Accessibility links

Бомбейге бомбалық шабуыл жасаған кімдер?


Бүгін Үндістанның Бомбей қаласының үнді және мұсылман тұрғындары 50 кісінің ажалына жеткен дүйсенбі күнгі бомбалық шабуыл құрбандарының жаназасын шығарды.

Үнді полициясы бұл шабуылдың сыртында Пәкістанмен байланысы бар ислам қарулы топтары тұр деген күдікте. Алайда Үнді үкіметі бұ жолы Пәкістанды айыптаудан сақтанып отыр.

50 кісінің ажалына жеткен дүйсенбі күнгі Бомбейдегі шабуылдан кейін үнді полициясы мен әскері қауіпсіздік шараларын мейлінше ширатты деп жазады радиомыздың талдаушысы Рон Синовитс. Бұл Бомбейде 1993 жылғы 260 кісінің ажалына жеткен бомбалық шабуылдан кейін үлкен қанды қырғын болды дейді Синовитс.

Үндістан үкіметі, әсіресе, елдің Нью Дели Бомбей тәрізді қалаларындағы, Гуджарат тәрізді тұрақсыздық жайлаған өлкелеріндегі қауіпсіздік шараларын қатайтқан. Әсіресе, әуежай, теміржол бекетттері, үкімет үйлері тәрізді орындардағы күзет күшейтілді. Дүйсенбі күнгі болған шабуылға жауапкершілікті әлі ешкім мойынына алмай отыр. Бомбей қаласының полиция комиссары Ранжит Синх Шарманың мәлімдеуінше бұл қылмысты жасаған Үндістанда тиым салынған қарулы ислам топтары:

"Екі қопарылыс екі жерде орын алды. Бомбаның екеуі де такси тоқтайтын алаңға қойылған" - дейді полиция комиссары.

Және бұл қопарылыстарда опат болғандардың 30 пайызы мұсылмандар дейді ол. Үндістан үкімет басының орынбасары Лал Кришна Адвани бұл қопарылыстар Үндістан мұсылман студенттері қозғалысының немесе Пәкістанда орналасқан Лашкари – Тоибаның жұмысы деді. Бұрын Үндістан үкіметі террористік әрекеттердің бәрін тек Пәкістаннан көретін. Бұ жолы үкімет Пәкістанды тікелей айыптаудан сақтанып отырғаны байқалады. Дүйсенбі күні ресми Пәкістан Бомбейдегі бомбалық шабуылды террористік әрекет деп айыптады. Үндістан үкімет басының орынбасары Адвани:

"Бұл шабуылдар да осыдан 10 жыл бұрынғы шабуылдардан аумайды. Олар қолға түскен. Кейбіреуі қашып кетіп Пәкістан оларды паналатқан. Үнді үкіметі Пәкістаннан сондай 20 кісіні ұстап беруді талап еткен. Ол адамдардың аты Интерпол тізімінде де тұр." "Мен Пәкістаннан сол тізімделген 20 кісіні ұстап беруді тағы да талап етемін" - деді Адвани.

Дүйсенбі күні Бомбейде болған бомба қопарылысын көзбен көрген Джулам Нуур былай деді:

"Мен таксистердің бірін көрдім. Аспанға ұшып барып қонақ үйдың алдына барып түсті. Біраз машина зардап шекті."

Махараштра штатының бас министрінің орынбасары Чаган Бхажбал террористердің ниеті үнді экономикасына нұқсан келтіру болған деп біледі:

"Террористердің осынау туристер шоғырланған Таж Махал қонақ үйін, Геитваеиді, Завери Базарды таңдап алуы біздің экономикамызға соққы бермек ниетттен туған."

Бомбейдегі қаржы биржасының маманы Ашок Ажмера террористердің бұл шабуылы Бомбейдегі қаржы базарына қатты әсер етті дейді:

"Қалада бомбаның қопарылуы акция сатушыларды шошытып оларды тезірек акцияларын сатуға итермеледі. Біреулер 500 кісі өлген екен деп жүр. Осының бәрі үрей туғызды."

Үндістан коммерция және индустрия федерациясының төрағасы Амит Митра бұл оқиғаның Үнді экономикасына әсері соншалықты болмайды деп біледі:

"Бүгін біздің экономикамыз жылына 6,5 пайыздық өсіммен келе жатқан тұрақты экономика. Бұл қопарылыс шынтуайтына келгенде біздің экономикамызға айтарлықтай әсер етпейді."
XS
SM
MD
LG