Accessibility links

Астанада ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне арналған семинар өтті


Қыркүйектің 4-күні Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ұйымластыруымен елдің ақпараттық қауіпсіздігі мәселесіне арналған семинар жұмысы өтті.

Бұл семинардың жұмысына Қазақстан президенті әкімшілігінің, парламенттің, үкімет кеңсесінің және басқа да орталық мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Ал бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арнайы дайындалған тізім бойынша жасалған екен. Бірақ, тізімде «Азаттық» радиосының аты жоқ боп шықты. Сол себепті семинар өтіп жатқан Қазақстан Республикасының үкімет үйіне бізді енгізген жоқ. Біз осы жерде семинарға келуші баспасөз өкілдерін қарсы алып тұрған Қазақстан Ұлттық комитеті баспасөз қызметінің өкілімен тілдескен едік.

- Бұл баспасөз конференциясы емес, семинар. Сондықтан біз тек телекомпаниялар мен газеттерді ғана шақырдық, оның өзінде барлығын емес, кейбіреуін ғана. Олардың тізімі Қазақстан Республикасы Президенті күзетінің келісімімен жасалды. Ол тізімде «Азаттық» радиосы жоқ болғандықтан сізге кіруге болмайды. Семинарға байланысты барлық жайтты біз дайындаған баспасөз баянынан таныс боласыздар, - деді өзін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің өкілі Бақтияр Теңізбаевпын деп таныстырған бұл адам.

Қауіпсіздік комитетінің қызметкері қолымызға ұстатқан баспасөз баянында бұл жиында мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қорғау мақсатында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің республиканың құқық қорғау ұйымдарымен және мемлекеттік мекемелермен өзара әрекет жасауын нормативтік-құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету шаралары мен компьютерлік қылмыстарға қарсы күресу мәселелері қаралатыны айтылған.

Ресми емес ақпарат көздерінің хабарлауынша қазірде Қазақстанның орталық мемлекеттік органдарында мемлекетік құпияны сақтау мәселесіне баса назар аударылып отырған көрінеді. Бұл үшін орталық мекемелердің штат кестесіне ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілін енгізуі де ықтимал деген болжамдар айтылуда. Ондай дәстүр кешегі кеңестік билік тұсында болғаны мәлім. Ол заманда барлық мемлекеттік мекемелердегі жағдайды бұрынғы КГБ, яғни Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті өзінің жіті қадағалауында ұстап келген-тұғын.
XS
SM
MD
LG