Accessibility links

Бiлiм деңгейлерi жоғары талапкерлердiн саны 1 пайызға да жетпейдi


Жоғары оқу орнына тапсырған 163 мыңға жуық талапкердiң 24 мың жарымы бiлiм гранттары мен несиелерге ие болды.

Бұл жайында тамыздың 14-күнi Мемлекеттiк бiлiм беру гранттарын тағайындау жөнiндегi конкурстық комиссиясы мәлiмдедi.

Бiлiм гранттары мен несиелерге ие болған талапкерлердiң 10 мыңға жуығы ауыл мектептерiнiң түлектерi. Дегенмен жоғары оқу орнына тапсырған талапкерлердiң сынақ тапсыру нәтижесiнде 28 пайызының бiлiм деңгейлерi өте төмен болған. Олар 40-тан төмен бал жинаған. Бiрақ Мемлекеттiк бiлiм беру гранттарын тағайындау жөнiндегi комиссияның мүшелерi өткен жылға қарағанда, биылғы жылғы талапкерлердiң бiлiм деңгейлерi анағұрлым жоғары деп отыр. Аталған комиссияның мүшесi Болатбек Серiкбайұлының айтуынша, талапкерлердiң 50 пайызының бiлiм деңгейi орташа. Ал бiлiм деңгейлерi жоғары талапкерлер бiр пайызға да жетпейдi. Мыңға жуық бала ғана 100-ден жоғары бал жинаған.

Мемлекеттiк бiлiм гранттарының 340-ы жетiм балалардың үлесiне тиiптi. Ал оралман талапкерлердiң 800-ге жуығына бiлiм мемлекеттiк бiлiм гранттары бұйырыпты.

Биыл журналистика, халықаралық қатынастар, дизаин және музыкалық бiлiм мамандықтары бойынша бәсеке жоғары болған. Мысалы журналистика мамандығы бойынша бiлiм гранты 110 балдан төмен болмаған.

Қазақстан бойынша ең көп бiлiм грантын жеңiп алған талапкерлер Алматы облысының балалары. Олардың үлесiне 2800-ге жуық бiлiм гранты тиген. Бұдан кейiнгi кезекте ең көп гранттар мен несиелер Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстiк Қазақстан және Павлодар облысының талапкерлерiне бұйырған. Ал Атырау мен Маңғыстау облыстарының талапкерлерi аз ғана бiлiм гранттарына қол жеткiзген. Комиссия мүшелерiнiң айтуынша, бiлiм деңгейлерi ең төмен талапкерлер де осы облыстан болған.

Аталған мемлекеттiк гранттар мен несиелердi ең көп жеңiп алған талапкерлердiң денi Қазақстандағы төрт жоғары оқу орнының болашақ студенттерi болады. Ол жоғары оқу орындары – Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттiк университетi, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетi, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетi және Солтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетi.
XS
SM
MD
LG