Accessibility links

Баспасөз шолуы

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда Қазақстанда “Иегова куәгерлерінің” жиыны өткендігі және тағы да басқа саяси, әлеуметтік тақырыптарға арналған мақалалар жарық көрген.

“Сөз” тәуелсіз апталығының соңғы санында жарық көрген редакциялық мақаладағы келтірілген деректерге қарағанда, Ғалымжан Жақияновтың өтініші президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жетпей жатқан сыңайлы.

Мақала авторының айтуынша Нұрсұлтан Назарбаев белгілі оппозиция өкілі Ғалымжан Жақияновтан жәй ғана рақымшылық сұрауын талап етіп отырған жоқ. Ол одан Түркіменстанның оппозиционері Борис Шихмурадов секілді ешқашан істемеген қылмыстарды мойнына алып, президенттің аяғына жығылып кешірім сұрауын талап етіп отыр.

Ғалымжан Жақияновқа келгенде биліктің таршылық жасай қалуының астарында саяси астар бар екендігін тілге тиек еткен мақала авторы, осыған байланысты өз пайымдауын жасайды. “Адал да таза, батыл саясаткерлерді саяси сахнадан кетіріп, 2006 жылғы президенттік сайлауда жалғыз қалу үшін Нұрсұлтан Назарбаев жолын тазалап жатыр. Әкежан Қажыгелдинді шет елге кетірді, Мұхтар Әблязовтан “саясатқа араласпаймын” деген қолхат жаздыртып алды. Ғалымжан Жақияновқа да соны істетпек” дейді мақала авторы.

“Сөз” тәуелсіз апталығының орыс бөліміндегі соңғы санында Ғалымжан Жақияновтың ісімен Құшмұрын түрмесінде жүрген оның адвокаты Елена Ребенчуктың сұхбаты берілген. Елене Ребенчуктың айтуына қарағанда билік Жақияновтың президентке жазған өтінішін Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткізбеу үшін әр түрлі әрекетке барып отыр.

Жақияновтың рақымшылық сұрап жазған өтініші тамыздың алтыншы жұлдызында жазылғанымен ол әлі күнге шейін өз иесіне жеткен жоқ. Рақымшылық жасау жөніндегі президенттің жанындағы комиссия Ғалымжан Жақияновтың өтінішті өз қолымен жазуын талап етіпті. Процесті жеделдету үшін Елена Ребенчук Ғалымжан Жақияновқа өтінішті жаздыртып алған. Бірақ өкінішке қарай коллония басшылығының жоқтығын сылтау қылып, Жақияновтың өтінішін қабылданбай қалыпты.

“Сөз” тәуелсіз апталығы түрмедеге орын алып отырған келеңсіздікті тілге тиек етсе, “Время” апталығының 28 тамыз күнгі санындағы Елена Выборнованың мақаласында Тараз қаласындағы құқық қорғау орындары қызметкерлерінің заңсыздығы туралы баяндалған. Оқиғаның қысқаша тарихына тоқталатын болсақ Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасының алты қызметкері азаматтардың қалтасына есірткі салып жіберіп, оларды қорқытып-үркітіп пара алып отырған. Бүгінгі таңда қылмыскерердің бәрі де тиісті жазасын тартыпты.

“Заң” газетінің кезекті санында берілген Жұмагүл Темірғалидың мақаласында облыстардағы әкімдердің заңды белшесінен басып отырғандығы сөз болған. Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемнің мөлшерін азайту туралы заңсыз шешім қабылдаған. Нәтижесінде бюджет он миллионға жуық теңгеден қағылған. Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы прокурорының наразылығы бойынша аудан әкімдігінің жер туралы 51 заңсыз қаулысы заңға сәйкестендірілген.

“Экспресс К” газетінің 28 тамыз күнгі санында да қылмыс тақырыбына арналған Тохнияз Кучуковтың мақаласы жарық көріпті. Мақалада Қазақстан тарихында тұңғыш рет бір адамның алаяқтық ісіне орай 59 қылмыстық істің қозғалғандығы айтылған. Бұл оқиғаның басты кейіпкері жаркенттік “Алтын дән” атты акционерлік қоғамының президенті Ақмаров мырза. Тергеу орындарының деректеріне сүйенсек, Ақмаров мырза 1998 жылы он бір миллион теңгені заңсыз иемденіп алып, ізін жасырып үлгірген. Алайда қылмыскер көп ұзамай Мәскеудің құқық қорғау орындары қызметкерлерінің қолына түседі.

“Түркістан” басылымының соңғы санында жарық көрген Есенгүл Кәпқызының мақаласында Қазақстан мемлекетіндегі түрлі дінді уағыздап жүрген шет ел миссиноерлерінің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткендігі тілге тиек етілген. Мақала авторының айтуына қарағанда таяуда “Иегова куәгерлерінің” жиыны өтіпті. Осы жиынның билетінің бағасы 700 теңге болғанына қарамастан ине шаншар орын болмапты. Қазақтың жігіттері мен қыздарының өзге дінге өтіп кетуіне көп жағдайда жоқшылық пен мұқтаждық себеп болады екен. Есенгүл Кәпқызы аталмыш факторлардың басты себебі Ислам дінінің насихатының дұрыс жүргізілмегендігінен деп есептейтіндігін айта келіп, мешіттегі имамдардың діни сауатына күмән келтіріп, оларды атестациядан өткізіп тұру жөнінде ұсыныс жасайды.

“Столичная жизнь” апталығының 28 тамыз күнгі санында жарық көрген Оксана Лисицкаяның мақаласында да осы тақырып жалғасын тапқан. Мақалада оңтүстік астанаға қырық шақырым қашықтықта орын тепкен жердегі кришнайт фермасында, осы дін иелерінің екі мың адамы жиналып “Шри Кришна Джанмаштамидың” мерекесін тойлап өткендігі баяндалған. Мереке бір күнге созылған. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары мемлекетте үш жүзге жуық әр түрлі діни сектолар пайда болған.

“Ана тілі” апталығының кезекті санындағы Мырзан Кенжебайдың мақаласында сайлау тақырыбы сөз болған. Мырзан Кенжебайдың айтуы бойынша бүгінгі таңда қандай сайлау болса да мұртын балта шаппайтын екі партия бар. Ол – “Отан” мен “Азаматтық” партиясы, бұған “Аграрлық” партияны да қосуға болады. Қанша сыбырлап сөйлесек те бұндай науқан кезінде әр түрлі атқарушы және құқық қорғау орындары тарапынан заң, ереже бұзушылықтардың болатындығын тілге тиек еткен. мақала авторы, олардың бірсыпырасына тоқталып өтеді.

“Алматы ақшамы” газетінің 28 тамыз күнгі санындағы Құттыбек Аймаханның сайлау тақырыбына арналған мақаласында көп жағдайда үміткерлердің “Қазақстан Республикасының сайлау туралы” Заңының талаптарын бұзып қана қоймай, өздеріне тиімді лас әрекеттерді де пайдаланатындығы тілге тиек етілген.

Қазақстан құрт ауруына шалдыққан адамдардың саны жағынан алда келе жатқан мемлекеттердің бірі болып саналады. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпарына сүйенсек, Қазақстандағы 310 мыңнан астам адам осы ауруға шалдыққан. Бұл туралы “Известия-Қазақстан” қосымшасының 28 тамыз күнгі санындағы Полина Корннның мақаласында айтылған.

“Мегаполис” апталығының соңғы санында саясаттанушы Досым Сәтпаевпен терроризм тақырыбына байланысты сұхбат жүргізілген.

“Егемен Қазақстан” газетінің 28 тамыз күнгі санында Қазақстан Сыртқы Істер министрі Қасымжомарт Тоқаевтың жаңа кітабынан үзінді берілген.
XS
SM
MD
LG