Accessibility links

Кедендiк бақылау агенттiгiне озон қабатына зиянды заттарды анықтайтын аспаптар табыс етiлдi


Қазақстанның Кедендiк бақылау агенттiгiне озон қабатына зиянды заттарды анықтайтын аспаптар табыс етiлдi

Сәрсенбi күнi Астанада Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнде министр Айткүл Самақова республиканың кедендiк бақылау агенттiгiнiң төрағасы Бердiбек Сапарбаевқа табиғи ортадағы озон қабатына зиянды заттарды анықтауға арналған арнайы аспаптарды табыс еттi. Қазiрде Қазақстан озон қабатына зиян әкелетiн заттарды өзi өндiрмегенiмен, ондай заттарды пайдаланатын ел ретiнде оларды басқа мемлекеттерден тасымалдайды.

- Қазақстанға жылына озон қабаты үшiн зиянды бұндай заттардың шамамен жүз шақты тоннасы әкелiнедi, - дейдi табиғи ортаның өзгеруiн бақылау жөнiндегi орталық директоры Қанат Байғарин.

Соңғы уақытқа дейiн осындай зиянды заттардың Қазақстан аумағына келуiне тосқауыл қою iсiнде арнайы құрал-жабдықтардың болмауы кеденшiлердiң қолын байлап келген болса, ендi бұл аспаптардың көмегiмен кеденшiлер республика тұрғындарының денсаулығы мен экологиялық ахуалға және жалпы әлемдiк табиғи орта үшiн қажеттi игiлiктi мiндеттi атқаруға мүмкiндiк алып отыр дейдi Кедендiк бақылау агенттiгiнiң төрағасы Бердiбек Сапарбаев:

Бiздiң барлығымыз - қоршаған ортаны қорғау министрлiгi болсын, кедендiк бақылау агенттiгi болсын, кез-келген мемлекеттiк органдардың баршасы - ең бiрiншi адамның денсаулығын ойлауымыз керек. Елiмiздiң экономикасының дамуы ең алдымен халқымыздың денсаулығына байланысты, денсаулық болмаса экономика да дамымайды. Сол себептi, елге келген әрбiр тауар бақылаудан өту керек. Соның iшiнде бiздiң денсаулығымыз бен табиғи ортаға зиян әккелетiн заттар болмауы тиiс. Бұл iсте осындай аспаптар өте қажет. Қазiр, өкiнiшке орай, мемлекетiмiздiң мүмкiндiгi кедендiк комитеттi барлық қажеттi заттармен толық қамтамасыз етуге жетпейдi. Сондықтан халықаралық ұйымдардың тарапынан берiлiп отырған осындай көмектердi пайдалана бiлуiмiз керек және ол жәрдемi үшiн бұл ұйымдарға өз алғысымызды бiлдiремiз.

Жиыны 100 дана болатын арнайы құралдардың жалпы құны 80 мың АҚШ долларына бағаланады. Бұл аспаптар Қазақстанға халықаралық ұйымдар тарапынан берiлiп отыр. Осыдан 4 жыл бұрын Қазақстан әлемдiк табиғи ортада озон қабатының ыдырауына жол бермеудi көздейтiн Монреал хаттамасына және Вена конвенциясына қосылған болатын.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG