Accessibility links

Бүкіл әлем болып бір тілде сөйлесуге бола ма? 2-бөлім

  • Смағұл ЕЛУБАЙ

Егер ол сені өз тіліңде түсінбесе, онда сен оған оның өз тілінде түсіндір деген қанатты сөзді болгарлықтар жақсы меңгерген. Үлкен халықтардың тілін үйренуге деген кіші халықтарға тән құлшыныс Болгарияда ылғи да басым болып келді.

Өздерін 16-шы совет республикасы деп айтудан жалықпаған Болгарияның бұрынғы коммунист басшылары орыс тіліне орта мектеп бағдарламасы төрінен орын берді. Соған қарамастан ата-аналар да, балалар да ағылшын тілін үйренуге күш салды деп жазады радиомыздың талдаушысы Джулия Гешакова.

Тіптен, сол коммунист басшылардың балаларының өздері де орысшаны мандытып үйренгені шамалы болды. Ал, ағылшын тілі сыныптарына келетін болсақ Болгария қалаларында сол кездің өзінде көбейген үстіне көбейе түсті. Мысалы, Ловеч қаласындағы ағылшын тілі мектебінің даңқы күллі елге белгілі болды. Ондай беделге орыс, неміс, франсуз тілін оқытатын мектептер ие бола алмады.

Шет тілдерін оқытатын мемлекеттік мектептер де беделге ие бола алмады. Ал, 1990 жылғы Еуропаны бөліп тұрған "темір перденің" құлауы шет тілдерді білуге деген жаппай қозғалыс тудырды. Шет тілін оқытатын курс, мектептер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай қаптады. Енді, ересектерге ағылшын тілін үйрететін мектеп директоры Ели Тоншева ханымның пікіріне ден қоялық:

"1990 жылдан бастап шетелге шығу мүмкіндігі туғаннан кейін, шет тілдерді білуге деген талпыныс табан астында өсіп кетті. Тіл үйрететін мектептер саңырауқұлақтардай қаптады."

Тоншева ханымның айтуынша шет тілдерді білуге деген сұраныстың артуы кәсіби емес, тек ақша табуды көздеген курстардың көбеюіне әкеліп соқты. Ондай өз бетімен тіл үйретушілерге мемлекеттік лицензия алу талабын қою мүмкін болмай қалды. Ел астанасы София қаласында өзінің тіл үйрететін жекеменшік мектебін ашқан Нели Младенова елдегі орташа айлықтың 150 доллар көлемінде екеніне қарамастан жылына 1000 доллар төлеп оқуға даяр оқушылар аз емес дейді:

"Оларды сен байлар қатарына жатқыза алмайсын. Байлар балаларын оқуға шетелге жібереді."

Болгариядан шетелге кетушілердің алғашқы толқыны 1990 жылдар басына келгені аян. Алайда, шетелге шығып тіл үйренуге деген құлшыныс Борлгарияда әлі де күшті дейді Младенова ханым.

"Егер де, 1990 жылдар кезінде жұрт тілді тек шетелге шығуға лайық дәрежеде қажет еткен болса, ендігі тілге деген құлшыныс басқа деңгейді талап етіп отыр. Университеттік деңгейді талап етіп отыр."

Сондай-ақ, Болгарияда ағылшын тілін орта мектеп деңгейінде меңгеруге деген жаппай құлшыныс бар. Еуропа тілдерінің ішінде неміс тілін үйренуге деген құлшыныс басым. Университеттерде арнаулы ағылшын курстары бар. Мысалы, кәсіби ағылшынша курсы дегендей. Болгарияның көршісі Грекия компаниялары бүгінде болгар базарына ең көп енген шетелдік компаниялар.

Сондықтан, Болгарияда грек тілін білуге деген де құштарлық аз емес. Енді орыс тілін үйрену жағдайына келетін болсақ, "темір перде" құлағаннан кейін Болгарияда орыс тілінің де беделі бірге құлаған болатын. Мектеп бағдарламаларынан алынып тасталған болатын. Алайда, идеологиялық қысымның орнына еркін кәсіп келгеннен кейін бүгінде жастардың арасында орыс тіліне деген де құштарлық қайта ояна бастады деп жазады талдаушымыз Джулия Гешакова.
XS
SM
MD
LG