Accessibility links

Қазақстанның Демократиялық Таңдауы қозғалысының мүшелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды


Қазақстанның Демократиялық Таңдауы қозғалысының мүшелері ақпараттық парақша таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Сәрсенбі күні кешкілік Астананың орталық стадионы маңында ақпарат парақшаларын таратып жүрген 5 азаматты жергілікті полиция қызметкерлері ұстап әкеткен. Ұсталғандардың арасында Қазақстанның Демократиялық таңдауы қозғалысының мүшелері де болған, ал олар таратқан парақшаларда Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайына қатысты үстіміздегі жылдың ақпан айында өткен Европарламенттің отырысы туралы ақпарат жазылған болатын дейді тамыздың 27-күні астаналық сақшылар ұстап әкеткендердің бірі Болатбек Біләлов.

Болатбек Біләлов, Қазақстанның Демократиялық таңдауы қозғалысының мүшесі:

- Алдымен полиция қызметкерлері біз таратып жүрген парақшаларды сұрап алып өздері оқып көрді. Оның мазмұнымен танысқаннан кейін біздің жанымызға полиция қызметкерлері мен жай киім киген адамдар толып кетті. Қалалық ішкі істер басқармасында үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істейтін бөлім өкілі полиция майоры Әміренова келді. Бұдан кейін олар бізбен «әңгіме өткіземіз» деген желеумен бізді полиция бөлімшесіне алып келді.

Болатбек Бәліловтың айтуынша полиция қызметкерлері ұсталған азаматтардан ақпарат парақшаларының 300 данадан астамын алғаны жөнінде хаттама толтырған.

- Алайда, олар бізге осы хаттаманың бір данасын беруден бас тартты. «Себебі бізде қағаз көшіретін құрал-жабдық жоқ, қаржы жоқ» деген сылтау айтқан полиция қызметкерлеріне «онда мен өз ақшама сіздер толтырған хаттаманың көшірмесін алайын» дедім. Бірақ олар менің сөзіме құлақ асқан жоқ, - дейді Б.Біләлов.

Біз осы істің анық-қанығын білу мақсатында бейсенбі күні Астана қалалық ішкі істер басқармасына барған едік. Алайда, жоғарыда аты аталған полиция майоры Гүлнар Әміренова басқарма басшылығының рұқсаты болмайынша бізге сұқбат беруден бас тартты.

Астанадағы әрбір әкімшілік құқық бұзушылық туралы іске байланысты баспасөзге жауап беру үшін қалалық басқарма бастығының тікелей рұқсаты керектігі біздің таңданысымызды тудырғанымен, басқарма бастығына жолығып, осы іс бойынша сұрақ қоймақшы болдық. Алайда ол кісінің қабылдауында респбуликаның ішкі істер министрлігінен үлкен шенеуніктер отырғандықтан «Азаттық» радиосының тілшісінің сұрағына жауап беруге Астана қалалық ішкі істер басқармасы бастығының жуық арада қолы тимейді деген жауап алдық.

Сонымен, сәрсенбі күні Астананың орталық стадионы жанынан ұсталған бес адамға қарсы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 106 бабы бойынша қозғалған әкімшілік істі тамыздың 28 күні түстен кейін Астана қаласындағы ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сот қарайтыны мәлім болды. Бір атап өтерлік жайт, бұл статья бойынша сайлау науқаны кезінде аты-жөнін көрсетпей мәлімет таратқаны үшін жауапкершілікке тарту көзделген.
XS
SM
MD
LG