Accessibility links

Астанада біртұтас экономикалық кеңістік құру жөніндегі жоғары дәрежелі топтың кезекті 7-отырысы басталды


Тамыздың 15-күнi Астанада Қазақстан, Ресей, Украина және Беларусьтің Біртұтас экономикалық кеңістігін құру жөніндегі жоғары дәрежелі топтың кезекті 7-отырысы басталды.

Бұл жоғары дәрежелі бірлескен жұмыс тобын құру туралы шешiмдi ағымдағы жылдың ақпан айының 23-iнде Мәскеу қаласында жоғарыда аталған төрт елдiң мемлекет басшылары қабылдаған болатын. Сонымен бiрге мемлекет басшыларының шешімімен жоғары дәрежелі топтың жұмыс органы Украина астанасы Киев қаласында орналасқан едi. Топтың алғашқы отырысы биылғы жылы наурыз айының 17-сi мен 18-iнде Киев қаласында өтті.

Жоғары дәрежелі топқа жүктелiнген басты мiндет - 2003-жылдың қыркүйегіне дейін Біртұтас Экономикалық Кеңістікті құру жөніндегі келісімнің жобасын дайындау болатын.

Бұл жолы Қазақстан Астанасында өтiп отырған басқосуға Қазақстан жағынан қатысқан өкілдерді республиканың вице-премьерi Сауат Мыңбаев, Ресейлік делегацияны орыс үкімет жетекшiсiнiң орынбасары Виктор Христенко, Беларусь өкілдерін бас министрдiң орынбасары әрі экономика министрі Андрей Кобяков, Украинадан қатысқан өкiлдер тобын сол елдiң премьер-министрiнiң орынбасары әрі қаржы министрі Николай Азаров басқарды. Сол күні түс кезiнде төрт елдiң топ жетекшiлерiн Астанадағы өз резиденциясында Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. Олармен кездесуден кейiн журналистер алдына шыққан Қазақстан Президентi осы топтың атқарған жұмыстарына жоғары баға бердi.

Президент Н.Назарбаевтың айтуынша, ендi алдағы қыркүйек айында Ялта қаласында өткелi отырған мемлекет басшыларының кезектi басқосуында Бiртұтас экономикалық кеңiстiк құру туралы келiсiмге қол қойылатын болады. Сонымен бiрге жоғары дәрежелi топ бiртұтас экономикалық кеңiстiктiң тұжырымдамасын және атқарылар шаралар кешенi мен оның кезеңдерiнiң жоспары секiлдi маңызды құжаттарды даярлады. Сөз соңында Н.Назарбаев «Бұл осы келiсiмге қол қойғалы отырған елдердiң өзара бiр кеңiстiк шеңберiнде ықпалдасуына бағытталған талпынысы» деген баға бердi.

- Егер ТМД күткендегiдей нәтиже бермеген, көптеген мәселелер шешiмiн таба алмай, үнемi сүрiнумен келген құрылым болса, бұл жолы сауда және баға бойынша еркiн әрi тәуелсiз жұмыс iстейтiн комиссиясы бар кеңiстiк құрылатын болады, - деп атап өттi Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев.
XS
SM
MD
LG