Accessibility links

Бағдат тұрғындары қалада қылмыс түрлерінің көбейіп кеткендігіне шағымдануда.

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Бағдатта қылмыстар түрі өршіп тұр. Жаңа құрылған Ирак полициясы да бұл жағдайдың алдын кесуде шарасыздық танытуда

Бұдан бірнеше айлар бұрын Бағдаттың орташа тап өкілдері тұратын аудандар адам өміріне қауіпсіз аймақтардың бірінен саналса, қазір жағдай өзгерген. Бұл жерлерде қарулы қылмыскер топтар тапа-тал түсте білгендерін істеп, кісі тонап, көлік ұрлап, ғимараттарды үптеуге де еркін кіре беретін болып тұр.

Мысалы, Бағдаттағы полиция бекетіне жақын маңда көлікте бомбалық жарылыс орын алған. Абырой болғанда, ешкім қаза болмаған. Бірнеше адам жараланған екен. Бұл оқиғаның себептері тексерілуде.

Бағдаттағы бір Халықаралық Медициналық ұйымда аудармашы боп жұмыс істейтін Басем Саддоун деген азаматтың Азаттық радиосы тілшісіне айтуынша, Бағдат көшелерінде қазір Америка әскерилері өте сирек көзге ұшырасады. Қаладағы қауіпсіздік істерін олар Ирак полициясының қолына табыс еткенге ұқсайды.

Қалай болғанда да Ирак полициясы біртіндеп күш жинап келе жатқандай-, дейді Саддоун мырза. “Бұл жерде, көшеде полиция мен қарулы топ арасында шайқас болды. Әрине, полиция күштері оларды тоқтатпақшы болғанда олардың араларында атыс орын алды. Полициядан екі адам қаза болыпты. Қылмысты топтан екі адам оққа ұшқан. Ал олардың тағы бірі полиция көлігіне мініп алып қашқан ғой-, дейді Саддоун мырза.

Оның айтуынша, қалада ешқандай АҚШ әскери бекеттері жоқ. Олардың орынына Ирак полиция бекеттері жайғасқан. Олардың көліктерін ұрылар сондықтан да алып кетіп жүр. Ұрланған көлікті немесе қаруды жолда тұрғандарға ақша беріп-ақ еркін алып жүруге болады. Сондықтан да қарулы қылмыскер топтар қазір Ирак жерінде еркін сайрандап жүр-, дейді әлгі азамат.

Әсіресе, қалада әйелдердің жүріп-тұруы қауіпке айналған. Олар кем дегенде үш ер адамның қарауылдауымен көшеге шықпаса болмайды. Себебі, оларды ұрлап кету деген өршіп тұр. “Әдетте қылмыс атаулы түнде орын алады деп ойлауға бейімбіз ғой-, дейді Саддоун мырза-, алайда, қылмыскерлер өз әрекеттерін күндіз-ақ еркін жүзеге асыра беретін болған. Ал, түнде сол қылмыстарының жемістерін масайрай жүріп тойласады-, дейді ирактық азамат ашына.

Басқа да ирактықтар сияқты Саддоун мырза да, қылмыстың мұншалықты дәрежеде өршіп кетуіне Американың бастауындағы басқыншылық саясатты айыптауда. Заң мен тәртіпті көпшілік жұртқа барынша кең тұрғыда таныстыру үшін Құрама Штаттарының технологиясы жеткілікті ғой-, дейді олар.

Ал, Ирак өкімет Кеңесінің мүшесі Моувафак Ал-Рубайе бұл тұрғысында оптимистік бағытты ұстанып отыр. Оның сөзіне қарағанда Бағдаттағы қауіпсіздік мәселелері соншалықты дәрежеде құлдилап кеткен жоқ. Бағдаттықтардың көпшілігі дерлік өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғана қолдарына қару ұстап отыр.

Ол сондай-ақ соңғы соғыс қарсаңында түрмелердегі барлық тұтқындарды бостандыққа жіберу жөніндегі Саддам Хусейннің бұйрығы осы жағдайға көбірек ықпал етіп отыр-, деген тұрғыда пікір айтты. Ал-Рубайе мырзаның пікірінше, қазіргі елдегі полиция күштері соншалықты мықты болмағанымен, уақыт өте келе ол қажетті күшті жинайтын болады. Әсіресе офицерлер қатары күн санап жақсарып келеді екен. Сондықтан, алдағы бірнеше айлар ішінде Бағдаттағы қылмыс көлемі едәуір азаятын болады-, дейді Ал-Рубайе мырза.

Ал, Саддоун мырзаның пікірінше, қылымсты топтарға қарсы күресте АҚШ күштері тым жұмсақтық танытып отыр. Бағдаттық бірнеше тұрғындардың шағымына қарағанда, америкалық әскерилер қылымскерлерді қамауға алғанымен, олардың Саддам Хусейнге бүйрегі бұратындар мен коалиция күштеріне қарсы күресуші басқа да саяси топтарға қатысының жоқтығын анықтағаннан кейін, дереу қамаудан шығарып жібереді екен-, дейді Азаттық радиосының тілшісі Валентинас Мите.

Ал, АҚШ әскери лейтенанты Фил Томпсонның Ройтер ақпарат агенттігіне берген сұхбатына қарағанда, Ирак далаларында қару-жарақ көптеп жасырылып тасталған. Сондықтан қылмыскерлер үшін қару табу деген үлкен проблема емес. Елдің талай аймақтары, әсіресе Иорданиямен шегара және Бағдат арасы айрықша қауіпті жолдарға айналған. Алайда ол жерлерде тәртіп орнатуға АҚШ күштері де, Ирак полициясы да құлшыныс танытып отырған жоқ.
XS
SM
MD
LG