Accessibility links

Баспасөз шолуы

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы алуан түрлі пікірлер, саяси, құқық саласы мен рухани тақырыпқа арналған мақалалар жарық көрген.

Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев қайтадан бұқаралық ақпарат құралдарының бетінен көріне бастады. “Время” апталығының тілшісі Виктор Веркке берген сұхбатында Ертісбаев мырза либералдық демократияға оған дайындық жоқ кезде, жаңашаланаған авторитаризм арқылы өту керек екендігін мәлімдепті.

Сондай-ақ президенттің кеңесшісі Қазақстанның демократиялық таңдауы қоғамдық бірлестігінің, Ғалымжан Жақияновтан келешекте мемлекет басшысын жасағысы келетін әрекеттерінің күлкі туғызатындығын тілге тиек ете келіп, “Экономика. Финансы. Рынки” газетінің бас редакторы Ирина Петрушова аталмыш басылымда жарық көретін өз мақалаларынан басқа дүниені оқымайды дегенді айтқан.

“Егер де билік басына Коммунистер мен Қазақстанның демократиялық таңдауының өкілдері келсе бұл біздің қоғам үшін үлкен апат болады» деген Ермұхамет Ертісбаев, биліктің таяу арада ауысатындығына күмән келтірген. “Бізде Ресейдегі жағдайдың қайталануы мүмкін емес. Оның ең басты себебі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бар-жоғы алпыс үш жаста. Батыстық өлшем бойынша бұл жас - мемлекет басшысының әбден пісіп-жетілген шағы ғана болып саналады. Егер де 2003-2006 жылға арналған президенттің бағдарлмасы жүзеге асса, Нұрсұлтан Назарбаев келесі сайлауда да халықтың басым көпшілігінің дауысына ие бола алады” дейді Ермұхамет Ертісбаев.

Ермұхамет Ертісбаев мырза Қазақстан президентінің барын асырып, жоғын жасыруға бар күшін салса, “Сөз” тәуелсіз апталығының кезекті санында жарық көрген мақалада Нұрсұлтан Назарбаев сөз бостандығына қысым көрсетіп жатқан Милошевич немесе Саддам Хусейн секілді авторитарлық басшы ретінде бағаланған.

Мақала авторының айтуы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев, алғаш президент болған кезде шын мәнісінде елдің ахуалын түзеуді мақсат етті. Бірақ уақыт өткеннен кейін президент өз командасын жасақтап, отбасының құрсауында қалып қойды. Президенттің отбасы мен оған жақын адамдардың бәрі де бүгінгі таңда Қазақстанның бүкіл-байлығын талан-таражға салды” деген мақала авторы, мұнай, газ, бизнес саласының бәрі де президент отбасының қырағы бақылауында екендігін тілге тиек еткен.

Мақала авторының пайымдауынша күндердің-күнінде Қазақстан президентінің түбіне, өз отбасының адамдары жетуі мүмкін. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі таңда мемлекеттің емес, өз отбасының мүддесі тұрғысынан ғана ойлай бастады. Сол үшін де ол Қазақстандағы оппозиция өкілдерін түрмеге жаптыртты.

Ал, “Жас алаш” газетінің 4 қыркүйек күнгі санындағы бас редактордың орынбасары Қали Сәрсенбайдың мақаласында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламентке келген сайын халық ойынан шығатын бір игі іске қадам бастайтындығы тілге тиек етілген. Мақала авторы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың парламентке келіп қазақша сөйлегенінен шенеуніктердің бәрі де үлгі алса деген ой айтады.

“Мегаполис” апталығының 4 қыркүйек күнгі санындағы Сырым Ержановтың мақаласында да осы тақырып жалғасын тапқан.

Қазақ тілінде шығатын “Сөз” газетінің соңғы санында жарық көрген “Бізде бәрі де халықтың атымен істеледі” деген мақалада Қазақстан президентінің 21 тамызда жас кәсіпкерлермен кездескен кездегі оппозициялық басылымдарға қатты шүйліккендігі қатты сынға алынған. Мақала авторы Қазақстан президентінің тәуелсіз басылымдарға айтқан сындарының орынсыз екендігіне талдау жасаған. “Мемлекет тарапынан оппозицияға қысым көрсетіліп жатқанда, оның басылымдары өзін ақтап қорғамауы керек пе? Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары күн сайын президентіміз бен экономикалық жетістікітерімізді тым асыра мақтап, жарнама жасап жатқанда, олардың көп жерлері шындыққа сәйкес келмейтінін айтып түзетуге болмайды ма? Мемлекет қазынасы тоналып, мұнайдан түскен миллиардтаған доллар ұрланып жатса да түк болмағандай бас шұлғып отыра береміз бе?” дейді мақала авторы.

“Түркістан” басылымының 4 қыркүйек күнгі санының бірінші бетінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Конституцияны өзгерту туралы әңгімелердің бәрі – Ібілістен. Көптеген елдерде жүздеген жылдар бойы бір ғана Конституция өмір сүріп келеді, ал қоғам соның негізінде дамиды. Біз әлі өз Конституциямыздың барлық құндылықтарын толық пайдалана алған жоқпыз” деген сөздері берілген.

Газеттің екінші бетінде жарық көрген Жаңабек Шағатайдың мақаласында Жамбыл полицейлерінің жүгенсіз кеткендігі айтылған. Мақала авторының айтуы бойынша Жамбылдағы жол полицейлері пара алуға келгенде алдыңғы қатарда келе жатыр. Облыс территориясында 57 түрлі тексеру орындары бар көрінеді. Ал осы түрлі тексеру орындарының көбісі тек пара алумен ғана айналысады.

Аталмыш тақырып “Ана тілі” апталығының 4 қыркүйек күнгі санындағы ішкі істер министрінің назарына ұсынған Дағжан Белдеубайұлының мақаласында жалғасын тауыпты. Мақалада көші-қон полициясының малтабар мекемеге айналып бара жатқандығы айтылған.

“Дабыл” деген айдармен берілген Ертай Айғалиұлының мақаласында ақын Жұмаш Кенебайдың “Қазақстан халық банкін сотқа беретіндігі” хабарланған. Жұмаш Кенебайға банкті сотқа беруге халық банкі қызметкерлерінің мемлекеттік тілді қорлап, қазақ тілінде ақпар бермеуі мұрындық болып отыр.

“Известия –Қазақстан” қосымшасының 4 қыркүйек күнгі санында Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиевамен сұхбат жүргізілген. Зағипа Балиеваның айтуынша қазақстандық сайлау жүйесін ресейдікімен салыстырудың мүлде қисыны жоқ.

“Экспресс К” басылымының 4 қыркүйек күнгі санында жарық көрген Наталья Байғожинаның мақаласында, газеттің осыдан бұрынғы санында жарық көрген аса ауыр қылмыс жасағандығы үшін жауапқа тартылып отырған Әсел Әбдіғапарова туралы деректе қателік кеткендігі айтылған. Мақалада жауапқа тартылып отырған Әсел Әбдіғапарова “Болашақ” бағдарламасымен Америка Құрама Штатында білім алып жатыр делінген болатын. Алайда бұл дерек жалған болып шықты.
XS
SM
MD
LG