Accessibility links

АҚШ-тың Ауғанстандағы саяси үйлестірушісі бұл елді қайта қалпына келтіруде жаңа жоспарлар ұсынып отыр.


АҚШ күштері Ауғанстандағы Талибан жасағы қалдықтарымен одан әрі күресін жүргізіп отырған тұста Құрама Штаттарының ел басы Джордж Буш елдегі қауіпсіздік жағдайын және халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға орай жаңа жоспар ұсынбақшы.

Мұндай шаралар сондай-ақ 2004-ші жылдың маусым айына белгіленген сайлаулар алдында да орын алғаны жөн көрінуде. Мемлекеттік Департаменттегі Ауғанстан мәселесі бойынша үйлестіруші әрі елші Вилиям Тейлордың пікірінше аталған жоспарға орай Америка тарапынан көрсетілетін көмек көлемі одан әрі өсе түсетін болады. Бұдан бұрын Азаттық радиосына берген сұхбатында Тейлор мырза аталған жоспардың қазірдің өзінде жүзеге асып жатқаны жөнінде айтқан болатын. “Біз мектептер құрылысына және жаңа үлгідегі клиникалар құрылысына қосымша қаржылар жұмсамақшымыз. Сондай-ақ, жаңа үлгідегі Ауған Ұлттық армиясын жаттықтыруға да қосымша бұлақ көздерін ашпақшымыз. Сонымен бірге қазірдің өзінде жаттығулары басталып кеткен ұлттық полиция мен күре тамыр жолдар сақшылары және шекара полициясын арнайы дайындықтардан өткізу үшін қосымша қаражат жұмсамақшымыз-, деді Тайлор мырза Азаттық радиосына берген сұхбатында.



Мұндай қосымша шаралардың қарастырылуы осы жаз айларында елде шайқастардың көбейіп кетуіне тікелей байланысты болып отыр. Мысалы, тамыз айының алғашқы екі аптасының өзінде Талибан жасақтары қалдықтары мен Әл-Қайда ұйымына қатысы барлар тарапынан басталған шайқастар барысында 90 адам қаза болған екен. Өткен айда, “Вашингтон пост” газетінің жазуынша, Буш әкімшілігі Ауғанстандағы арнайы өкілі Залмай Халилзадты АҚШ-тың Қабыл қаласындағы елшісі ретінде тағайындап, оған кең тұрғыдағы хұқықтарды беруді жоспарлауда еді. Ол хұқықтар Иракты басып алу барысындағы Вашингтон тарапынан тағайындалған азаматтық өкімет басшысы Паул Бремерге берілген хұқықтармен тең түспекші болатын. Мұндай хабарлар Ауған ресми өкілдері тарапынан жедел түрдегі қатты сынға душар болған-ды. Мұндай қадамдар Ауғанстан егемендігіне кері әсерін тигізетін болады-, деген еді олар. Ал, Тейлор мырза болса, өз тарапынан Қабылда болуы мүмкін елшіге ешқандай кең хұқықтардың берілмейтіндігін айтып отыр. Ол сондай-ақ “Иракқа қолданған басқару жүйесіндегі үлгісін Вашингтон Ауғанстанға да қолданғысы келеді”-, деген хабарды да жоққа шығарды. Ол хабарлар бойынша Ауғанстанның маңызды тұтқалардағы министрлері Құрама Штаттары сарапшыларымен алмастырылатын болады-, делінген еді. Тейлор мырзаның түсіндіруінше, аталған АҚШ сарапшылары Ауған министрлеріне бар болғаны кеңес беруші және техникалық жағынан көмек қолын созушылар рөлін ғана атқармақшы. Дей тұрғанмен, Ауғанстанның провинцияларындағы жағдайларды жақсарту үшін арнайы Қайта құру жасақтарының құрылатындығын Тейлор мырза растады. Қазіргі кезде Ауғанстан үшін қауіпсіздік шаралары күн тәртібіндегі ең басты мәселе ретінде қалып отыр-, деді ол. Осы жағдайларға қарамастан Ауған халқының келер жылдың маусым айына белгіленген жалпы халықтық сайлауларды табысты өткізетіндігіне Вашингтон сенімді отыр. Тейлор мырзаның сөзіне қарағанда, сайлау алды дайындықтар барысында Құрама Штаттары БҰҰ-мен бірлікте жұмыс істейтін болады. Вашингтон жоспары бойынша сайлаушылардың білімін жетілдіру және ауған әйелдерінің аталған сайлауларға кеңінен қатыстырылуы басты назарда ұсталуда.
XS
SM
MD
LG