Accessibility links

Парламент және Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі


Парламент депутаттары Еңбек және әлеуметтік қорғау министріне сенім білдіру жөнінде мәселе қоюы мүмкін

Қыркүйектің үші күні Парламент Мәжілісі бесінші сессиясының алғашқы отырысын өткізді. Жазғы демалыстарында сайлаушыларымен кездесіп қайтқан депутаттар ең алдымен Қазақстан Президентіне және атқарушы билікке елде қордаланып қалған мәселелерді жеткізуге тырысты.

Депутаттардың көбі елдегі әлеуметтік жағдайларды тілге тиек етіп, әсіресе үстіміздегі жылдың шілде айының 1-нен бастап өскен зейнетақының дұрыс есептелмегені жөнінде мәселе көтерді. Көкектің 4-де жариялаған Қазақстан Президентінің Жолдауындағы зейнетақыны көтеру мәселесіне байланысты Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі зейнеткерлердің зейнетақысын қайта есептеуден өткізген болатын.

Ал халық ақшаларын дұрыс есептемеді деп отыр. Мәселен зейнетақыны есептеу барысында еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі кезінде қарапайым жұмыс істеген ауыл зейнеткерлерінің орташа табысын 9 мың деп шығарған. Парламент депутаты Тито Сыздықовтың айтуынша, осы уақытқа дейін ауылдың қара жұмысшылары мұндай жалақы алған емес. 9 мың теңге деген есепті қайдан алып отыр дейді. Екіншіден, 25-30 жыл механизатор, сауыншы т.б. қызмет істеген адамдардың зейнетақылары бұрынғы алған жалақыларына жетпейді екен.

Осы мәселеге қатысты көптеген депутаттардың үндеуінен кейін, халықтың зейнетақысын қайта есептеуге қатысты Мәжілісте арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар зейнетақы жүйесін қайта есептеп, келесі отырыста Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсованы шақырып, оның есебін тыңдайтын болады. Зейнетақы мәселесіне қатысты Парламент Мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбай біздің міндетіміз бас алу емес, халықтың тілегін орындау дейді. Оның айтуынша депутаттардың сайлаушыларымен кездескенде, ауылды жерлердің зейнеткерлерінің соңғы көтерілген зейнетақыдан ешқандай пайда көрмедік деп шырылдап отырса, әрине бұл проблеманы шешу міндет.

Егер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсова депутаттардың алдында зейнетақыға қатысты есептен іркілетін болса, онда депутаттар министр ханымға сенім білдіру жөнінде мәселе қоямыз деп отыр.
XS
SM
MD
LG