Accessibility links

Баспасөз шолуы

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда Ташкентте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы Істер министрлері кеңесінің кезектен тыс отырысы болып өткендігі және тағы да басқа саяси, рухани, әлеуметтік мәселелерге арналған мақалалар жарық көрген.

Қырғыстан мемлекеті Ыстық көлдің маңайындағы Қазақстанға тиесілі бес демалыс орнын қайтарып алуы мүмкін. Бұл туралы “Новости недели” апталығының 10 қыркүйек күнгі санында Айнұр Мазабаеваның проблемалық мақаласы жарық көрді. Мақала авторының айтуынша, Қырғыстан мемлекеті 1992 жылғы қабылданған Бішкек келісімін мойындаудан бас тартыпты.

Аталмыш келісім бойынша Ыстық көл маңайындағы қазақстандықтардың күшімен салынған обьектілердің бәрі де Қазақстан мемлекетінің меншігі болып саналуға тиіс еді. Алайда Қырғыстан үкіметі бұл келісімдегі шарттардың олардың мемлекетіне қатысы жоқтығын айтып мәлімдеме жасады. Бүгінгі таңда Ыстық-көл маңайындағы киікілжіңді шешу үшін Қазақстан үкіметінің комиссиясы жұмыс жасап жатыр.

Газеттің жетінші бетінде орын алған Нұрлан Махмудовтың мақаласында сайлау тақырыбы сөз болған. Мақала авторы 20 қыркүйектегі сайлаудың әділ өтетіндігіне күмән келтіріп, сайлау өткеннен кейін сотқа шағымданатындардың көп болатындығын тілге тиек еткен.

“Азат” тәуелсіз апталығының 10 қыркүйек күнгі санында да сайлау тақырыбына көбірек орын берілген. Газеттің екінші бетінде сайлау барысында жөн-жосықсыз әрекеттерді басынан кешкен Бекен Теміровпен сұхбат жүргізілген. Оқиғаның мән-жайысымен таныстыратын болсақ, Бекен Теміров Семей қалалық мәслихатына кандидат болып тіркеліп, 26 шілде күні №22 сайлау округінен куәлігін алады.

Алайда тамыздың алтысы күні қалалық сайлау комиссиясы шақырып алып, кандидатурасының кері шақырып алынғандығы туралы қолына комиссияның шешімін береді. Бұл шешімде Өскемен қалалық сотының шешімімен Бекен Теміровке төменгі жалақының 10 айлық есептік көрсеткіші көлемінде 8720 теңге әкімшілік айыппұл кесілген көрінеді. Осы оқиғадан кейін Бекен Теміров Өскемен қаласына барып, болмағанды болды деп көрсетіп отырған заң қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне куә болады.

“Айғақ” газетінде жарық көрген Марат Маманбаевтың мақаласында Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс өңіріне қарасты “Қара жантақ” деген жерден депутат болған Пернебек Райымбеков деген азаматтың, өзі сайланған аймаққа ат ізін де салмағандығы баяндалған. Әуелгіде оншақты ғана отбасы болған осынау елдімекенде бүгінгі күні сексенге тарта отбасы әупіріммен әрең күнін көріп жатыр. Мақала авторының айтуынша, осы ауылдың адамдары ауыз суды кәдімгі арықтан, арық болғанда да кәдімгі бау-бақшаны суаратын арықтан алып ішіп, ит тіршілік кешіп жатқан көрінеді.

“Известия-Қазақстан” қосымшасының 10 қыркүйек күнгі саны әскери тақырыпқа арналған. Қосымшаның осы санындағы Әлім Саттаровтың мақаласында өткен аптада Ресейдің Астрахань облысындағы “Ашулақ” полигонында, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің “Әскери ықпалдастық” атты Әуені қорғау күштерінің бірігіп өткізген ойындарының аяқталғандығы туралы хабарланған. Осы әскери ойынға бақылаушы ретінде Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев та қатысыпты.

“Егемен Қазақстан” газетінің 10 қыркүйек күнгі санындағы Гүлмира Сұлтанәлидің мақаласында үстіміздегі жылдың 4-5 қыркүйегінде Ташкентте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы Істер министрлері кеңесінің кезектен тыс отырысы болып өткендігі хабарланған. Ташкенттегі кездесуде Шанхай ынтмақтастығына мүше мемлекеттер дүниежүзілік қауымдастықтың жаһандық қауіпсіздік пен ортақ міндеттерді шешудегі бірлікті нығайту және қалпына келтіру қажеттілігіне назар аударылыпты. Ташкентте қабылданған Бірлескен комюникеде министрлер Ауғаныстан мен Иракты қалпына келтіруде халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін атап өтіпті.

“Казахстанская правда” газетінің 10 қыркүйек күнгі санында Аягөзде Дулат Бабатайұлының 200 жылдығының аталып өткендігі туралы Генадий Дорониннің мақаласы берілген.

“Заң” газетінің 10 қыркүйек күнгі санындағы Айнұр Серимованың мақаласындағы адвокаттардың проблемасы сөз болған. “Нарықтың қасқайған талабының барлық уақытта адамгершілік принциптеріне иіле бермейтіні бар. Демек, адвокатқа “Сен әлдікімді толыққанды қорғай алмадың” деп наз айту жарас қоймас” деген мақала авторы адвокаттың да айналып келгенде пенде екендіігін, болмашы тиын үшін көмек көрсеткеннен гөрі, күлшелі баланың бетінен сүюге асығатынына тоқталып өтеді.

“Экспресс К” газетінің алдыңғы сандарында Америка Құрама Штатында тұрып жатқан Әсел Әбдіғаппарова деген Қазақстан азаматшасының аса ауыр қылымыс жасағандығы туралы мақала жарық көрген болатын. Алайда бұл дерек те толық расталмай шықты. Бұл туралы “Экспресс К” газетінің 10 қыркүйек күнгі санындағы Наталья Байғожинаның мақаласында егжей-тегжейлі баяндалған.

“Аргументы и факты Казахстан” қосымшасының соңғы санында Алматы қаласының 150 жылдық мерейтойының аталып өтетіндігіне орай Аркадии Поздеевтің көлемді мақаласы берілген. Автор өз мақаласында Алматы қаласының тарихына егжей-тегжейлі тоқталып өткен.

“Жас қазақ” газетінің соңғы санында Қызылорда облысының әкімі Серікбай Нұрғисаевпен сұхбат жүргізілген.
XS
SM
MD
LG