Accessibility links

«Қазтелекомға» қауіп төндірген LoveSan (Blaster) вирусы

  • Сәуле ОМАР

«Қазтелеком» ААҚ-ның компьютерлік жүйесіне қауіп төндірген LoveSan (Blaster) вирусының таралуы тоқтатылды

Елдегі байланыстың ұлттық операторы «Қазтелеком» ААҚ-ның компьютерлік жүйесіне қауіп төндірген LoveSan (Blaster) вирусының таралуы тоқтатылды. Бұл туралы дүйсенбі күні аталмыш компанияның баспасөз қызметінен хабарланды.

Таратылған ақпаратқа қарағанда,аталған вирустың компания компьютерлік жүйесіне енуінің салдарынан оның корпоративтік жүйесінің сыртпен қатынасы қиындап, орталық аппараттың кеңселері мен кейбір бөлімшелерінің жұмыс істеуіне бірқатар ауыртпалық түскен. Сонымен қатар, LoveSan (Blaster) вирусы «Қазтелеком» ААҚ-ның республика аумағындағы бес бөлімшесінің де компьютерлік жүйесіне енген.

Ал, тамыздың 11-мен 21-і аралығында вирустың орталық жүйеге 2200-ден астам енуі тіркеліпті. Осыған байланысты компанияның ақпараттық технологиялар қызметінің мамандары тарапынан зақым келген компьютерлер анықталып, вирусты емдеу мен алдын-алу шаралары қарастырылған. Зақымдаушы вирустың көзін жою ақпаратты сақтаушы CheckPoint FireWall-ING жүйеаралық экраны мен ISS фирмасының енуді анықтайтын RealSecure жүйесін орналастыру арқылы мүмкін болған.

Бүкіләлемдік интернет жүйесіне осы вирус өткен аптаның бас кезінде таралған болатын. Ал, тамыздың 13-і күні ол интернеттің барлық жүйесін қамтып, нәтижесінде АҚШ мен Еуропаның 400-ден астам компанияларының компьютерлік жүйесіне зақым келтірген.
XS
SM
MD
LG