Accessibility links

АҚШ-тың 2004-2005-жылдарға арналған білім беру бағдарламалары

  • Сәуле ОМАР

Қазақстанда АҚШ үкіметінің қаржыландыруымен 2004-2005-жылдарға арналған білім беру бағдарламалары бойынша ашық іріктеу байқауы басталды

АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі АҚШ үкіметінің қаржыландыруымен 2004-2005-жылдарда жүзеге асырылатын білім беру бағдарламалары бойынша ашық іріктеу байқауын бастады. Бұл туралы сәрсенбі күні осыған орай Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.

Қазақстандағы Американың халықаралық білім жөніндегі кеңесінің басшысы Захарий Томастың айтуынша, 2004-2005- жылдар аралығында барлығы 7 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Атап айтсақ, ғалымдарға арналған Фулбрайт бағдарламасы, ағылшын тілі және АҚШ жөніндегі елтану пәндері бойынша оқытушылар арасындағы Американ-Қазақстан байқауы, жас оқытушылардың кәсібін жетілдіру бағдарламасы, 1-3 курс студенттеріне арналған "Еркіндікті қолдау шарасы" атты бағдарлама, орта мектептердің жоғарғы сынып оқушыларына арналған "Еркіндікті қолдау шарасы, болашақ лидерлердің алмасу бағдарламасы", жоғары білім игергеннен кейін магистратурада оқуға арналған Эдмунд Маски атындағы бағдарлама, сондай-ақ, "Қазіргі заманғы мәселелер бойынша шәкіртақылар" атты бағдарламалар жүзеге асырылатын болады.

Аталған бағдарламалар дайындығы жоғары үміткерлерге АҚШ-тың орта мектептері, жоғары оқу орындары мен жоғары білім игергеннен кейінгі деңгейде білім жетілдіруге, сондай-ақ, АҚШ университеттерінің негізінде ғылыми зерттеулер жүргізуге, ағылшын тілін үйрету сапасын арттыруға, мамандардың білімін шыңдауға мүмкіндік бермек.

Байқау нәтижесінде Қазақстанның 130 азаматы білім беру бағдарламаларының шәкіртақысына ие болады.
XS
SM
MD
LG