Accessibility links

Алматыда Қазақстан мен Орта Азия елдеріне арналған қайырымдылық көрсету жөнінде семинар өтті


1-5 қыркүйек аралығында Алматыда Қазақстан мен Орта Азия республикаларына арналған бірінші халықаралық фандрайзинг семинары өтті.

Семинар жұмысына алпыстан астам үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Семинарды ұйымдастырушылардың бірі ретінде Қызылордадағы әйелдер ақпараттық орталығы аталған. Семинар жұмысына жаттықтырушылар болып, Ұлыбританиядан Халықаралық фандрайзинг институтының директоры Джон Багли, Германиядан сарапшылар Фрауке Фелликс және Урсула Гутнехт қатысты. Фандрайзинг – қаржыны қайырымдылық мақсаттарға жұмсау мақсатында құрылған ұйым.

Семинардың мақсаты – қайырымдылық үшін түрлі үкіметтік емес ұйымдардан бөлінетін қаржыларды әлеуметтік, білім салаларына жұмсауды үйлестіру. Осындай ұйымдармен іскерлік байланыстар орнату.

Баспасөз мәслихатында Ұлыбритания өкілі Джон Багли кәсіби фандрайзинг шарасымен өздерінің 16 жылдан бері шұғылданып келе жатқандары туралы айтты.

- Біз үкіметтік емес көптеген қоғамдық ұйымдарға қолұшын беріп, шетелдік мекемелерге қаржылай көмек көрсетіп келеміз. Менің ойымша, дәл осы салада Қазақстандағы кейбір ұйымдарға қайырымдылық көмек жасау өте орынды, - деді Джон Багли мырза.

Семинарды ұйымдастыруда белсенділік танытқан Қызылордадағы әйелдердің ақпараттық, қоғамдық орталығы 1998 жылы құрылған. Қазір оның 120 мүшесі бар. 38 ерікті волонтерлер 52 тұрақты жұмыс орнын қалыптастырған.

Осы баспасөз мәслихаты алдында таратылған ақпартаттарға қарағанда шағын қалалардың жағдайында әлеуметтік қорғау, білім беру және денсаулық салаларын қаржыландыру проблемалары туралы сөз болады делінген еді. Алайда, ол мәселе туралы мандытып айтылмады. Осыған орай сауалдар да қойылғанымен, жауаптар негізінен қамқорлық қажет ететін балалар мен әйелдерге көмек төңірегіне ойыса берді. Бес күн бойы өткен семинар жұмысы туралы оны ұйымдастырушылардың бірі Анар Ізден былай деді:

- Семинарға халықаралық ұйымдармен енді жұмыс істей бастаған Орта Азия мен Қазақстан өкілдерін шақырдық. Басты мәселе , әлеуметтік жобаларды қаржыландыру. Ұлыбритания мен Германияда осындай жобалар көбінесе мемлекет арқылы қаржыландырылады. Ал бізде мемлекеттік тапсырыстар бұл салаға әлі енген жоқ. Сондықтан Англия мен Германияда ерікті халықаралық ұйымдар біздегі әлеуметтік көмекті аса қажет ететін орындарға қандай көмек көрсете алады деген мәселені қойдық.

Баспасөз мәслихатында сөз болғанындай, алдағы уақытта республикадағы әлеуметтік көмекті қажет ететін мекемелерге өзге елдердің үкіметтік емес ұйымдары көмегін арттыра түсетін түрі бар. Ал Қазақстан үкіметі тарапынан жасалатын қаржылай көмек туралы мәлімет болмады.
XS
SM
MD
LG