Accessibility links

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» өз мүшелерінің бірі Ғалымжан Жақияновқа рахымшылық сұрау туралы өтініш жазуын міндеттеді


Бірақ «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестіктің саяси кеңесінің жетекшісі Төлен Тоқтасыновтың айтуынша, Ғалымжан Жақияновқа өтініш жазсын, деген шешімді саяси кеңестің мүшелері 3-ші тамыз күні арнайы кеңес өткізіп, қабылдаған

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» бірлестігінің саяси кеңесінің жетекшісі Төлен Тоқтасынов:

- Бұл мәселені біз өзіміздің саяси кеңесіміздің отырысында, 3-ші тамыз күні талқыладық. Соңынан бұл жөнінде Қарлығаш (Ғалымжан Жақияновтың жұбайы) арқылы айтып жібердік. - «Ғалымжан, сені халық күтіп отыр, бізде сені күтіп отырмыз, арыз жаз», - деп айттық.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестіктің саяси кеңесінің мүшесі, бас коммунист, мәжіліс депутаты Серікболсын Әбділдинның айтуынша, Ғалымжан Жақияновтың рахымшылық сұрау туралы өтініш жазудан басқа амалы қалмады. Сол себептен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестіктің саяси кеңесі сондай шешім қабылдаған.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестіктің саяси кеңесінің мүшесі, мәжіліс депутаты Серікболсын Әбділдин:

-Ғалымжан Жақияновтың жұбайы арыз берген, ол заңда бар. Соған Елбасы құлақ аспағаннан кейін, біз Ғалымжан Жақияновқа өз мүмкіндігіңді пайдалан, деп айтқанбыз. Ол, әрине бірден көнген жоқ, алғашында жазбаймын, деді. Соңынан ойланайын, деді. Біз оның денсаулығына алаңдадық, біреу ұрып соғып кетсе, қайтеміз, деп ойладық. Сол арқылы саяси кеңес осындай 3-ші тамыз күні келді. Сол шешімді Ғалымжанның өзіне айттық, соңынан 6-ші тамыз күні ол өтініш жазды.

Оппозициялық бағыттағы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестік жетекшілерінің бірі Ғалымжан Жақиянов рахымшылық сұрау туралы өтінішті 6 тамыз күні жазған, бірақ бұл құжат Президент әкімшілігіне жетпей отыр, деп мәлімдеді 13 тамыз күні мәжіліс депутаты Серікболсын Әбділдин, оның себебін бас коммунист былай деп бағалады.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестіктің саяси кеңесінің мүшесі, мәжіліс депутаты Серікболсын Әбділдин:

- Бұл жерде нақты түрде тұжырым жасау қиын, бірақ Президент маңында жүргендердің өзі жақсы емес. Ғалымжан Жақияновты соттатқан адамдардың өзіне Ғалымжанның түрмеде отырғаны тиымды. Халық арасында Ғалымжан Жақияновты түрмеге отырғызғандардың бірі Қайырбек Сүлейменов, деген әңгіме бар. Ішкі істер министрі, генерал Қайырбаек Сүлейменов сот басталмай тұрып, Ғалымжан Жақиянов кінәлі, түрмеде отыру керек, дегенді айтқан. Мұндай генералдар үлкен адамдарға жағу үшін сөйлей береді. Қазіргі үкімет басына келген Даниал Ахметов та қарсы болған оларға. Сол себептен билікке жақын адамдардың ықпалы төменде жұмыс жасайтындарға әсер етуі мүмкін.

Бұл орайда, билік партиясы атанған «Отан» партиясының мүшесі Абзал Нүкенов Ғалымжан Жақиянов төңірегінде болып жатқан оқиғының түбінде саясат жоқ, деген пікірін білдірді.

«Отан» партиясының мүшесі Абзал Нүкенов:

- Бұл Ғалымжан Жақияновтың рахымшылық сұрау туралы өтініш жазуы оның Конституциялық құқығы. Оны Елбасы шешеді, бірақ Ғалымжан Жақиянов өзінің азаматтық құқығын сақтай отырып, өтініш жазды. Оны оппозиция өз пайдасына пайдаланғысы келеді, бұл дұрыс емес, себебі бұл адамның тағдыры.

Бұл пікірді Қазақстанның «Азаматтық» партиясының жетекшісі Азат Перуашевта қолдап отыр.

Қазақстанның « Азаматтық» партиясының жетекшісі Азат Перуашев:

- Біріншіден, біз әлі арыз бар ма, әлде жоқ па, деген мәселені анық білмей отырмыз. Екіншіден, бұл Ғалымжан Жақияновтың азаматтық құқығы. Менің пікірімше, бұл шараның саяси мағынасы жоқ, бұл тек азаматтық құқық, азаматтық шара.

Сонымен қатар, «Отан» партиясының мүшесі Абзал Нүкенов соңғы оқиғаларды оппозиция өкілдері сайлау алдында саяси үпай жинау үшін ұйымдастыруы мүмкін, деген ойын білдірді.

«Отан» партиясының мүшесі Абзал Нүкенов:

- Бұл неге айтыла береді, мен осыны түсінбеймін.Бұл арнайы ықпал ету үшін жасалып отырған шара ма? Алдында Мұхтар Әблязов арыз жазды, соңынан оны шығарды, оның төңірегінде мұндай шара ұйымдастырылған жоқ. Ал, қазір Ғалымжан Жақияновқа байланысты баспасөз мәслихаттары өтіп жатыр. Бұл арқылы оппозиция саяси ұпай жинап отыр, оны ашық айту керек.Олар сайлау алдындағы саяси технологияларды белгілі деңгейде пайдаланады, бірақ шектен тыс болмау керек. Жалпы, сайлаудың өтуіне, қоғамның дамуына зиян тигізбеуі керек.Біз өркениетті мемлекет құрып жатырмыз, сол себептен оппозиция күресті өркениетті түрде жүргізу керек еді, бір адамның түрмеге түскен қасіретін пайдаланбау керек еді.

Әзірге «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестіктің саяси кеңесі Ғалымжан Жақияновтың жағдайына алаңдаушылық білдіріп отыр. Мәжіліс депутаты Төлен Тоқтасыновтың айтуынша, қазіргі кезде Ғалымжан Жақиянов түрмедегі ең қауіпсіз орында, яғни ШИЗО-да отыр. ШИЗО, яки түрме ішіндегі түрме, ерекше жазалау тас бөлмесі.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» бірлестігінің саяси кеңесінің жетекшісі Төлен Тоқтасынов: - Ғалымжан Жақияновқа Парламент депутаттары, құқықорғаушылар жіберілмеді, соңынан біздің естуіміз бойынша, Ғалымжан өзі арыз жазып ШИЗО-ға отырыпты, себебі оның өміріне қауіп төрген, сол себептен ол мені қауіпсіз орынға отырғызыңыздар, деген. Түрмедегі ең қауіпсіз орын ШИЗО екен. Менің естуімше, (сонда Ғалымжанмен отырған жігіттерден) онда Ғалымжан Жақиянов су және нан ғана алады екен.

Кейбір бақылаушылар, Ғалымжан Жақияновтың өтінішіне Қазақстан Президенті қол қойса, онда Ғалымжан Жақиянов Мұхтар Әблязов сияқты саясаттан кетуі мүмкін. Олай болған жағдайда саясаткерлердің пайымдауынша, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестік әлсіреуі мүмкін, бірақ бұл оймен мәжіліс депутаты Серікболсын Әбділдин келіспейтінін жеткізді.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестіктің саяси кеңесінің мүшесі, мәжіліс депутаты Серікболсын Әбділдин:

- Менің ойымша, саясатта жүр, келді, кетті,- деген ұғымдардың өзі дұрыс емес. Егер саясатта Н. Назарбаевты қолдаса, оны ешкім жазғырмайды, ал Президентті ашық сынаса, онда оған саясаттан кет, - дейді. Қоғамда, ортада жүргендіктен мына құбылыстың барлығы адамдардың барлығына әсер етеді. Менің пікірімше, Елбасының оларға не істеу керектігі жөнінде айтқанының өзі артық. Екіншіден, халықтың барлығы біледі, олар өздері өтініш жазса, сонда шығарамын, деген Елбасы. Сол сөзін орындау керек Елбасы, мен солай ойлаймын.

Жалпы Серікболсын Әбділдиннің пікірінше «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестік Қазақстан қоғамының дамуына айтарлықтай үлес қосты.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестіктің саяси кеңесінің мүшесі, мәжіліс депутаты Серікболсын Әбділдин: - Бұл «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестіктің атқарған еңбегі зор. Ең бірінші шешкен мәселесі, ол біздің мемлекеттегі «рекет» - деген мәселе. Оның өзі экономикалық рекет, саяси рекет, бірін-бірі көреалмау, деген рекет болған, осыны жойды олар. Екіншіден, бізде Елбасы мемлекетті монархияға сүйреген, соны айтуға тиым салғызды «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестік.

Қазақстан оппозиция өкілдері де, Қазақстан үкіметіне жақын тұлғалар да Ғалымжан Жақияновтың бостандыққа шыққанын күтіп отырғынын айтады. Себебі ең алдымен олар Ғалымжан Жақияновқа азамат ретінде алаңдап отырғанын жеткізді. Бірақ Ғалымжан Жақиянов абақтыға не себептен отырды деген сураққа келгенде, оппозицияның да үкіметтің де көз-қарасы әр-түрлі.
XS
SM
MD
LG