Accessibility links

Орталық сайлау комиссиясы маслихат депутаттығына кандидаттарды мемлекеттiк қызметшiлер санатына жатқызып отыр


Осылайша жергiлiктi өкiлдi органға депутаттықтан дәмелi азаматтар ендiгi жерде мемлекеттiк қызметке қабылданғандарға қойылатын талап шарттарын орындауы тиiс.

Яғни олар тиiстi сайлау комиссияларына өздерiнiң табыс көздерiнiң тазалығын дәлелдейтiн анықтама құжатын тапсыруға мiндеттi.

- Бiрақ, жергiлiктi сайлау комиссиялары депутаттықтан үмiткерлердiң тек өздерiнiң ғана емес, сонымен бiрге олардың жұбайы не зайыбының да табысы жөнiнде арнайы декларацияны талап етуде, ал мұның қаншалықты заң талабына сай екенiн бiле алмай отырмыз, - дедi жұма күнi радиомыздың Астанадағы бюросына Семей қаласынан телефон шалған жергiлiктi «Поколение» қозғалысының жетекшiсi, қалалық маслихат депутаттығына кандидат Любовь Чечулина.

Ол өзi кандидат болып тiркелген қаладағы нөмiрi 5-шi округтiк сайлау комиссиясы талап еткен соң өзiнiң зейнетақыдан басқа табысы жоқ екендiгi туралы анықтама әкелiп тапсырған екен. Алайда округтiк сайлау комиссиясы ендi оның жұбайының да осындай анықтама әкелуiн талап етiп отырған көрiнедi. Үмiткер Л.Чечулина мен оның жұбайы қатардағы зейнеткерлер, еш жерде жұмыс iстемейдi.

Бiз бұл мәселенiң анық-қанығын бiлу мақсатында Семей қалалық сайлау комиссиясының хатшысы Қарлығаш Жарылғапқызымен хабарласқанымызда ол Орталық сайлау комиссиясынан келген сондай нұсқаудың бар екендiгiн растады. Қалалық сайлау комиссиясы хатшысының айтуынша бүгiнгi таңда Семей қаласы бойынша қалалық маслихат депутаттығына тiркелiп отырған 124 кандидат және облыстық маслихат депутаттығынан үмiткер 21 адам түгелдей өздерiн тiркеген тиiстi сайлау комиссияларына өздерiнiң және жұбайларының табысы туралы анықтама тапсыруға мiндеттi.
XS
SM
MD
LG