Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда бюджет ақшасының қолды болуы туралы және жергілікті мәслихаттарға сайлауға қатысты мақалалар жарық көрді.

“Миллионды қалай ұрлауға болады?” деген мақаласында “Новое поколение” газетінің тілшісі Талғат Қалиев алаяқ жас бойжеткеннің республикалық қазынашы қызметіне жалған құжаттармен орналасып қана қоймай, мемлекеттің 180 миллион теңгесін қалай жымқырып кеткенін баяндайды. “Мемлекет бюджеті егер одан жап-жас қыз ешқандай күдік тудырмастан миллион долларды қыстырып алып кете алса, онда ол соншалықты қауқарсыз болғаны ғой”, - деп жазады автор.

Ал “Экспресс К” газетінің апталық санында Павлодар облысында 370 мың теңге пара алу үстінде қамауға алынған кеден қызметкері туралы жазылған “Үлкен сомамен ұстады” деген мақаланың жалғасы берілген. Онда журналист Тохнияз Күшіков: “Павлодар облысының кеден басқарамасының қызметкерлері телефонмен сөйлесу кезінде мені жазалау үшін барлық құралдарды пайдаланатындықтарын айтты”, - деп жазады. “Мен маклер болар едім, егер мені үйретсе”, - деген “Мегаполис” газетіндегі мақаласында Сырым Ержанов Қазастандағы тұрғын үй рыногына бойлайды.

Жергілікті мәслихаттарға сайлау басылымдардың басты тақырыптары қатарынан түскен жоқ. “Тараз қаласында сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары басталмай жатып-ақ, “жүйріктердің” жолын кес-кестеген батыраш-қотыраштардың баяғы ұр да жық әдіс-тәсілдерінің “жаңа нұсқалары” жүзеге асырылды”, - деп жазады “Жас алаш” газетінің Жамбыл облысындағы тілшісі Көсемәлі Сәттібайұлы.

Оның айтуынша, бүгінгі күні кандидаттарға жүйке ауруларын емдейтін ауруханадан анықтама беру кезінде қасақана тосқауылдар қойылады. Автор мысал ретінде Тараз қаласының мәслихатына кандидат боп тіркелген Жолдығұл Әбдиевтің жүйкесін жұмсартқан жұмбақ анықтаманың жайын баяндайды.

Сонымен бірге журналистің мәліметтеріне қарағанда, “Сенат депутаттығына кандидат болған алматылық бір азамат сайлау шығынына шетелден 250 мың АҚШ долларын алдырыпты”. “Ал сонда, облыстық мәслихаттың “орынтағы” қанша тұрады? Күн санап ақша санап жүргендердің айтуынша, облыстық мәслихатқа ең кемі 15 мың АҚШ доллары шығын болатын көрінеді”, - деп жазады Көсемәлі Сәттібайұлы.

Жоғары соттың бұрынғы төрағасы Мақсұт Нәрікбаевтің бүгінде “Сайлауды бақылау қоғамдық комитетін” ұйымдастырушылардың бірі болғанын хабарлайды “Комсомольская правда Казахстан” газеті. “Орталық сайлау комиссиясы әрдайым тек сайлау кампаниясын өткізуге тиісті адамдарға ғана қызықты қымбат тұратын шаралар ұйымдастырады. Ал сайлаушылар мен депутаттыққа нақты кандидаттарға мұндай конференциялар ешқандай да пайда әкелмейді”, - депті Нәрікбаев газет тілшісіне.

Осы газет ұйымдастырған “Әділ сайлауды кім бақылау қажет?” деген сауалнамаға “Пираттыққа қарсы” ассоциациясының президенті Тамерлан Төлегенов: “Мен сайлаудың әділ болатындығына мүлдем сенбеймін. Сондықтан, 5 жыл болды оған қатыспаймын. Таңдалғандар сайлаушылардың емес, тек қарабастарының мүддесін көздейді”, - деп жауап берген.

“Казахстанская правда” газетінде Конституциялық Кеңес төрағасы Юрий Хитриннің “Құқықтық қорғалудың берік кепілі”, Жоғары Сот төрағасы Қайрат Мәмидің “Жоғары құндылық”, Бас прокурор Рашид Түсіпбековтің “Алға жылжу мен демократия жолында” деген Конституция күніне арналған мақалалары жарық көрген.

Онда, мәселен, Рашид Түсіпбеков Конституция қағидаларына қайшы келетін заңдарға Бас прокурордың наразылық білдіру механизмін әзірлеу қажеттігін алға тартады. “Конституцияның ролі мен беделін көтеруде конституциялықтық күзетінде тұрған Конституциялық кеңестің орны маңызды”, - дейді Хитрин мырзаның өзі. Оның айтуынша, бұл кеңес өз қызметі барысында өте көптеген өтініштерге орай Конституция нормаларын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін шешімдер шығарған.

Алайда, “Ақ жол Қазақстан” газетіндегі “Билік Конституцияға бағына ма, Конституция билікке бағына ма?” деген мақалада Конституциялық кеңестің жұмысына күмән келтіріледі.”Билік тармақтары арасында дау туғанда да, заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексергенде де, адам құқығына байланысты шешім шығарғанда да Констиуциялық кеңес Үкіметтің сөзін сөйлейді”, - деп жазады “Ақ жол Қазақстан” апталығы.

Онда әрі қарай: “Ең өрескелі Парламент депутаттарының сұрақтарына жауап берген Конституциялық кеңес төрағасы Юрий Хитрин мырзаның: “Мен Конституцияның қазақшасын оқыған емеспін, оған жауап бере алмаймын ”, - деп, ұлты қазақ болмағаны үшін жауапкершілігін жартылай жеңілдетуге тырысқандығы”, - деп жазылған.

“Конституциямыздың 7-ші бабының 1-ші тармағында :”Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі” деп жазылған. Ал шындығында қазір біздің елімізде қазақ тілі мемлекеттік тіл деп кім айтады? Ол баяғы Кеңес өкіметі тұсындағы құрып кетуге таянған мүшкіл халінде тұр”, - дейді “Дала мен қала” газетінің тілшісі Қанат Тәкебаев.

Ал мерейлі мереке қарсаңында Шымкент қаласында идеялары Конституцияға жат діни-эстремистік “Хизб-ут-тахрир” ұйымының жасырын бапаханасын ұлттық қауіпсіздік ұйымының әшкерелегенін жазады “Эспресс К” газетінің соңғы санында Ирина Галушко “Конституцияны қорғай отырып” атты мақаласында.
XS
SM
MD
LG