Accessibility links

Ажыратылған уранмен күшейтілген қару

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Иракта АҚШ әскерлері тарапынан ажыратылған уаранмен күшейтілген қарудың қолданылуы терең алаңдаушылық туғызуда.

Америкада жарық көретін “Д Крисчен Сайенс монитор” басылымының хабаршысы Скот Петерсон бұдан бұрынғы хабарларында, Ирак астанасының төрт аймағында радиациялық деңгейдің қалыпты жағдайдан бір мыңнан бір мың 900 есеге дейін көп екендігін Гейгер өлшегішінің анықтап бергендігін жазған болатын.

“Пайдаланылған қаруларда сақталып қалған тозаңдардың адам ағзасына зиянының мол екендігін, сондықтан да мұндай қалдықтарды ұстаудан аулақ болуды қарапайым тұрғындарға ескерткен ешкім болған жоқ”, - деп жазған еді Петерсон мырза.

Ажыратылған уранмен күшейтілген қару түрі тіпті мығым танкінің қабаттарын да тесіп өте береді екен. Ал, 1991-ші жылғы Парсы шығанағы соғысы барысында дәлелденгеніндей, бұл қаруды пайдаланғандар және ол қару тіпті қару ретінде жарамсыз күйінде қалғаннан кейін де оны тікелей қолына алғандардың ағзасына тиер зияны зор болмақшы.

Одан ұшқан тозаңның өзі қан құрамындағы түрлі аурулардың және өкпе рагының пайда болуына әкеледі екен. Алайда аталған қару түрінің қауіптілігі жөніндегі мәліметті Құрама Штаттары мен Британия өкіметтері, сондай-ақ НАТО мен Европа Комиссиясы, тіпті Әлемдік Денсаулық сақтау ұйымдары да жоққа шығаруға тырысқан болатын.

Немесе ол қарудың қолданылуы мен денсаулықтың нашарлауы арасында байланыстың барлығын да теріске шығаруға тырысып келген болатын. Мысалы, Құрама Штаттарының Қорғаныс департаментінің айтуынша, ажыратылған урандағыдан гөрі кәдімгі топырақ құрамындағы радиоактивті материалдардың көлемі көбірек. Кезінде АҚШ Енергия Департаментінде жұмыс істеген әрі әскери қарулар бойынша маман Джон Вольфшталь де мұндай уран түрін пайдаланудың денсаулыққа кері әсері болады дегенді жоққа шығаруда.

Ал, 1991-ші жылғы Парсы Шығанағы соғысында АҚШ әуе күштерінің капитаны боп қызмет атқарған Джойс Райли ханымның бұл тұрғысындағы пікірі басқаша. Азаттық радиосына берген сұхбатында ол аталған соғыстан сырқаттанып шыққаннан кейін өзінің әскери қызметтен кеткендігін айтады. Қазір оның денсаулық жағдайы жаман емес.

Райли ханымның пікірінше, ол Парсы Шығанағындағы соғыс синдромы дегеннен өзі қатты зардап шеккен. Мұндай сырқатқа ұшырағандардың басы ауырып, денесі қақсап, терісі түрлі дерттерге ұшырап, тыныс алу жолдары зор кедергілерге душар болады екен. Райли ханым - 1991-ші жылғы Парсы Шығанағы соғысының ардагерлері қауымдастығының төрайымы. Сондай-ақ осы ардагерлер хұқын қорғау тобының да мүшесі. Бұл аурудың 1999-шы жылғы НАТО-ның басқаруындағы Балқан соғысына қатысқандарды да айналдырғаны сөзсіз, - дейді ол. Сонымен бірге, қазіргі кезде Иракта қызмет атқарып жатқан америкалық әскерилердің де бұл аурудан тыс қалғандары шамалы, - дейді соғыс ардагері ханым.

“Қазір Иракта қызмет атқарып жатқан жігіттер де ауру күйлерінде оралуда. Неге екендігін білмейміз. Проблеманың неде екендігінен де хабарсызбыз. Мен тек ақпараттарды жинақтаудамын. Олар- сырқат. Алайда оларға ауру екендіктері жөнінде шағымданбау тапсырылған. Егер олар шағымдана қалса, онда олар әскери қызметтерінен, демек медициналық көмек алу мүмкіндіктерінен де айрылып қалады”, - дейді Райли ханым.

Бұл пікірді АҚШ әскерилеріне дәрігерлік көмек көрсететін, Пентагондағы департамент директорының орынбасары, дәрігер Майкл Килпатрик жоққа шығаруда. Оның айтуынша, әскерилерге кең тұрғыдағы медициналық көмектер көрсетілуде екен.
XS
SM
MD
LG