Accessibility links

Орталық Азия мемлекеттерінде биліктің мұрагерлік әдіспен ауысуы мүмкін бе?

  • Гүлмира ХАМЗА

«Интерфакс-Әзірбайжан» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, 29 тамыз күні Бакуге бір топ АҚШ конгрессмендері келіп, алдағы президент сайлауы демократиялық түрде өтетініне сенімді екенін білдірген.

Сарапшылар мен бақылаушылардың пайымдауынша, Әзірбайжан Республикасының келесі президенті кім болады, деген сұраққа жауап іздеудің қажеті жоқ. Гейдар Әлиевтың орнына оның баласы Ильхам Әлиев келеді, оны Әзірбайжандағы оппозиция да мойындап отыр, -дейді бақылаушылар. Әзірбайжанның келесі президенті Ильхам Әлиевтың болуы Батыс мемлекеттеріне өте тиымды,-дейді саясаттанушы Ерлан Қарин.

Ерлан Қарин, саясаттанушы: - Гейдар Әлиевтың билік ауысу процессін бір жақты жүргізуіне себеп болған негізгі фактор - Батыс қолдау көрсеткені болды. Егерде ондай қолдау болмағанда Гейдар Әлиев мұндай қадам жасамас еді. Егер бұл қадамиға барып отырса, бұл алдын ала бір келісім болған, деген сөз. Не себептен Батыс Гейдар Әлиевтың мұндай қадамын көз жұмып қолдайды, деген сұраққа келер болсақ, оның себебін шетелдік мұнай компанияларының Әзірбайжандағы ұстанымының мықтылығымен байланыстыруға болады.

Көптеген саясаткерлер мен сарапшыларды қызықтырған Әзірбайжан оқиғасын Қазақстандағы Әзірбайжан қауымдастығының мүшелеріде бақылап отыр. Солардың бірі Асылы Османова. Асылы Османова бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Ресейдің Әзірбайжанға көрсетіп отырған қырында біліп отырғанын айтады, бірақ Әзірбайжанның болашақ президенті Асылы Османованың ойынша, Батыстың да Ресейдің де ойынан шығу керек.

Асылы Османова, Қазақстандағы Әзірбайжан қауымдастығының мүшесі: - Мен жалтақтап, өзгелердің көңіліне қарағанды ұнатпаймын. Адамның өзінің санасы болу керек. Өзінің ортасынЫң бағытын, өзінің қоғамын бірінші орынға қою керек. Ресейде өз жайын ойлап осындай сын көзқараста болып жатқан шығар. Мүмкін Батыста біздің айтқанымыздан кетпейді, деп қолдап тұрған шығар. Алайда кімде болса, қасқырды тоқ етіп, қойды аман сақтап қалу керек, мен осыны қолдаймын. Егер өз мемлекетінің мүддесін қорғап, өркениетті ел қатарына қосып жатса, оның не жамандығы бар.Ең бастысы бейбітшілік болу керек, осыны қолдау керек.

Әзірбайжандағы саяси оқиғаларға күллі әлемнің назар аударып отырғаның бақылаушылар мұнаймен байланыстырады. Ал, ТМД және Орталық Азия мемлекеттеріндегі саясаткерлерді тағы бір жәйт қызықтырып отыр, яғни Гейдар Әлиев өз билігін баласына берсе, бұл оқиға Орта Азия мен ТМД мемлекеттерінде қайталануы мүмкін. Саясаттанушы Ерлан Қариннің сөзіне жүгінсек, Әзірбайжан Республикасы бастап берсе, қалған мемлекеттер осы жолмен жүруге дайын.

Ерлан Қарин, саясаттанушы: - Гейдар Әлиев өте қауіпті жағдай тудырып отыр.Егерде Гейдар Әлиев ойлағандай билік ауысу процессі іс жүзіне асатын болса, Ильхам Әлиев шын мәнінде президент болса, бұл оқиғаға өз кезегінде Батыс мемлекеттері наразылық білдірмесе, онда мұндай әдіске Орталық Азия мемлекеттері біртіндеп көше беретін сияқты. Естеріңізде болса, осыдан 5-6 жыл бұрын Орталық Азия елдерінің бірде –біреуі референдумге баруға батылы жетпеген. Бір мемлекет бастап беріп еді, күллі Орталық Азия мемлекетерінің басшылары референдум арқылы өзінің билік өкілдіктерін белгілі бір мерзімге немесе шексіз мерзімге ұзартып алды. Керек болса, бұл референдумға бірнеше рет барды, мысалы, Өзбекстан. Сол себептен Әзірбайжандағы оқиғадан кейін Орта Азия мемлекеттерінде билік ауысу процессі мұрагерлік жолымен іс жүзіне асады, деп айтуға негіз бар.

Қазақстанға көрші Қырғызстанда би ресми мәліметтер бойынша, президент Асқар Ақаевтың орнына оның жұбайы келеді, деген жоспар бар. Алайда Қырғызстан үкіметінің діни істер жөніндегі мемлекеттік комиссиясының сарапшысы Эркен Құрманов мұндай жоспар жөнінде бейхабар екенін және Қырғызстанда биліктің мұрагерлік әдіспен ауысуы мүмкін емес, -дегенді айтты.

Қырғызстан Республикасы Үкіметінің діни істер жөніндегі мемлекеттік комиссияның сарапшысы Эркін Құрманов: - Менің ойымша, мұндай оқиға Қырғызстан мен Қазақстанда қайталанбайды.Біздің елдің тарихы, мәдениеті, білімділігі өзгеше. Қазіргі президенттердің, яғни Асқар Ақаев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімдері, көзқарасы мұндай оқиғаға жол бермейді. Себебі олар саясат жағынан, білімділік жағынан әбден жетілген президенттер, деп есептеймін. Сонымен қатар Орталық Азия елдері ішінде Қырғызстан мен Қазақстанда демократияның орны ерекше екені көрініп тұр қазір.

Әзірбайжан Республикасының жетекшісі орнына Гейдар Әлиевтың баласы келуін қолдаған Қазақстандағы Әзірбайжан қауымдастығының мүшесі Асылы Османова жалпы биліктің мұрагерлік әдіспен ауысуын қолдайтынын жеткізді.

Асылы Османова, Қазақстандағы Әзірбайжан қауымдастығының мүшесі: - Егер ақылды елбасы болатын болса, ақылды президенттер болатын болса, шын елге лайықты, өз міндетін атқара алады, дейтін болса, онда мен мұрагерлік әдісті қолдаймын. Ал, енді оған сай келмесе, елді басқара алмаса, олай болған жағдайда ондай қадамға барудың қажеті жоқ. Саясаткер Сейдахмет Құттықадамның пікірінше, биліктің мұрагерлік әдіспен ауысуы халыққа тиымды болмайды, сол себептен мемлекет жетекшісін халық өзі таңдап алу керек.

Сейдахмет Құттықадам, саясаткер: - Ықпалдар бар. Түркіменстан болсын, Тәжікстан болсын, Өзбекстан болсын. Қырғызстанның өзінде Асқар Ақаев өзінің әйеліне жол ашып жатыр, өзінің балаларына жол ашып жатыр. Бізде де осындай ықпал бар. Мұның барлығы осы елдегі басшы жүйенсының парасаттық және саясаттық деңгейінің төмендеген көрсетіп отыр. Сол себептен менің ойымша, мұндай қадамға баруға болмайды. Мысалы, Қазақстан президентті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісін Болат Сатыбалдыны бір жерге апарғысы келді, соңынан Дариға Назарбаеваға жол ашқысы келіп жатыр. Оның негізін халық түсініп отыр. Сол себептен елді ойлаған адамға жол ашпай, мемлекет өспейді, мемлекет жетекшісі де көтерілмейді.

16 тамыз күні Әзірбайжанда сайлау науқаны басталды, бұл шара 14 қазан күні аяқталып, 15 қазан күні әзірбайжандықтар өз президенттерін таңдап алады. Өз бағын сынаған үміткерлердің саны 12 адам. Олардың арасында Әзірбайжанның қазіргі президенті Гейдар Әлиев пен оның баласы Ильхам Әлиев бар.
XS
SM
MD
LG