Accessibility links

Келесі жылдың бюджетінен ауылды дамытуға 15 млрд. теңге жұмсалмақ

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қыркүйектің 9-күні Бас министр Даниял Ахметовтің төрағалық етуімен Үкімет мүшелерінің кезекті отырысы өтті.

Онда қаралған бірінші мәселе 2004 жылға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасы Заңының жобасы. Келер жылғы бюджеттің жобасымен таныстырған Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетов жалпы ішкі өнімнің көлемі 4 триллион 877 млрд. теңге болатындығын, яғни өткен жылмен салыстырғанда 500 млрд. теңгеге артық екендігін айтты.

2004 жылы республикалық бюджетке түсетін түсімдердің болжамды көлемі 862,2 млрд.теңгені құрайды екен, бұл ағымдағы жылдың жоспарлы көрсеткіштерімен салыстырғанда 152 млрд. теңгеге көп. Экономика министрі келесі жылы бірінші қаңтардан бастап жұмыскерлер табыстарының салығы төмендейтіндігін ескертті. Оның ішінде қосымша құн салығы 16 пайыздан 15 пайызға дейін төмендесе, арнайы салық жүйесін қолдану саласы кеңеймек. Сонымен қатар республикалық бюджеттің шығыстары 955 млрд. теңге көлемінде болжанып отыр. Бұл ағымдағы жылдың жоспарлы көрсеткіштерімен салыстырғанда 162 млрд. теңгеге немесе 20 пайызға артық.

Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовтің айтуынша, Республиткалық бюджеттің негізгі шығыстары ауылдың дамуына, инвестициялық жобаларға, әлеуметтік блок пен субвенциялар және алуларға жұмсалады.

Ауыл аумақтарын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру шеңберінде ауылдық білім беруге, денсаулық сақтауға, ауылды сумен қамтамасыз ету обьектілеріне бөлінетін инвестицияларға 15 млрд. теңге жұмсау көзделген.

Ал Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес, жаңа мемлекеттік даму институттарын құруға және қолданыстағыларын нығайтуға шамамен 20 млрд. теңге бөліп отыр.

Мемлекет бюджетінен келесі жылы Астана қаласын дамытуға 50 млрд.қа жуық теңге бөліп отыр екен. Қайрат Келімбетовтің айтуынша, бұл өткен жылмен салыстырғанда қаржыландыру 36 пайызға өскен.

Әлеуметтік блок оның ішінде ортақ зейнетақылар төлемдерінің көлемі 170,5 млрд. теңгені құрап отыр. Ал мемлекеттік жәрдемақылар төлемдері 3 млдр.қа жуық теңгеге өскен.

Сонымен қатар оралмандардың тарихи отанына қоныс аударуына байланысты бюджет шығындары 6,2 млрд. теңгені құрайды.

Қайрат Келімбетов келесі жылы мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік қызметшілерге жатпайтын қызметкерлері жалақысының орташа есеппен 20 пайызға, ал мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері жалақысының орташа есеппен 50 пайызға өсетіндігін айтты. Үкімет отрысында келесі жылға арналған Бюджет кодексі мақұлданып, ол Парламенттің талқылауына жіберілетін болды.
XS
SM
MD
LG