Accessibility links

Ішкі ахуал


Шет елдік ақпарат құралдары соңғы кезде Қазақстан туралы не жазды?

Лондонда орналасқан адам құқықтары жөніндегі Ислам комиссиясының С.Джаномохамед деген ғылыми қызметкері “Қазақстан және Н.Назарбаевтың “қуыршақ жүйесі” атты көлемді мақаласын қазақ еліндегі діннің ахуалын ішкі саяси жағдаймен, адам құқықтары мен сөз бостандығының қазіргі жайымен тығыз байланыстыра сипаттап жазыпты.

Мақаланың бірінші жолынан автордың қозғап отырған тақырыбын терең бойлай алғаны айқын байқалады. Мысалға, С.Джаномохамедтің пікірінше, өзіне туысқан басқа ортаазиялық диктаторлар сияқты, Н.Назарбаевтың режимі – өздерінің ұжымдық авторитарлық гегемониясына төнген орасан қатер есебінде, исламшылдарға қарсы шүйліккен. Н.Назарбаев – мемлекет тарапынан тағайындалатын мүфтий бастаған біртұтас ұлттық мұсылман құрылымдары арқылы исламды уысында ұстағысы келеді.

Мақаланың “қарақшы-барондардың ортаазиялық мемлекетінің пайда болуы мен нығаюы” атты екінші тарауында, автор “жергілікті бюрократтар елдің ресурстарын банктің құнды қағазы ретінде қарастыратын Қазақстан - жүйелі түрде талан-таражға салынуда; міне осы қуыршақ жүйе Н.Назарбаев отбасының ашса алақанында, жұмса жұдырығында тұр; билік басында туысқан-тамырлық пен жемқорлық кең етек жайған; Қазақстанды “Назарбаев және оның Ұлдары Компаниясы” деп атаған дұрыс еді” деп сипаттайды.

Өйткені, Н.Назарбаевтың отбасы мен жақын маңайындағылар, Джаномохамедтің пікірінше, экономика мен үкіметтің ең негізгі салаларын уыстарында ұстап отыр. Зерттеулер көрсетіп отырғандай, Н.Назарбаевтың қызы Дариға – Қазақстандағы телерадиохабар тарататын және мезгілді баспасөз құралдарының басым бөлігін қадағалайды. “Хабар” телекомпаниясымен қатар, ол Қазақстан журналистерінің Конгресін басқарады; Рахат Әлиев, Н.Назарбаевтың күйеу баласы, барлау қызметі, салық және кеден сынды аса маңызды мекемелерді өз ықпалында ұстайды; оның басқа күйеу баласы Темір Құлыбаев – елдің банк саласы мен мұнай секторында жетекші орынға ие. Н.Назарбаев отбасының қаржылық іс-әрекеті мемлекеттік құпия болып жарияланған.

Автордың пікірінше, “Қазақгейт” сынды аса қауіпті жанжал отбасының шексіз жемқорлығының ауқымын әшкерелеп берді. Аталмыш мақаланың басқа тарауларында Қазақстан билігінің ислам дінімен қоса, саяси оппозиция мен оның өкілдерін және тәуелсіз баспасөзді аяусыз қудалауы, елдегі құқық қорғаушы мекемелердің бұқара халыққа қарсы жәбірлеу, қинау-зорлау шараларын шексіз қолдануы түгел қамтылады. С.Джаномохамедтің есептеуінше, халықаралық қысым болмаса, Н.Назарбаевтың шексіз билеп-төстеуі ешбір кедергісіз жалғаса беретін тәрізді. Өйткені, автордың пікірінше, Н.Назарбаев үшін оның режимін АҚШ-тың астыртын түрде қолдауы өте маңызды болуда.

“Берлинер Цайтунг” атаулы неміс газетінің 12-інші тамызда жарық көрген мақалада, оның авторы Зигрид Авереш, Қазақстанда осы күндері қызу жүріп жатқан сайлауалды науқанына тоқталып өтеді. Қазақстан, оның пікірінше, шектеу мен реформаторлық шаралардың қақ ортасымен жылжып келеді, ал оппозиция саяси қысымға арызданады. 1990-ыншы жылдан бері мемлекет басшысы болып отырған 63 жастағы Н.Назарбаев, Зигрид Аверештің есептеуінше, жалғыз басқа табыну жүйесінің орнығуын қолдайды.

Совет Одағы дәуірінде қазақ компартиясының басшысы болған Н.Назарбаев әрқашанда өз қолындағы билікті нығайта білетінін көрсетіп келеді. Содан бері ол қолына шексіз билікті шоғырландырып алды. 1995-інші жылғы жаңа конституция елді парламенттік демократиядан президенттік билікке қайтарды; 1999-ыншы жылғы сайлау Н.Назарбаевты іс-жүзінде мәңгілік президент етті, ал “Отан” партиясын құру арқылы ол өзіне мемлекеттік аппаратпен тығыз байланысқан билік құралын жасап алды.

Ал енді міне, деп жазады неміс журналисі, Астана аймақтық және парламенттің төменгі палатасына депутат сайлауға әзірленіп жатыр. Ол бірқатар заңға өзгеріс енгізуді, оның ішінде “сайлау туралы” жаңа заң қабылдауды жоспарлауда. Зигрид Аверештің жазуына қарағанда, төменгі палатаға келесі жылға белгіленген депутат сайлауын бақылаушылар – шешуші сәт деп санайтын көрінеді және олардың пікірінше, ол сайлау – мемлекеттің не ашық демократиялық қоғам құру жолына түскенін, не түспегенін аңғартпақ.

Алайда, деп күдігін жасырмайды автор, 2002-інші жылы үкімет “Партиялар туралы” жаңа заң қабылдап, оппозицияны едәуір қансыратты. 1 жылдың ішінде партиялардың қатары 19-дан 7-ге дейін қысқарды. Оппозиция билік тарапынан зор қысым көруде. Мамыр айында ғана оппозиция мен ресми өкіметтің екі ортасында адасып жүрген “Ақ жол” партиясы қысым көріп отырғанын мәлімдеді. Партияның хабарлауынша, белгісіз біреулер бірнеше сағат бойы өзінің баспасөз-хатшысын ұстап отырды.

Қысқасын айтқанда, соңғы кезде, Батыс баспасөзі беттерінен де, ТМД елдерінің, оның ішінде Ресей баспасөзінен де Қазақстан мен оның ресми билігі жайында оң көзқарас, жылы пікір табу аса қиын. Ол үшін, Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың “Қазақгейт” үшін бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдинді айыптағаны сияқты, елдегі оппозицияны кінәлауға ешқандай негіз жоқ.
XS
SM
MD
LG