Accessibility links

Чехия шетелдік жұмыс күшін тартуға бағытталған жобаны жүзеге асыра бастады


Чехия республикасының еңбек және әлеуметтік істер министрлігі 2003-жылдың қыркүйегінен елге шетелдік жұмыс күшін тартуға бағытталған «Білікті шетел мамандарын белсенді түрде іріктеу» жобасын жүзеге асыра бастады.

Бұл туралы дүйсенбі күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Қазақстандағы Чехия консулының кеңесшісі Ченек Хайны хабарлады. Оның айтуынша, аталған жобаның басты мақсаты- Чехия республикасының еңбек ресурстарын тұрақты негізде шетел мамандарымен толықтыру, яғни, арнаулы орта және кәсіби білім игерген 35 жасқа дейінгі азаматтарды, отбасы мүшелерімен қоса, осында көшіру арқылы Чехиялық кәсіпорындардағы жұмыс күші жеткіліксіздігін толтыру, олардың Чехия қоғамына тұрақты негізде интеграциялануына жағдай жасау болып табылады.

Таратылған ақпаратқа қарағанда, Қазірде Чехия, басқа да Еуропалық мемлекеттер сияқты, елдегі демографиялық ахуалмен байланысты, жұмыс күшінен тапшылық көріп отыр. Чехияның еңбек министрлігі жасаған демографиялық зерттеулерге қарағанда, 2030 жылы бұл елдің еңбек нарығындағы жұмыс күшінің тапшылығы 420 мың адамды құрайды деп күтілуде. 5 жылға есептелген жобаның бірінші жылында Қазақстан, Болғария және Словения мемлекеттерінен 300 азаматты іріктеп алу жоспарланған.

Болашақта жобаның ауқымы кеңейіп, оған қатысушылар саны 1400 адамға дейін жеткізілмекші. Жобаға қатысамын деушілерге негізгі қойылатын талаптар: ол жаққа баруға ниет білдірген адамның орта білімінің болуы, Чехиядағы жұмыс орны туралы келісім мен 90 күннен артық елде болуға рұқсат беретін виза алу қажет. Ал 2,5 жылдан кейін жұмысшы Чехия еңбек министрлігінің бағыттауымен басқа жұмысқа ауысуға немесе, отбасы мүшелерімен қоса, Чехияны тұрақты мекендеу құқығына ие болады . Үміткерлер баллдық жүйе арқылы іріктеледі. Олардың бағасы білімі, жұмыс тәжірибесі, тіл білімі, Чехияда тұру тәжірибесі және отбасының болуына қарай өсіп отырмақ.

Ченек Хайнының айтуынша, қазірде Чехияда тұратын Қазақстанның 11 азаматы жобаға қатысуға өтініш білдірген. Елшілік мәліметіне сәйкес, Чехияда қазірде ресми түрде жұмыс жасайтын Қазақстан азаматтарының жалпы саны 2,1 мың адамды құрайды.

Алматы қалалық еңбек, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту департаменті төрағасының орынбасары Анастасия Курасованың пікірінше, Қазақстан үшін бұл жобаға қатысудың маңызы зор. Өйткені, соның нәтижесінде, елде жұмыссыз жүрген азаматтар шетелдерде жариялы түрде жұмыс іздеуге мүмкіндік алумен бірге, өз Отанында лайықты бағаға ие болмаған кәсіби біліктілігін пайдаға жарата алады.

Анастасия Курасованың сөздеріне қарағанда, бүгінгі күнге Алматыдағы жұмыссыздық деңгейі халықтың экономикалық белсенді бөлігінің 1,9 процентін, ал жалпы Республикалық орташа көрсеткіш 3 процентті құрайды. Ал ҚР статистика жөніндегі Агенттігінің ақпаратына сүйенсек, Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 2003-жылдың наурыз айындағы көрсеткіш бойынша жұмысқа жарамды азаматтардың 9,3 проценттін құраған.
XS
SM
MD
LG