Accessibility links

Баспасөз шолуы

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда АҚШ-та тұратын Қазақстан азаматшасы, атап айтсақ “Болашақ” мемлекеттік бағдарламасының стипендианткасы Әсел Әбдіғапарованың аса ауыр қылмыс жасағандығы туралы және тағы да басқа саяси, әлеуметтік тақырыпқа арналған мақалалар жарық көрген.

Конституция күні қарсаңында мемлекеттік “Хабар” телеарнасынан сөйлеген адамдардың бәрі де жыл сайын “Мен алдымен Құдайға, сосын президентке разымын. Конституцияның арқасында менің де, балаларымының да жұмысы бар” деген сыңайдағы сөздердің жиі қайталайтындығы аян.

“Азат” тәуелсіз апталығының 3 қыркүйек күнгі санында жарық көрген Әлім Бейбарсовтың мақаласында айтыла-айтыла жауыр болған осы сөздердің шындықтың ауылынан алыс жатқандығы баяндалған. “1995 жылы елдің сұранысына жауап беретін жаңа Конституцияны қабылдаған кезде Нұрсұлтан Назарбаев, енді бес жылдың ішінде халықтың оған деген ыстық ықыласының бірте-бірте сөнетіндігіне сенбеген болуға тиіс. Мүмкін ол кезде Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияны өзгертуге тура келетіндігін ойламаған да шығар. Бірақ шын мәнісінде негізгі заңның тұрақтылығы – бейбітшілік пен халықаралық келісім мен саяси тұрақтылықтың кепілі екендігі дау туғызбайтын ақиқат” деген мақала авторы, Қазақстан Конституциясының, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл күйі секілді құбылып тұратындығына тоқталып өтеді.

“Қазақстан үкіметі қазақтардан неге қорқады?” деп аталатын Қостанай облысы, Жангелдин ауданының тұрғыны Қарабек Ғақашұлының мақаласында бүгінгі таңдағы үкіметтің іс-әрекеті сынға алынған. Сондай-ақ автор өз мақаласында кедейшіліктің кебін киіп отырған Торғай халқының ауыр тұрмысын да тілге тиек етеді. “Біз торғайлықтар қырылып қалған жоқпыз, бірақ соған таяумыз” деген Қарабек Ғақашұлы кезінде Торғайдан асқан бай өлкенің болмағандығын, ал бүгінде соның ізі де қалмағандығын ашына жазады. “Ұлан-байтақ Торғай даласын жазда 700 мыңдай қой, 50 мыңдай сиыр, 10 мыңдай жылқы толтырып мәз-мәйрам болып жататынбыз. Содан қазір он бес мыңдай ғана қой, 16 мыңдай ірі қара, 500 дей ғана жылқы қалды. 600 ге жуық ауыл, оның ішінде 500 ден астам шопан ауылы бар еді. Солардың қазір тек түгелдей жұрты жатыр” дейді мақала авторы.

Америка Құрама Штатында тұратын Қазақстан азаматшасы, атап айтсақ “Болашақ” мемлекеттік бағдарламасының степиендианткасы Әсел Әбдіғапарова аса ауыр қылмыс жасады деген айыппен жауапқа тартылып отыр. Егер Әсел Әбдіғапарованың кінәсі дәлелденсе, өмір бақи түрмеге отыру немесе өлім жазасына кесілуі мүмкін. Бұл туралы “Экспресс К” газетінің 3 қыркүйек күнгі санында Наталья Байғожинаның мақаласы жарық көрді.

Оқиғаның қысқаша тарихына тоқталатын болсақ, Әсел Әбдіғаппарова Роман Фернадос деген біреумен 2001 жылдың 31 тамызында Роза Росада деген әйелді өлтіріп, оның мүрдесін қаланың сыртына апарып көміп тастайды. Бір апта өткеннен кейін Әсел полицияға келіп, жасаған қылмысын мойындап, бәрін айтып береді. Тергеу жұмысы Әселмен бірге адам өлтірген Роман Фернандостың осыған дейін өзінің екі туған қарындастарын алдымен зорлап, кейіннен өлтіргендігін анықтады. Сондықтан да Роман Фернандос өлім жазасына кесілді. Ал, он тоғыз жасар Әсел Әбдіғаппарова Техас штатындағы, Сан-Антонио түрмесінде өзіне байланысты шығарылатын үкімді күтіп отыр.

“Заң” газетінің 3 қыркүйек күнгі санындағы Жұмагүл Темірғалидың мақаласында Астана қаласында жұмыссыздық проблемасын шешу мақсатында бос орындар жәрмеңкесінің өткізілетіндігі хабарланған. Астана қалалық еңбек, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау департаментінің ұйымдастыруымен өтетін жәрмеңкеге алпысқа жуық кәсіпорын тапсырыс беріп қойыпты.

Газеттің екінші және үшінші бетінде “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Қазақстан Республикасының заңының” жобасы берілген.

Ал, “Новости недели” апталығының 3 қыркүйек күнгі санында осы заң жобасына байланысты мамандардың пікірі жарияланған.

Сөз бостандығын қорғау жөніндегі “Әділ сөз” атты халықаралық қордың президенті Тамара Қалиева, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасы төңірегінде нақты істерден, гөрі бос сөз көп болады деп пайымдайды. “Егер заң үкімет ұсынған үлгісі қалпында қабылданса, біз демократияның ауылынан тағы да алыстай түсеміз. Өйткені ұсынылып отырған заң жобасында мемлекетке - баспасөзді бақылауға шексіз құқық берілген” дейді Тамара Қалиева.

Ал, вице-министр Ардақ Досжанның айтуы бойынша, жобаны дайындау барысында оған білікті мамандар ат салысып, тұрақты кеңестің отырысында айтылған ұсыныстардың бәрі де ескерілген

“Известия-Қазақстан” қосымшасының соңғы санында жарық көрген Илона Любарскаяның мақаласындағы келтірілген деректерге сүйенсек, Оңтүстік-Қазақстан облысы терроризм оты тұтынып кетуі мүмкін аймаққа айналып кетуі ықтимал. Өйткен бұл аймақта “Хизб-ут –Тахрир” атты исламдық ұйымның жұмысы жандана түсіпті. Түркістан және Жетісай қалаларынан ғана үкіметті құлатуға және бүкіл мұсылман елдері бірігіп бір мемлекет құруға шақырған 58 үнпарақша табылған. Таяуда ғана құқық қорғау орындарының қызметкерлері Алматы облысының Қарасай ауданында осындай үнпарақшараларды таратып жүрген азаматты тұтқынға алыпты.

“Егемен Қазақстан” газетінің кезекті санындағы Алма Мұхамеджанованың мақаласында Алматыда Ислам даму банкі Басқарушылар кеңесінің жыл сайынғы жиырма сегізінші жиналысы басталғандығы сөз болған.

“Аргументы и факты Қазақстан” қосымшасының 3 қыркүйек күнгі санындағы Владимир Демидовтың мақаласында соңғы кездері Қытай тұрғындарының Қазақстан шекарасын жиі бұзатындығы баяндалған. Осы бір жылдың ішінде ғана Жаркенттік шекарашылар Қазақстанға заңсыз жолмен өтіп кетуге әрекет жасаған 40 қылмыскерді қолға түсіріпті.

“Казахстанская правда” газетінің 3 қыркүйек күнгі санындағы редакциялық мақалада үстіміздегі жылғы жаңа оқу жылында сегіз мыңнан астам мектепте үш миллионға жуық оқушылардың білім алатындығы хабарланған.
XS
SM
MD
LG