Accessibility links

Баспасөз шолуы

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда сайлау барысында биліктің лас технологияларды қолданып жатқандығы және тағы да басқа саяси, рухани, мәдени мәселелерге қатысты мақалалар жарық көрген.

20 қыркүйекте өтетін жергілікті мәслихатар сайлауы бүгінгі күндері тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының тақырыбына айналды. “Сөз” тәуелсіз апталығының кезекті санында жарық көрген редакциялық мақалада билік тарапынан лас технологиялардың қолданылып келе жатқандығы сөз болған.

Мақалада келтірілген деректерге қарағанда, билік бүгінгі таңда өзінің сөзін сөйлейтін “Отан” секілді партияны өткізу үшін жанталаса әрекет жасап, ал оппозициялық көзқарастағы азаматтарды қудалап жатқан көрінеді. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ аудандық мәслихаттың депутаты Жақсылық Шекеев осы жолы облыстық мәслихатқа түсейін деп, 5 шілдеде құжаттарын тапсырса, 8 шілдеде оны әкімшілік сотқа тартқан.

Газеттің екінші бетінде жарық көрген “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысының Алматық қалалық бөлімшесінің басшысы Маржан Аспандияровамен өткізілген сұхбат та сайлау тақырыбына арналған.

Ал, “Начнем с понедельника» апталығының 14 тамыз күнгі санында жарық көрген Мағауия Қожамұратовтың мақаласында Қызылорда облысында дүниеден өткен адамдардың атынан дауыс беру оқиғалараның бар екендігі айтылған. Осыдан бір жыл бұрын 13 қалалық аймақтың комиссия мүшелері баяғыда қайтыс болған Қуанышев деген азаматтың атынан дауыс беріп жіберген. Мұндай оқиғалар өз кезегінде сайлаудың әділ өтетіндігіне қатысты елдің арасында үлкен сенімсіздік туғызып отырған көрінеді.

“Время” апталығының 14 тамыз күнгі санында жарық көрген мақаласында “Азаматтық” партияның басшысы Азат Перуашев соңғы кездері осы партияға қатысты айтылып жатқан сындарға өз тарапынан жауап берген. “Азаматтық” партия құрылғаннан бері әлеуметтік жағдайды жақсарту үшін талай ұсыныстар жасап келеді” деп бастаған өз сөзін Азат Перуашев, осы партияның қызметіне кеңірек тоқталып өткен.

Орыс тілінде жарық көретін “Сөз” тәуелсіз апталығының кезекті санында “Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының” басшысы Ғалымжан Жақияновтың тағдырына қатысты мақалалар көбірек орын алған. Газеттің бірінші бетінде орын алған редакцияның мақаласында түрмеде Жақиновқа қастандық жасалуы мүмкіндігі туралы болжам жасалынған.

Адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис бір апта бойы Ғалымжан Жақияновтың денсаулығын білу үшін колонния басшылығымен келіссөз жүргізген. Бірақ оны да , адвокат Елене Ребенчукты да Жақияновты айтпағанда, колония әкімшілігінің ғимаратына да кіргізбей қойған. Сондай-ақ Евгений Жовтис өз сөзінде түрмедегі азаматтардың құқығының бұзылып жатқандығына орай халықаралық ұйымдарға хат жазатындығын да тілге тиек еткен.

Газеттің бесінші бетінде жарияланған Сильван Бессонның мақаласында Швейцариядағы Қазақстанның құпия есеп-шоттарының тарихы туралы баяндалған. Мақала авторының айтуынша Қазақстан парламенті осы күнге шейін шет елде жасырылған құпия есеп-шоттар туралы мүлде бейхабар болып келген.

“Известия - Қазақстан” қосымшасының 14 тамыз күнгі санында жарық көрген мақалалардың бәрі де туризм тақырыбына арналған. Ал “Ана тілі” газетінің 14 тамыз күнгі санында Мұхамбет Шәріп Кенжебай мен Дихан Сейсенбай атты екі азамат “Казкомерцбанк” қызметкерлерінің мемлекеттік тілді қорлағандығына байланысты наразылық білдірген.

Оқиғаның қысқаша тарихына тоқталатын болсақ, осы екі азамат “ипотекалық жолмен несиеге ақша алу үшін “Казкомерцбанк” орналасқан зәулім үйге келген. Қазақша жөн сұраған оларға осы банктің менеджері Динара Баймұсұлманова мен оның басқа да қызметкерлері мемлекеттік тілді қорлайтын сөздер айтқан.

“Жас алаш” газетінің 14 тамыз күнгі санында жарық көрген мақаласында Бақан Берікжан қазақтың санының жиырма миллионға жететіндігіне күмән келтірген. Мақалада келтірілген деректерге қарағанда, өткен он-он екі жылдың ішінде халықтың саны 2,5 миллион адамға кеміген. Мақала авторы халық санының өспей, керісінше кеміп бара жатқандығының себебін жұмыссыздықпен, қазақтар тығыз қоныстанған аймақтардың табиғатының өмір сүруге қолайсыздығымен байланыстырып өткен.

“Түркістан” басылымының 14 тамыз күнгі санында “Ресейдегі Қазақстан жылы бізге не береді” деген тақырыпта материалдар топтамасы ұйымдастырылған. “Отан” партиясы төрағасының кеңесшісі Болатхан Тайжан Ресей мемлекетімен тым жақын болу Қазақстан үшін, жалпы болашақ ұрпақ үшін аса пайдалы болады деп есептемейді.

Ал, “Мегаполис” апталығына берген сұхбатында Владимир Жириновский Қазақстан ендігі тұста Ресеймен бірге болғанда ғана мына залым әлемде аман қала алатындығына тоқталып өткен. «Біз ұлы Қытай империясының Қазақстанның көршісі болып табылатындығын ұмытпауымыз керек” деп сақтандырған Владимир Жириновский “Қытайдың Қазақстан мемлекетін жыланның қоянды жұтып жібергеніндей, жоқ қылып жібере алатындығын тілге тиек еткен.

“Алматы ақшамы” газетінде жарық көрген Сансызбай Молдажановтың мақаласында барахолқа маңайында орналасқан асханалардың ауру таратып жатқандығы сөз болған.

«Экспресс К» газетінің 14 тамыз күнгі санында жарық көрген Анна Павлованың мақаласында Алматы қаласындағы экологиялық ахуалдың ауыр екендігі әңгіменің арқауы болған. Мақала авторының айтуынша Алматы қаласындағы шудың қажетті нормадан асып кеткендігінің салдарынан, жүрек талмасына шалдығатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп бара жатқан көрінеді.

«Казахстанская правда» газетінің 14 тамыз күнгі санында жарық көрген Вадим Махиннің мақаласында Қытайда Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдердің терроризмге қарсы әскери ойындарының аяқталғандығы айтылған. Қытай Коммунистік партиясы Орталық комиететінің әскери кеңесі төрағасының орынбасары, қорғаныс министрі Цао Ганчуанның айтуына қарағанда, әскери ойындар жоғары деңгейде өткен.
XS
SM
MD
LG