.
XS
SM
MD
LG