Accessibility links

Ресей суларын Орталық Азияға бұру ұсынысы


Арал аймағында тұратын қазақстандықтардың саны 600 мың адамды құрайды. Дәрігерлердің айтуынша, бұл аймақта тұратын қазақстандықтардың арасынан денсаулығы жақсы адамды кездестіру өте қиын.

Сонымен қатар, бұл аймақта тұратын қазақстандықтардың басым көпшілігі жұмыссыз. Сол себептен жұмыс іздегендер босқын болып, Республика бойынша шашырап кеткен. Бірақ олардың басым көпшілігі Арал қайта толса, еліне, ауылына оралуға дайын.

Бүгінгі таңда экологтар мен мамандардың пайымдауынша, Аралды толығымен қалпына келтіру мүмкін емес. Ал, кебір мамандардың тұжырымы бойынша, Сібір суларын Орталық Азияға бұрса, Аралды ретке келтіруге мүмкіндік пайда болар еді.

Мәскеудің мэрі Юрий Лужков бұл ұсынысты айтып жүргеніне айтарлықтай уақыт болды. Алайда Юрий Лужковтың бұл ұсынысын да мамандар әр түрлі бағалайды. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Әмірхан Кеншімовтың айтуынша, бүгінгі таңда бұл ұсыныс тек ұсыныс ретінде қарастырылып отыр.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Әмірхан Кеншімов: - Қаржы мәселесі деген бар ғой, өте қымбат. Әр-түрлі жобалар бар. Жақында үкіметтен Қазақстан суларын Аралға қалай апару керек, деген мәселелер қарастырылған құжаттар келіп түсті. Қазір сол жобаның қалай болатынын зерттеп жатырмыз. Сонымен қатар, Ресейден су алуға болады, бірақ бұл саясатқа байланысты. Бұл жобалар Кеңес Одағы кезінде қарастырылған. Енді бұл жобаға өте көп ақша керек. Мүмкін Кеңес Одағы кезінде бұл жобаны іске асыруға болар еді, бірақ қазір өте қиын. Ол жобаны іске асыру үшін бірнеше миллиард емес ондаған миллиард көлемінде АҚШ доллары қажет. Сол себептен өте қиын, бірақ мұндай жобалар ұсыныс ретінде бар, әзірге жоба жасалып жатқан жоқ.

Жалпы алғанда, мамандар Сібір суларын Орта Азия елдеріне бұрса, бұл экологияға зиян болады, дегенді айтады. Қазақстандағы экологиялық «Табиғат» одағының төрағасы Мэлс Елеусізовтың пікірінше, Юрий Лужковтың ұсынысын іске асыру мүмкін емес.

Экологиялық «Табиғат» одағының төрағасы Мэлс Елеусізов: - Үлкен Кеңес Одағы, ақшасы көп мемлекет бұл жоспарды іске асыра алмады, ал қазір бұл жобаны жүзеге асыру мүлдем мүмкін емес, оны кім жасайды. Қазақстанда ақша жоқ, Орта Азияда ақша жоқ. Ресей бізге бұл жобаның қажеті жоқ, дегенді айтады. Екіншіден, біз Ресейдің суын аламыз, сол себептен олардың ғалымдары қарсы шығады. Осыған байланысты, менің пікірімше бұл саясатқа арналған іс. Оның болашағы жоқ, бұл жоба сонымен қатар көп өзгеріс әкелуі мүмкін. Біріншіден, Ресейден канал арқылы әкелген су, бізге жеткенше көп жер саз болады, көптеген су далаға кетеді. Нәтижесінде қанша су Аралға келетінін ешкім білмейді.

Сібір суларын Орталық Азияға бұру ұсынысы Кеңес Одағынан қалған жоба болса, бұл ұсыныстың табиғатқа тигізетін әсері жөніндегі мәселеде Кеңес Одағынан бері көтеріліп келе жатыр. Халықаралық Аралды құтқару қорының Алматыдағы бөлімінің жетекшісі Алмабек Нұрушев бұл саяси жоба дегенді айтады.

Халықаралық Аралды құтқару қорының Алматыдағы бөлімінің жетекшісі Алмабек Нұрушев: - 1985 жылдан бері бұл жобаны көп зерттеу керек, оның табиғатқа, Солтүстік мұхитқа әсері қалай болады, деген шу көтерілген.Мұндай сөз әлі күнге дейін айтылып жүр.

Мәскеу шаhарының мэрі Юрий Лужков ұсынған жоба іске асса, Алмабек Нұрушевтың пікірінше, Орталық Азия елдері Ресейге тәуелді болып қалады.

Халықаралық Аралды құтқару қорының Алматыдағы бөлімінің жетекшісі Алмабек Нұрушев: - Қазір әр ел есептеп жататын дүние ғой. Бұл жоба Кеңес Одағы кезінде көтерілген дүние, қазір оны қайтадан көтеріп жатыр. Менің пікірімше осы арқылы Ресей Ортал Азия елдерін өзінің тізгінінде ұстап отырғысы келеді.

Ресейлік экологтардың сөзіне жүгінсек, Сібір суларын Орталық Азияға бұру үшін канал салудан бұрын Ресейде бар тұщы суды сақтап қалу мәселесімен шұғылдану керек. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары жөніндегі комитет төрғасының орынбасары Әмірхан Кеншімовтың айтуынша, Орталық Азия мемлекеттері арнайы саясат жүргізуі керек.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Әмірхан Кеншімов: - Біздің көтеріп отырған мәселеміз, осы су стратегиясы. 10 жыл бойы осы мәселені көтеріп келдік. Бұл өте күрделі мәселе, себебі суды бөлу өте қиын мәселелердің бірі. Мысалы дүниежүзі бойынша, 200-ден астам шекарада жатқан, мемлекетарылық өзендер бар екен. Соны бірлесіп шешу мәселесі 50-60 жылға созылады. Біз енді тез шешеміз ба, деген үміттеміз.

Қалай болғанымен, бақылаушылардың пайымдауынша, Сібір суларын Орталық Азияға бұру арқылы пайда түсіруден гөрі шығын көп болады. Жоспар бойынша, бұл жобаға 34 миллиард АҚШ доллары жұмсалады, бұл қаржыны Мәскеу мэрі Юрий Лужков 5 жылдың үшінде қайтарып алуды жоспарлап отыр. Бірақ бұл қаншалықты іске асатының мамандардың өзі дөп басып айталмай отыр.
XS
SM
MD
LG