Accessibility links

Баспасөз шолуы

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда Ресейдегі қазақтардың тағдыры мен тағы да басқа саяси, әлеуметтік тақырыптарға арналған мақалалар жарық көрген.

Кезінде тағдыр тәлкегімен қоныс аударуға мәжбүр болған мыңдаған қазақтардың бүгінде Ресей мемлекетінде өмір сүріп жатқандығы аян. Бірақ кезінде өз ата-мекенінен көшуге мәжбүр болған Ресейдегі қазақтар қазіргі кезде рухани жағынан қағажулық көріп отыр.

“Жас алаш” газетінің кезекті санында жарық көрген Қазбек Құттымұратұлының мақаласындағы келтірілген деректерге сүйенсек, Орынбор облысында ғана 120 мың қазақ тұрып жатыр. Ресей мемлекетінде қазақ тілінде шығатын “Айқап” атты жалғыз басылымның тиражы екі мыңнан аспайды екен. Себебі Ресейде қазақ көп болғанымен, қазақша оқи алатындардың саны жыл өткен сайын азайып барады.

Сондай-ақ Орынбор қазақтарының “Жайық лебі” атты радиохабары бар-жоғы айына екі-ақ рет, 35 минутқа ғана эфирге шығады. “Айқап” газетінің бас редакторы Кенжеғали Қибашұлының айтуынша, биылғы жылы Ресейде Қазақстан жылы жарияланғанда ондағы қазақтар ерекше өзгерістер болады деп күткен. Бірақ Ресейдегі қазақтардың бұл үміті ақталмаған.

Мақала авторының айтуы бойынша Ресейдегі қазақтар ішер ас пен киер киімнен тарығып отырған жоқ. Алайда жылдар өткеннен кейін Ресейдегі қазақтардың жаппай орыстанып кетуі ықтимал. Өйткені Ресейдегі барлық қазақтардың басындағы қиын жағдай – тіл проблемасы. Орынбор облысының өзінде қазақ тілі сабағы 46 мектепте факультатив ретінде, 12 мектепте жеке пән ретінде жүргізілгенімен, бүгінде қазақ тілі ресейлік қазақтардың тұрмыстық қарым-қатынасынан шығып барады екен.

Ал “Новое поколение” апталығының кезекті №33 (273) санында жарық көрген Асан Қуановтың мақаласында соғыстан кейінгі өмірді қалпына келтіру үшін, қазақстандық әскерилердің Иракқа аттанғандығы туралы айтылған. Келісім-шарт бойынша Иракқа аттанғандардың алғашқы тобы тамыздың он тоғызыншы жұлдызында Багдадқа ұшып кетіпті.

Қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаевтың айтуынша, әскерилердің дайындығы мен қаржылық қажеттілігі бюджеттен төленеді, ал қалған шығындардың бәрін де Ирактағы біріккен коолиция күші өз мойнына алады. Қазақстан жауынгері жарақат алса немесе қаза тапса оның отбасына қосымша қаржылық көмек көрсетіледі. Егер де Иракта төтенше жағдай орын алса онда ол жаққа Қазақстаннан АН-12 самолеті ұшып шығады.

“Ақ жол Қазақстан” басылымының соңғы санында Қазақстандағы белгілі екі саясаткер Дос Көшім мен Петр Своик “Депутатты қалай таңдайсыз” деген сауалнамаға жауап берген. Дос Көшім “биліктің қылышынан қан тамып тұрған уақытында халықтың мүддесін жоқтап, ту көтерген не сол тудың астында иық тіресетіріп тұрған жандарды таңдайтындығын тілге тиек ете келіп, өз ұлтының мақсат-мүддесін түсінбеген, оны жақсартуға күш жұмсамаған азаматтың, депутат болып, бүкіл қоғамды жақсартуға күш салатындығына күмән келтірген.

Саясаткер Петр Своик болса депутатты екі талапқа сай таңдайтындығын білдірген. Оның таңдайтын адамы, белгілі бір саяси топқа мүше болуы керек. Петр Своиктің пайымдауынша мәслихаттағы не Парламенттегі жеке депутат өте батыл, адал әрі ақылды болғанына қарамастан, заңды тұрғыда ештеңе шеше алмайды.

Екіншіден, бұл адам аурухананың бас дәрігері немесе кәсіпкер болмауы тиістігін сөз қылған Петр Своик, әкімдердің жергілікті мәслихатқа жоғарыда аталған екі категория мамандарын арнайы таңдайтындығына тоқталып өткен. “Бас дәрігер шын мәнінде адал халыққа еңбегі сіңген азамат бола тұра, әкімге бағынышты болғандықтан, мәслихатта ел мүддесі үшін қызмет етуге қабілетсіз. Ал кәсіпкер депутаттыққа не өз бизнесіне тіреу болуға, не әкімнің отбасылық бизнесін гүлдендіруге сайланады” дейді саясаттанушы Петр Своик.

Қазақстан мемлекеті 2004 жылдан бастап өлім жазасына мараторий енгізуі ықтимал. Бұл туралы “Отан” партиясының қаржыландырумен шығып жатқан “Страна и мир” апталығының кезекті санында “Жазалауға болмайды!” деген редакциялық мақала жарық көрді.

Қазақстан Республикасының Әділет министрі Оңалсын Жұмабаевтың айтуына қарағанда, бүгінгі күнде өмір-бақи бас бостандығына айырылғандарға арналған түрме салу жоспарланып қойылды. Бұл жүйені іске қосу үшін үш жылдың ішінде мемлекет қазынасынан 16 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Қазақстан мемлекетінің өлім жазасын бас тартуының себебін Әділет министрі Оңалсын Жұмабаев, соңғы жылдардағы қылмыстың азаюымен байланыстырып отыр.

“Дала мен қала” газетінің кезекті санындағы Қанат Тәкебаевтың мақаласында биылғы жылы Қазақстандағы базарларда жеміс-жидек бағасының шарықтап тұрғандығы тілге тиек етілген. Газеттің осы санында рухани тақырыпқа арналған мақалалар көбірек орын алған. “Көне ескерткіштер неге көңілсіз” деген редакциялық мақалада соңғы жылдары қорған тонаушылардың тым көбейіп бара жатқандығы сөз болған.

Міне осының кесірінен ескі заманғы бұйымдар Қазақстанның музейлері мен галлереяларында емес, Еуропа антикварлық салондарынан табылып жатқан көрінеді. Археолог мамандардың айтуынша, кез-келген антикварлық дүкеннен кем дегенде бір көне дүниені кездестіру әдеттегі іске айналған.

“Экспресс К” газетінің 23 тамыз күнгі санында жарық көрген Николай Халабузардың мақаласында Талдықорғанда жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесінде, қарақшылық тәсілмен шығарылған кассеталар қоймасының табылғандығы айтылған. Тексеріс кезінде қаржы полициясы тәркіліген аудио және видеокассеталардың саны екі мыңнан асады.

“Алматы ақшамы” газетінің 23 тамыз күнгі санында алдағы оқу жылында жаңаоқу формасының енгізілетіндігі туралы әңгіме Қазақстандағы мыңдаған ата-аналардың алаңдаушылығын туғызып отырғандығы сөз болған. Мақала авторының айтуынша жаңа оқу формасын енгізген күнде, Қазақстандығы тұрмысы ауыр мыңдаған ата-аналардың оны сатып алуға қалтасы көтермейді.

Ал, “Жас қазақ” газетінің кезекті санында атақты әнші Роза Бағланова немересін жаңа оқу жылына дайындау үшін мың доллар қаражат жұмсағандығын тілге тиек еткен.

“Известия–Қазақстан” қосымшасының 23 тамыз күнгі саны толықтай спорт тақырыбына арналған. Газет тілшісі Ян Метриктің мақаласында әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Василий Жировтың Калифорния штатындағы өтіп жатқан сайлауға түсетіндігі сөз болған. Егер де әлем чемпионының сайлау барысында айы оңынан туып кетсе, Василий Жиров бір-ақ күнде Калифорния штатының губернаторы болып шығуы ықтимал.

Америка Құрама Штаты тарапынан жұқпалы ауруларды емдеуге Қазақстан мемлекетіне 20 миллион доллар қаржы бөлінетін болды. Бұл туралы “Панорама” апталығының соңғы санында айтылған.
XS
SM
MD
LG