Accessibility links

Европадағы қауіпсіздік пен әріптестік ұйымының бағдарламасы

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Европадағы қауіпсіздік пен әріптестік ұйымы Қырғыз полициясын арнайы дайындықтардан өткізу үшін арнайы бағдарлама әзірлеп отыр.

Қырғызстан полициясын арнайы дайындықтардан өткізу арқылы Европадағы қауіпсіздік пен әріптестік ұйымы Орта Азия елдері ішінде алғаш рет осыған қатысты өз бағдарламасын бастап отыр. Аталған ұйымның Бішкектегі орталық басшысы Айдын Еділ және Қырғызстан өкімет басшысы Николай Танаев 7-ші тамыз күні өзара түсіністік жөніндегі қаттамаға қол қойған болатын.

Ол бойынша ел полиция күштері қатарын реформалау, жаңашаландыру және оны күшейту көзделуде. Осы құжатқа қарағанда Европадағы қауіпсіздік пен әріптестік ұйымы аталған бағдарлама үшін 4 миллион доллар көлемінде инвестиция енгізбекші. Қырғыз полиция қызметкерлері арасындағы дайындықтың төмендігі мен кәсіби машықтың жетіспеушілігі осындай бағдарламаның дүнйеге келуіне түрткі болған еді. 18 айға арналған бұл бағдарламаның жүзеге асырылуы барысында бірнеше салалар қамтылмақшы.

Атап айтқанда, бұл қызметтегі әдістердің жетілдірілуі және Қырғыз Полиция академиясын, оның ішінде қайта дайындықтан өткізетін оқу бөлімдері жұмыстарын жақсарту және есірткіге қарсы күреске полиция қызметкерлерін машықтандыру, сондай-ақ халық арасындағы жанжалдар мен басқа да бей-берекеттіктерге дер кезінде, әбжіл түрде жауап бере алуға полиция күштерін дайындау көзделуде. Қырғызстандағы адам хұқықтарын қорғау ұйымының белсенділері, әсіресе бұл бағдарламаны өткізудегі соңғы себепке түбірімен қарсылық білдіріп отыр. “Мұның өзі қарапайым азаматтардың сөз бостандығы мен жиылыстарға еркін қатысу хұқықтарына нұқсан келтіретін болады”,- дейді олар.

Өзге де ұйым өкілдерінің пікірінше аталған бағдарламаның жүзеге асырылуы ел азаматтарының еркін шерулер мен басқа да басқосуларға қатысу хұқын шектейтін болады, - дейді. Әсіресе, олардың пікірінше, 2005-ші жылы болатын ел басылық және парламенттік сайлаулар қарсаңында мұның әсері айқын көрініс бермекші.

Ал, Европадағы қауіпсіздік пен әріптестік ұйымының ресми өкілі Барри Мейерс 13-ші тамыз күні журналистер алдында сөйлеген сөзінде өкіметтік емес ұйымдар тарапынан жасалған ұсыныстарды да қамти отырып жұмыс істейтін арнайы топтардың елде құрылатыны жөнінде айтып өтті. “Вечерний Бишкек” басылымының жазуынша, аталған ұйымның ресми өкілдері “Бұл бағдарлама полиция мен халық арасындағы әріптестікті орнатуға ықпал етеді”, - деген сенімде екен.

Мысалы, Европадағы қауіпсіздік және әріптестік ұйымының полиция істері жөніндегі кеңесшісі Ричард Монктың пікірінше, қоғамда заңдылық пен тәртіптің орнатылуы үшін халық пен полиция қызметкерлері арасындағы өзара сенімнің орнығуы аса маңызды буын болып табылады. Бұл бағдарлама Қырғыз өкіметі өтініші бойынша, 2002-ші жылдың қазаны мен желтоқсан айлары арасында Венадағы Полиция істерінің стратегиясы бойынша одақ тарапынан арнайы түрде дамытылған болатын. 2002-ші жылдың наурыз айында Қырғыз полициясының бейбіт шерушілерге қарсы оқ атып, оның кесірінен алты адамның қаза болғаны белгілі.

Бұл оқиға елде мыңдаған адамдардың қатысуымен шерулердің одан әрі өрістей түсуіне әкелген еді. Сол жылдың қыркүйек айындағы өкімет пен оппозиция арасындағы келісім арқасында ғана “Бішкекке қарай ұлы шеру” атты наразылық шаралары тоқтатылған болатын. Осы оқиғалардан кейін Қырғыз өкіметі аталған бағдарламаның жүзеге асырылуы жөнінде арнайы өтініш жасаған еді.
XS
SM
MD
LG