Accessibility links

"Әмнести интернешнл" Ресейге көк автобус жолдап отыр


Ресейдегі адам құқықтарының сорақылығы жөнінде "Әмнести интернешнл" сияқты демократиялық ұйымдар үнемі дабыл қағып келеді.

Олар әдетте Ресей үкіметіне наразылық хаттарын жолдайды, Ресейдегі жағдай жөнінде түрлі баяндама жариялайды. "Әмнести интернешнл" осы жолы қоғам назарын аударудың ерекше амалын тапты, "Әмнести интернешнл" Ресейге автобус жолдап отыр. Көк түсті автобус қазір Шығыс Европа елдерін аралап жүр, бірер күнде Ресей шекарасын өтіп, Мәскеуге бет алмақшы. Алайда, Ресей басшылары сөзінде тұрып, көк автобусты еліне кіргізе қояры екі талай.

"Әмнести интернешнл" ұйымының Швейцария бөлімшесі жолдаған автобус Лихтенштейн, Австрия, Словения, Венгрия және Словакияны басып, қазір Чех республикасына жетті. Үлкен көк автобусқа Ресейдегі адам құқығын бұзу деректерін хаттаған құжаттар, наразылық хаттары, фотосуреттер тиелді. Көк автобус 100 күн жол жүріп, Мәскеудің қақпасына жетпекші. Автобусты Герхард Висер-Тхут және оның әйелі Агнес басқарып отыр. Жоба жетекшісі – Криста Долд деген келіншек.

Криста Долд сапар жобасы өткен жылдың қараша айында басталғанын айтады. "Әмнести интернешнл" ұйымы Шығыс Европа елдеріндегі жаңа бөлімшелерінің қаржы тапшылығын, қызметкерлердің аздығын ескеріп, ортақ сапар шегуді ертеректе ойластырды. Сапардың негізгі мақсаты – Ресейдегі адам құқықтарының сорақылығын көрсету және жалпы адам құқықтарының орнын насихаттау. "Біз әсіресе Чешенстандағы жағдайға алаңдаулымыз", дейді көш басшысы Криста Долд:

- Адамдар Чешенстанда күнде жоғалады. Ресей билігінің адамдары оларды көшеден ұстап әкетеді, туған туыстары олардан бейхабар қалады. Бірнеше айдан кейін олар соттан тыс өліммен жазаланып жатады. Ал туған туыстары жоғалған адамдардан мүлдем хабарсыз қалады.

"Әмнести интернешнл" ұйымы сапар барысында Чешенстаннан тыс жерлердегі зұлымдықтарды да баяндап келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының "Азаптауға қарсы келісіміне" қосылса да, қинау мен зорлық Ресейде кең етек жайды. Алдын ала тергеу барысында азаматтарды азаптау Ресей полициясында әдетке айналды, саналуан деректі құжатпен растаймыз, дейді "Әмнести интернешнл".

Ресей полициясына түскен азаматтар таяқ жейді, электртоғымен ұрылады, зорлауға тап болады, газ маскасымен тұншықтырылады. Ресейлік азаматтар қамаудан босап шықса да, шеккен қорлығына дау айтудан қалды, себебі заң жүйесі басынан аяғына шейін сыбайласқан жемқорлыққа батты.

"Әмнести интернешнлдің" көк автобуысындағы қоғамдық қызметкерлер Ресейдегі шағын ұлттардың мәселелерінде сөз етіп келеді. Шағын ұлттардың құқықтары Ресейде жүйелі түрде бұзылады, дейді Криста Долд:

- Ресей Федерациясындағы шағын ұлттардың құқықтары жүйелі түрде бұзылып келеді. Бір шағын ұлттың мысалында мәселені басымдау айтпақпыз. Бұл – месхеттердің басындағы мысал болмақ.

100 мың месхет Екінші Дүниежүзілік соғыстың барысында Грузиядағы тарихи мекенінен Ферғана жазығына қоныс аударылған. 1989 жылы бастарына ойран салынған соң ондаған мың месхет Ресейдің оңтүстігін жағалап қаңғып кетті. Ресей билігі оларды заңдастырудан бас тартып келеді, Ресей азаматтығына жолатпайды. Ал совет заманында берілген паспорттардың мерзімі қазан айында аяқталмақ.

"Әмнести интернешнлдің" көк автобусы Ресейге жақындаған сайын сапарымызды бірауыз қолдайтындардың қатары кеміп келеді, сапарымыз жөнінде жергілікті тұрғындар түрлі көзқарасты, сыни көзқарасты жиі айта бастады. Демек, автобусымыз Ресейге жақындаған сайын Шығыс Европа елдерінің халықтары Ресейдегі шынайы жағдайдан бейхабар, - дейді Криста Долд.

Көк автобус бірер күнде Ресей шекарасын өтіп, Мәскеуге бет алмақшы. "Ресей басшылары сөзінде тұрып бұл көк автобусымызды еліне кіргізе қояры екі талай. Барлық визамыз қолымызда, алайда Ресей сақшалыры жол бойында не айта қоятыны белгісіз", дейді көк автобустың жүргізушісі Герхард Висер-Тхут.
XS
SM
MD
LG