Accessibility links

Теңізге шығу мүмкіндігі жоқ дамушы елдер

  • Саясат БЕЙİСБАЙ

Теңізге шығу мүмкіндігі жоқ дамушы елдердің халықаралық конференциясы Іс-қимыл бағдарламасын және Алматы декларациясын қабылдады

Алматыда екінші күн өтіп жатқан халықаралық конференцияда күн тәртібіне қойылған мәселеге орай бірқатар елдердің өкілдері сөйлеп, ұйымдастыру шарасында орын алған проблемаларды ортаға салып, мәселені оң шешудің мүмкіндіктерін қарастырды. Түске дейін конференция төрағасы Анварул Чоудхури мен Қазақстан Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев осы басқосуды жүргізіп отырды.

Халықаралық конференция қорытындысына орай БҰҰ бас хатшысының орынбасары Анварул Чоудхури мырза баспасөз мәслихатын өткізді.

- Біз бұл халықаралық конференцияның Алматыда жоғары деңгейде өткеніне ризамыз. Алғашқы күні Қазақстан президенті осы басқосуға қатысса, ал екінші күні Қазақстан үкімет басшысы келіп, конференция қабылдаған Алматы декларациясын қолдайтынын білдірді, - деді Анварул Чоудхури мырза.

Конференция қабылдаған Іс-қимыл шарасы мен Алматы декларациясы теңізге шығу мүмкіндігі жоқ барлық елдерге қатысты құжат ретінде қаралып отыр. Алдағы қазан айында теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ елдердің өкілдері басқосып, Алматыда қабылданған құжаттың жұмысын жүзеге асыруды жалғастырады. Сол арқылы халықаралық жүйе қалыптасады. Алматы декларациясы – теңізге шығатын жолы жоқ елдер үшін маңызды құжат.

Осында қабылданған бағдарлама арқылы әр елдің тауарларын шет мемлекеттерге кедергісіз шығаруға жол ашылады. Әрі кедендік таривтер, салықтың реттелуі дамушы елдердің болашағына оң ықпал жасайды. Сол үшін де барлық елдер бір келісімге келуді ойластыруда, дегенді айтты Анварул Чоудхури мырза баспасөз мәслихаты барысында.

Бұл конференция қолға алған жаңа істің бастамасы ғана. Алдағы қолға алған шешімдерді жүзеге асыру басты шара. Ендігі жерде БҰҰ бас ассамблеясында біз Алматы декларациясында қабылданған құжатты қараймыз, Алматы бағдарламасын жүзеге асыру – БҰҰ-ның құзырында болады, деді Анварул Чоудхури мырза.

Осы халықаралық конференцияға қатысушы донор елдер мен қатар, көптеген халықаралық үкіметтік емес ұйымдар Алматы декларациясын қолдап отырғаны айтылды Анварул Чоудхури тарпынан.

Жұма күні қабылданған Алматы декларациясында теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдердің транзитті тасымал саласында осы елдердің мүдделеріне сәйкес мәселелер қарастырылған. Осыған орай дамушы елдердің қажеттілігін қамтамасыз ету бағытында донор елдердің екіжақты және көпжақты қаржылай және техникалық көмегін ұлғайту шарасы көрсетілген. Дамушы елдердің тауар айналымын ұлғайту арқылы олардың экономикалық өсуіне жол ашу, тасымал саласында тиімді шараларды қолға алу қарастырылған.

Конференция қорытындысына орай Қазақстан Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев өз пікірін білдірді.

- Бұл конференция өте нәтижелі өтті. Бірнеше өзекті мәселелер талқыға салынды. Басқосу қорытындысына орай іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Сондай-ақ Алматы декларациясы БҰҰ тарихында қалады, - деді Қазақстан республикасының сыртқы істер министрі.

Сонымен, жұма күні кешкісін Алматыда теңізге шығуға жолы жоқ және транзитті елдердің халықаралық конференциясы аяқталды. Жалпы, бес күнге созылған конференцияда Алматы іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. 83 елден және 20-дан астам халықаралық ұйымдардан келген делегаттар осы құжатты бірауыздан мақұлдады. Алматы іс-қимыл бағдарламасы дамушы елдерге қатысты маңызды құжат болмақ.
XS
SM
MD
LG