Accessibility links

Литва Европадағы "жас жолбарыс" бола ала ма?

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Бұрыңғы сәуеттік, империалистік одақпен жарты ғасыр бойы шайқаса жүріп, өз тәуелсіздігін әрең алған Балтық бойы елдерінің бірі - Литва, енді Европадағы жас жолбарыстардың біріне айналмық.

Оған негіз де жоқ емес. Себебі , Литваның биылғы жылғы экономикасы кемінде 7 пайызға өсетін көрінеді.

Балтық бойы мемлекеттерінің бірі, шағын ғана республика – Литваның биылғы бір жылдық экономикалық табысы 7 пайыздан асып жығылар екен десе сенетіндер көп бола қоймас.

Жарты ғасыр бойы сәуеттік империя қолы астында, коммунистік режим құрсауында маталып қалған шағын Литва, басқыншы одақтан тәуелсіздік алғалы бері, он жыл өтер-өтпестен-ақ даму жолына түскен.

Жер асты, үсті табиғат байлығымен онша мақтана алмайтын Литва, жалпы әлемдік экономика бір шама дағдарысқа ұшараған кездің өзінде, 7 пайыздық табыспен алға жылжуы ерекше құбылыс деуге келеді.

Сондықтан Британияда шығатын "Экономист" гәзетінің өткен айда Литваны "Балтық бойы жолбарысы" деп атауында үлкен мән жатыр.

Бұған дейін Европадағы "Жолбарыс" атағына, ЕвроОдақ даму қорларынан ұтымды пайдаланып, заманауи техникалық даму деңгейіне қарай бет алған, Ирландия ие болып келген еді.

Бірақ Литваның қол жеткізген бұл табысы ерекшеленіп тұрғандығы ақиқат. Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанындағы экономикалық даму 9.4 пайыз болған. Ал бұл көрсеткіш бұрыңғы "Жолбарыс" - Ирландияда бұл арада – 0.8 пайыз болса, әлемдегі дәулетті елдердің бірі – Германиядағы өсім нөл пайызға барабар.

Сондай-ақ, Литвада инфляция жоқ есебі. Жұмыссыздық 10 пайыздан кері төмендей бастаған.

Литва астанасы Вильнюстағы Хансабанктың талдаушысы Видмантас Саферистің айтуынша, Литва халықаралық банктермен өзара келісу арқасында бір шама қаржы тапшылығынан құтылып, шет елдік инвестицияны дер кезінде елге тарта білген.

- Литваның жолы болып тұр, әсіресе валюта мәселесінде. Себебі Литва шет елдік несие, инвестицияны айтарлықтай төменгі пайызбен алып жатыр. Сол арқылы ішкі экономиканы бір шама дамытып алды, - дейді талдаушы.

Литваның бұндай беталысын байқаған АҚШ орталық банкы және ЕвроОдақтың Европа орталық банкы доллар мен евроның пайыздық бағамын барынша төмендетіп ұсынд. Литва ақшасы литастың доллармен ара салмағы да жаман емес.

- Әлемдік тарихта мұндай жақсы мүмкіндік сирек кездеседі. Ал Литва өз экономикасын дамыту арқылы инвестицияны молынан тартып, өндірісті дамытып, өз базарына тұтынушыларды барынша көбейте алды, - дейді Саферис.

Лондондағы Экономист барлау орталығынан Анна Уокердің айтуынша, евро құнының көтерілуі және Мазейкиай мұнай өңдеу зауытына, Ресейден мұнай шикізатының арзан бағамен, дер кезінде, молынан жеткізілуі де Литва пайдасына шешілді.

- Олар Мазейкиай зауытына Ресей мұнайының тұрақты жеткізілуінен үлкен пайда тапты. Экспорт көлемі ұлғайды, - дейді Лондондық сарапшы.

Дегенмен әзірше, бұл табыстың негізінде мықты экономикалық саясат жатыр ма, әлде кездейсоқ жол болушылық па, оны айтуға ертерек. Бірақ 1990-жылдардан бастап-ақ, Литвалық ресми басшылық валюталық саясатты қатаң бақылау астына алды. Салық жинауды реттеді, бүджеттік дефицитті қысқартты.

- Бақылауға келетін, еселеп көбейетін нәрселер бар. Ол үшін тұрақты саяси кеңістік қажет. Сондай саясат қана валюта мен экономикаға сенім оятады, - дейді Уокер ханым.

Литвадағы тұтыну тауарларының бағасы өткен бір жылда 1 пайызға төмендеген, енді жақын арада көтерілмеуі де мүмкін.

Бірақ Саферистің айтуынша, дефляция Литва үшін онша үлкен алаңдайтын нәрсе емес. Ресей және ТМД аймағындағы өзге республикалардан келетін импорттық заттар Европа және алыс Азиядан келетін дүниелерге қарағанда арзандау. Ол да аз табыс емес.

Литва келесі жылы Европа одағына кіреді. Бірақ ол кезде қазіргі экономикалық өркедеу біршама бәсеңсүі мүмкін.

- Біз, онсыз да, келесі жылы, біршама экономикалық тежелуді шамалап отырмыз. Себебі, биылғы табыс аса жоғары болды, - дейді сарапшы.

Уокердің айтуынша, өсім жалғаса бермек, бірақ Европа одағына кіргеннен кейін бәсекелестік қысымы астында экономикалық өркендеу біршама саябырсуы мүмкін, дейді кейбір талдаушылар.
XS
SM
MD
LG