Accessibility links

Рамсфельдтің ауған сапары

  • Смағұл ЕЛУБАЙ

АҚШ қорғаныс министрі Доналд Рамсфелд Қабулде Ауғанстан президенті Хамид Карзаимен кездесу үстінде Ауғанстанды қалыпқа келтіруге Вашингтон көп қаржы жұмсағалы отырғанын мәлімдеді. Қаржы негізінен өлкелі жерлердегі құрылысқа төгілмек.

Ауғанстанды қалыпқа келтіру үшін Вашингтон ҚШ бастаған одақтастар әскерінің Өлкелік құрылыс командасын жан-жақты күшейтуді көздеп отыр деп жазады радиомыздың талдаушысы Рон Синовитс. Осынау Өлкелік құрылыс командасы ҚШ –дың Ауғанстандағы әскери шараларының бір бөлігі есептелінеді. Құрылыс командасы негізінен Қабул сыртындағы өлкелік жерлерде жұмыс істейді. Ауған және одақтастар әскерінен құралған құрылысшы солдаттар командасы Ауғанстанда көпір, жол, су қоймалары, мектептерді жөндейді. Бұл құрылысшы топтарға мол қаржы бөлу жөнінде ҚШ қорғаныс министрі Доналд Расфелд осы демалыс күні Қабулде болғанда мәлімдеді дейді Ауғанстан президенті Хамид Карзаи:

"Рамсфелд Вашингтоннан өте жақсы жаңалық әкелді. Ол жаңалық - Ауғанстанға жәрдемді жалғастыру туралы, молырақ жәрдем беру жөнінде. Бұның бәрі біз үшін аса маңызды."

Рамсфелдтің Қабулдегі мәлімдемесінен белгілі болғанындай ауған және одақтастар әскерінен құралған Өлкелік құрылысшылар командасы Ауғанстанда құрылыс жұмыстарын жүргізетін негізгі күш болмақ. Олар Ауғанстанның шалғай өлкелерінде құрылыс жұмыстарын жүргізе бермек. Бұл командаға шетелдік әскерлерге БҰҰ тарапынан берілетін арнаулы рұқсаттың қажеті жоқ. Олар тек Ауғанстандағы ҚШ бастаған одақтастар әскери басшылығына бағынады. Солай бола тұрса да бұл құрылыс командасы Ауғанстанның Хамид Карзаи бастаған үкіметінің билігін күшейтпек. Бұ жәйлі Доналд Рамсфелд Қабул әуежайынан ұшайын деп тұрғанда мәлімдеді:

"Біз Ауғанстан үкіметінің билігін жергілікті жерлерге тарататын кез –келген қадамға мүдделіміз. Өлкелік құрылысшылар командасы сондай қадамның бірі", - деді Рамсфелд.

Рамсфелд Ауғанстанның Гардез өлкесінде болғанда Өлкелік құрылысшылар командасымен кездескенін айтты.

"Біз Өлкелік құрылысшылар командасымен кездестік. Бұл қадам бұл ел халқы үшін игі іс. Бұл қадамды біз бұдан әрмен қолдай бермекпіз", - деді Рамсфелд.

"Бұл істеліп жатқан жұмыстар халық тұрмысын өзгертері анық."

Жексенбі күні кешкісін ҚШ президенті Джордж Буш өзінің ұлтқа арнаған сөзінде Конгресстен Ирақ пен Ауғанстанды қалыпқа келтіруге 87 миллиард доллар бөлуді сұрайтынын мәлімдеді.

Буштың Ауғанстанды қалыпқа келтіру жәйлі айтқаны Рамсфелдтің ойларымен тоқайласады:

"Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін біз оларға қаржылай жәрдем береміз. Электр қуаты, су, жаңа жолдар, мектептер, ауруханалар салуға жәрдем береміз".

Конгресстен Буш сұраған 87 миллирдтың 66 миллиарды Ирақ пен Ауғанстандағы әскерге кететін шығындар болмақ. "Вашингтон постың" жазуынша соның ішінде 11 миллиард Ауғанстандағы әскери операциялар шығынына жұмсалмақ.

Ирақтағы құрылысқа 20 миллиард жұмсалуға тиіс. Ал, Ауғанстандағы құрылыс жұмыстарына болса 800 миллион доллар жұмсалмақ. Ауғанстанға бөлінетін қаржы Ауған әскерін, полициясын дайындау, жаттықтыру жұмыстарын да қамтымақ. Ауғанстан бойынша ҚШ мемлекетік департментіндегі аға маман Уилиям Тейлордың айтуынша бұл бөлінгелі отырған қаржылар бұған дейінгі ҚШ-дың Ауғанстанға бөліп келген қаржысынан екі есе көп. Сондай-ақ, алдағы айда ҚШ сыртқы істер министрі Колин Пауел әлемнің көптеген елдерінің өкілдерімен кездесіп олардың Ауғанстанды қайта қалыпқа келтіру ісіне қосар үлесін талқылағалы отыр.
XS
SM
MD
LG